Егінді де өсіріп, киікті де сақтап…

Егіндікөл ауылында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекованың қатысуымен егістік алқапта киіктерден келер шығын мен зардап, олардан егісті қорғау жөнінде жиын болып өтті. Күрделі мәселені талқылаған жиынға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов төрағалық етті.

Егістік алқапқа дән сіңіріліп болып, оның бастапқы егілген түрлері көтеріле бастағанда бұл мәселенің көлденең қойылуы заңды. Шаруа қаншама қаражат шығарып, қысы-жазы еңбектеніп, енді көз қуантқан өскінді көре бастағанда оны киік таптап, немесе жұлып жеп төккен терді зая кетіріп жатса, оны көре тұра қалай ренжімесін? Шаруаға табыс, халыққа нан керек.

Екінші жағынан алаш баласы атын аңызға айналдырып, жүйріктігін жырға қосып, ән қылып айтқан киіктің мүлдем жойылып кету қаупі болғаны былтыр ғана. Табиғат жанашырлары жанұшырып ол тығырықтан шығар жол іздеп сабылып, табиғатпен тіршілігі біте қайнасқан қаймана қазақтың қабырғасы қайысқан. Алыстан жүйткіген көлік көрінсе жүйріктігін дәлелдеп, қатар жарыса шауып, сосын оның жолын кесіп өтетін асқақ аң, бір-бірінің жетім қалған лағын емізіп, ұлы дүрмекке ілестіре кететін киелі жануардың осы даланың бір қызығы болып жүре берсе ғой, дескен. Енді оны қалай қызыл қасап қып қырып, өрісінен бездіріп, қуғынға ұшыратарсың?

Атбасар, Астрахан, Егіндікөл аудандарының әкімдері, ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары, егін егуші жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер жетекшілері, қарапайым дихандар, сондай-ақ, табиғат жанашырлары, қоғам белсенділері жиынға келіп, өз пікірлерін ортаға салысты.

-Құйған қаржымыз, қылған қызметіміз, атқарған жұмыстарымыз- бәрі еш кеткелі тұр. Несиеге қаншама техника сатып аламыз. Өнікті егін орып, халық қажетіне жаратып, сол несиемізді өтеуіміз керек қой. Біз болсақ, егінімізді күтіп-баптаудың орнына таңертеңнен мотоцикльдерге мініп алып, бір-біріміздің ауданымызға қыр асырып, киік қуумен жүреміз. Олар бері қуады, біз ары қуамыз. Бізге осы мәсеенің шешімі керек- егістік алқапты киіктерден қорғаңыздар!

Дихандардың да, аудандар басшыларының да айтқаны осы.

Айтуларыңыз орынды. Біз аграрлық облыспыз. Астық өндіру- біздің басты міндетіміз. Халыққа, елге астық керек. Алайда, киік те еліміздің бір байлығы. Міне, осы мәселені шешу үшін, туындаған осы проблеманың анық-қанығына жетіп, көзбен көру үшін ортамызға Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова келіп отыр,- деген Ғалымжан Әбдіхалықов жиналысқа қатынасушылардың әрқайсының пікірлерін ашық айтуын сұрады. Әр тараптың ұсыныс-пікірлерін тыңдай келіп Әлия Шалабекова өз сөзін былай түйіндеді:

Мен сіздерді мұқият тыңдадым. Енді, осы жиыннан шыққаннан кейін егістік алқаптарға шығып, киіктер жүрген жерлерді барып көреміз. Әрине, бізге астық та, киік те керек. Біз киіктер өсімін, санын жоспарлап, жан-жақты саралаймыз. Сосын, жақын күндері нақты шешім шығаратын боламыз. Сөйтіп, бұл мәселені шешеміз.

Жиналыстың күн тәртібіндегі екінші мәселе Егіндікөл ауылы мен ауданындағы ауыз су мәселесі болды. Ауыл белсенділері ауыз судың тапшылығы, тиіп-қашып берілуінің салдарынан тұрғындардың көшіп кетуге мәжбүр болып жатқанын айтты. Мұнда су мамыр айының басынан бері үзіп-үзіп беріледі. 2 ауыл сусыз отыр. Тағы 4 ауылда су желісі де жоқ. Аудан орталығындағы 1967 жылы тартылған су желісінің тозығы жеткен.

Вице-министр аудан тұрғындарының бұл шағымын да тыңдап, тиісті шаралар қолдануға уәде берді. Жиналыстан соң Әлия Шалабекова  киік жайылған «Жұлдыз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барып, оған жүздеп, екі жүздеп жүйткіген киіктер көрсетілді.

Сөйтіп, Егіндікөлде өткен жиында егінді де өсіріп, киікті де сақтап қалудың жолы қарастырылатын болды.

                      Серік Сапарұлы, «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Айбек Данияров.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар