Ақмола облысында шомылу маусымына белсенді дайындық жалғасуда. Өңіріміздің құтқарушылары Қопа көлінің түбін тексерді. Барлығы 85 су қоймасы тексеріліп, оның қорытындысы бойынша 78 оң қорытынды шығарылды, – деп хабарлайды Ақмола облыстық төтенше жағдайлар қызметінің баспасөз қызметі.
– Бүгінгі таңда біз осы жағажайларда кезекшілікті жүзеге асыратын 120 қоғамдық құтқарушыны дайындадық. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың шомылу маусымында тоғыз жаңа ресми жағажайдың ашылуы және жұмыс істеуі жоспарлануда. Оның ішінде алты коммуналдық және үш жекеменшік. Коммуналдық жағажайлардың кезекшілігі Зеренді, Щучинск, Қопа және Бурабай көлдерінде жүзеге асырылады. Судағы барлық құрал-жабдықтар техникалық жағынан жарамды. Алайда, көп нәрсе азаматтардың өздеріне байланысты, – деді аталмыш департамент бастығының орынбасары Қайрат Қасым.
Қайғылы жағдайлардың алдын алу аясында департамент полиция департаменті және өңірлердің жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, 4573 рейд жүргізген. Соның нәтижелері бойынша 308 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Облыс акваторияларында азаматтардың демалуы үшін қауіпсіз инфрақұрылым мен жағдай жасау бойынша жұмыс жалғасуда және мұның бәрі департаменттің тұрақты бақылауында. Бұдан бөлек, облыстық төтенше жағдайлар департаменті суда жүзу ережелерін сақтау қажеттілігін қатаң еске салады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.