Шеберлер марапатқа ие болды

Облыс орталығындағы «Болашақ» сарайында Жеңіл өнеркәсіп қызметкерлері күніне орай салтанатты шара болып өтті. Онда бір топ сала қызметкерлері мен ардагерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Кәсіби мерекелерін 30 жылдан астам уақыт тойлап келе жатқан Жеңіл өнеркәсіп қызметкерлері, атап айтсақ, тоқымашылар, тігіншілер, дизайнерлер, жиһаз құрастырушылардың жұмысы біздің өмірімізді жақсартып, ыңғайлы да әдемі ете түсері сөзсіз.

Салтанатты рәсімде мерекелік шараның майталмандарын облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Александр Загребин құттықтады. Ол жеңіл өнеркәсіп әр елдегі ең маңызды салалардың бірі екенін атап өтті. Тәуелсіздіктің қалыптасу кезеңіндегі қиын-қыстау кезеңдерге қарамастан, ақмолалық қолөнершілер өз әлеуетін, даму болашағын сақтап қалған. Бүгінде облыста 1 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Ағымдағы жылдың 4 айында олар 3,5 миллиард теңгенің өнімін шығарған. Жанқиярлық еңбегі үшін облыс әкімінің Алғыс хатымен Нина Липатова, Михаил Оладко, Раиса Лащенова, Галина Фортуна және басқа да сала ардагерлері марапатталды.

Лидия Власенко 1956 жылы 16 жасынан  тігін фабрикасына жұмысқа орналасқан. Оның бар өмірі дерлік осы кәсіпорында өткен. Алғашында жемпірге түйме тігіп, кейін тігінші, бригадир болып, шаруашылықты жоспарлау бөлімінде еңбек етіп, директордың орынбасары қызметіне дейін жоғарылаған.

– 1950 жылдары тігін фабрикасы тың жерлерге қажеттінің барлығын қамтамасыз етті. Біздер сол кезде қалың күртешелер мен шалбарлар, көрпе, іш киімдер тіктік. Содан кейін ерлер жейделерін және балалардан ересектерге дейінгі киімдерді тігуге машықтандық. Көкшетаудағы тігін кәсіпорнында 1000-нан астам адам еңбек етсе, Степногорск және Новоукраинкада екі филиалы  жұмыс істеген, – деп еске алады сала ардагері.

Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек жеңіл өнеркәсіп саласының қызметкерлеріне жылы лебізін білдіріп, «Новопэк» ЖШС, «Быданова» ЖК, «Monterno.KZ», «Диас» тігін фабрикасының, басқа да кәсіпорындардың  30-ға жуық қызметкерлерін Алғыс хаттармен атап өтті. Өз кезегінде Елена Быданова мен Светлана Ехлакова әріптестерін облыстық жеңіл өнеркәсіп қауымдастығы атынан құттықтады.

Салтанатты шара сән көрсетілімімен аяқталды. Дефиледе модельдер мектебінің оқушылары Найла Сейдалина, Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің студенттері және Красноярдағы №3 агротехникалық колледжі мен жоғары техникалық колледжінің студенттері қаладағы кәсіпорын өнімдерінің үлгілерін көрсетті. Сондай-ақ, келушілер «Болашақ» сарайының фойесіне қойылған «Арман» трикотаж кәсіпорны, «Ақай» ательесі және басқа да жеке кәсіпкерлердің жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің көрмесін тамашалады. Оқытушылар Гүлжан Азанова мен Ольга Корчевная жоғары техникалық колледжінің 2-3 курс студенттері эко-сөмкелерді, сырт киім мен комбинезон үлгілерін, сәндік элементтерді, тіпті, жиһазды – жұмсақ пуф пен ыңғайлы дивандырды жасап, ұсынып отырған жұмыстарына тоқталды.

– Біздің түлектеріміздің 100 пайызы өз профилі бойынша жұмысқа орналасқан. Бүгінде түрлі кәсіпорын қызметкерлерінің арасында біздің колледжде білім алған қыздар да бар. Олардың кәсіптен түңілмей, өмірден өз жолдарын тапқаны қуантады, – деді Ольга Дмитриевна. Бұл пікірді ВТК тігін ісі бойынша өндірістік оқыту шебері Фариза Қадырбекова да растайды. Жуырда Чебоксары қаласында өткен кәсіби халықаралық байқауда ұстазы мен оның шәкірті Диана Ташаевамен бірге өз номинациялары бойынша бірінші орындарға ие болған. Таразда өткен «Aspara Fashion week» сән апталығында Диананың «Blue Air» топтамасы көрсетілген.

Әр кәсіпкердің жеңіл өнеркәсіпке деген өз жолы бар. Мәселен, «Быданова» кәсіпорны 2003 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Әкімші Марина Пичугинаның айтуынша, қолөнершілер комбинезон мен мектеп формасын тігумен айналысады. Бір жылдың ішінде киім көлемі 10 мыңға жеткен. Ал, үш баланың анасы Әсел Қаженова бала күтіміне арналған  демалыста отырып, дизайнерлік сөмке тігіп, жұмыстарын әлеуметтік желіде көрмеге қоя бастаған. Қазір оның бұйымдарына Қазақстан мен көршілес Ресейдің ғана емес, Грузия, Испания, АҚШ-тың сәнқой әйелдері де қызығушылық танытып, сатып ала бастаған.

Әрқайсымызға сұлулық сыйлайтын, өлкемізді елге, әлемге танытатын жауһар дүниелер осы ақмолалық шеберлердің қолдарынан шыққан.

– Біздің орнымызға келген жастар бұл мамандықты сүйіспеншілікпен қабылдаса екен. Бұл оңай емес. Қайсар да қайратты, соған қарамастан өте нәзік жанды әйелдердің өздерінің жеке сұлулығын ерекше атап өтпеске болмайды. Бұл жерде біз ғана оларды түсініп,   көмектесе аламыз, – деп ыстық ықыласын білдірді әйелдер киімінің дизайнері, «Шарм» ательесінің негізін қалаушы Людмила Хомутова.

Наталья ЯКОВЛЕВА,

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар