Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы Талғат Жүнісовтің төрағалығымен облыстық Қоғамдық кеңестің ұйымдастыру мәселесін қараған кезекті отырысы өтті.
Шараны ашқан Талғат Тұрлыбекұлы бұл қоғамдық кеңестің жаңа құрамының төртінші отырысы екенін еске салды. Осы кезеңде айтарлықтай жұмыстар жүзеге асырылды. Азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерін қарау нәтижелері бойынша әртүрлі мемлекеттік органдарға ұсыныстар жіберілді, Қоғамдық кеңес мүшелері облыстық маңызы бар түрлі іс-шараларға қатысты. Тұрақты комиссиялардың төрағалары өңір үшін маңызды бірнеше әлеуметтік мәселелерді талқылап, шешімін қарастырды.
Отырыста салтанатты түрде Қоғамдық кеңес мүшелеріне куәліктері табыс етілді. Жуырда Талғат Тұрлыбекұлы Жүнісов Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы лауазымына сайланғандықтан, Қоғамдық кеңес төрағасы қызметінен босатылды. Сондықтан, отырысқа қатысушылар бұл орынға «Қоғамдық келісім» КММ директоры Ермек Нұғымановтың кандидатурасын ұсынды. Ермек Бекенұлының мемлекеттік қызметте де, қоғамдық жұмыста да үлкен тәжірибесі бар екендігі атап өтілді, ақмолалықтар оны іскерлік және адами қасиеттері, терең білімі, беделі үшін құрметтейді және бағалайды. Осы жағы ескеріліп, Ермек Бекенұлы Нұғыманов бірауыздан Ақмола облысы Қоғамдық кеңесінің жаңа төрағасы болып сайланды.
Сондай-ақ, Қоғамдық кеңес биылғы жылдың мамыр айында Аршалы ауданының әкімі болып тағайындалған бұрынғы Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы Мұрат Балпанды президиум құрамынан шығару мәселесін қарады. Оның орнына резервшілер қатарынан Қоғамдық кеңес құрамына мемлекеттік және қоғамдық жұмыста мол тәжірибесі бар Қабдуәли Құлышев сайланды.
Қоғамдық кеңестің жаңа төрағасы Е.Нұғыманов әріптестеріне қолдауы мен сенімі үшін алғысын білдіріп, жаңартылған құрам аймақ тұрғындары мен мемлекеттік органдар арасындағы «алтын көпірге» айналып, бүгінгі жемісті жұмысын жалғастыратынына сенім білдірді.
Ақмола облыстық мәслихатының баспасөз қызметі.