Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақмола облыстық ауруханасы бас дәрігері Нұрлан Жаров: «Диагностикалық емдеу сапасы артып, сауықтыру жақсарып келеді» - АРҚА АЖАРЫ

Ақмола облыстық ауруханасы бас дәрігері Нұрлан Жаров: «Диагностикалық емдеу сапасы артып, сауықтыру жақсарып келеді»

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында 1998 жылдан осы салада еңбек жолын хирург мамандығымен бастап, еселі еңбек етіп келе жатқан, Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты, Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Қайырұлы Жаровты әңгімеге тарттық. Төменде адам жанының жанашырлары болған ақ халатты абзал жандар туралы сұхбатты оқырмандар назарына ұсынамыз.

– Нұрлан Қайырұлы, сіз басқарып отырған көпбейінді облыстық ауруханасы өңіріміздегі медицина саласындағы ең үлкен ұжым. Осы ұжымның бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталсаңыз.

– Дұрыс айтасыз. Біздің ұжым өте үлкен. Бізде 1500-дей қызметкерлер жұмыс істейді. Оның ішінде 240 дәрігер болса, 650 орта және кіші медицина қызметкерлері мен қосымша қызметкерлер бар. 28 клиникалық мамандандырылған бөлімшелеріміз бар.

Олар, хирургия, травматология, ортопедия, тағы басқалары. Оған қоса, 20-дан астам пара клиникалық бөлімшелер, яғни, физиотерапия, эндоскопия, зертханалық бөлімдер болып кете береді. 2018 жылы біздің ұжымға қайта құрылу жұмыстары жүргізіліп, үлкен көпбейінді облыстық аурухана болып ұйымдастырылдық.

Ақмола облыстық аурухана, онкологиялық диспансер, перинаталдық орталық және тері венералогиялық диспансер қосылып, үлкен бір ұжымға айналдық. Міне, оғанда төрт жыл өтті. Осы аралықта көптеген өзгерістер болды, әлемді жайлаған қиын кезең коронавирус пандемиясын артқа тастап Қазақстан Президенті айтқан Жаңа Қазақстанға бет бұрып келеміз. Жалпы, КОВИД кезінде біздің ұжымымыз ең алдыңғы шепте болды. Алғаш 2020 жылы 5 наурызда басталған қауіпті індетпен алдыңғы қатарда тері венерологиялық диспансерінде провизорлық, инфекциялық госпиталь қалыптасты.

Оған қоса, өз күшімізбен біздегі жоғары медициналық колледжінің жатақханасында провизорлық госпиталь ұйымдастырдық. Бұл ғимараттар бұрын-соңды мұндай жағдайға бейімделмеген болатын. Соны орталықтандырылған оттегі жүйесімен, аппараттармен, жалпы бүкіл құрал-жабдықтармен қамтамасыз еттік. Сол жерде барлық коронавирусқа шалдыққан науқастар емделді. 2020-2021 жылдары екі жарым мыңнан астам науқас емделіп шықты. Бұл туберкулез диспансерін қоспағанда, өз ұжымымыз тұрғысында айтып отырмын.

Біздің ұжымның бір ерекшелігі барлық медициналық ұжымдар қауіпті індетке көшсе, біз басқа ілеспе аурулары бар травматология, онкология, жүрек аурулары, тағы басқа науқастарға көмек көрсеттік. Барлық медициналық мекемелер КОВИД режиміне көшкенде біз ғана өз жұмысымызды бірге жалғастыра бердік. Ұжым бұл тұрғыда өзін өте жақсы қырынан таныта білді. 2000-дай медицина қызметкерлері осы пандемияға кезінде жанқиярлықпен еңбек етті деп айта аламын.

– Сөзіңіз аузыңызда. Енді осы ұжымның материалдық техникалық жағдайын мәлім етсеңіз?

Қазіргі уақытта эпидемиологиялық жағдай тұрақтанды. Енді бұрынғы жұмысымызға көшіп, біртіндеп, қалыпты жағдайға түсіп келеміз. Материалдық-техникалық базамыз едәуір нығайды. 2020 жылы жаңа МРТ алдық. 2021 жылы жаңа онкологиялық поликлиника барлық құрал-жабдықтарымен іске қосылды.

Ашылуында Ел Президенті өзі қатысты. 2021 жылы жергілікті әкімшіліктің қолдауымен үлкен ангиограф құрылғысын алып, рентген-эндовоскулярлық хирургия бөлімшесіне орнаттық. Үкіметтің, жергілікті әкімшіліктің қолдауымен одан да басқа көптеген құрал-жабдықтарға қолжеткіздік.

Нақтырақ айтар болсам, өткен жылы біздің ауруханамызға 1 миллиард теңге шамасындағы медициналық құрал-жабдықтар алынды. Мұның бәрі диагностикамен емдеудің сапасын арттырады. Нәтижесінде біздің науқастардың емдеу сапасын жоғарылатады. Міне, осының нәтижесінде қазіргі уақытта науқастарға жоғары технологиялық медициналық, яғни, жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетіп жатырмыз.

– Ауруханада күрделі оталардың жасалып жатқанынан да хабардармыз. Заманауи, озық технологияны енгізу тұрғысында не айтасыз?

– Орынды сұрақ. Кардиохирургияда күрделі оталар, нейрохирургияда, травматология-ортопедия, онкологияда, акушерство-гинекологияда бұрын-соңды біздің облысымызда, біздің ауруханада жасалмаған оталар жасалып жатыр. Осы бағытта жыл сайын шеберлік сыныптарын өткіземіз.

Озық технологияны енгізу тұрғысында шеберлік сыныбына өзімізге шетелден мамандарды шақырып, тәжірибе алмасудамыз. Сондай-ақ, жергілікті орталықтардан алдыңғы қатарда жүрген мамандарды шақырып, солардың технологияларын осында енгіземіз. Өзіміз де тәжірибе алмасу арқылы үйренгенімізді тәжірибеде сәтті қолдануға жұмыстанамыз.

Мысалы, мына кардиохирургияда өткен жылы литвалық кардиохирург, профессор Алгимантис Будрикис келіп, оншақты күрделі оталар жасап кетті. Оның ішінде жүректің ақауына арналған оталар, қолқаға (аорта) арналған оталар, клапан аппараттарына реконструктивті оталар және ортопедияда буын алмастыру оталары, жамбас-сүйек буындарын протездеу, нейрохирургияда оталар жасалды. Жоғарыда аталған жаңадан алынған ангиограф біздің емдеу деңгейіміздің сапасын жоғарылатады.

Бұрыннан біздің жергілікті тұрғындар мысалы, медициналық көмек алу үшін Нұр-Сұлтанға немесе басқа орталықтарға баратын. Қазір ем іздеп басқа жерге бармайтындай мүмкіншілікке қолжеткіздік. Енді алысқа бармай-ақ, өзіміздің қолымыздан келетін мүмкіншіліктерді пайдаланатын боламыз. Жалпы, осы тұрғыда жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерлерімізді мақтанышпен атасақ та болады.

Кардиохирургияда Нұрлан Мінайдаров, ортопедияда Владимир Цой, неорохирургияда Талғат Бекенов, кардиологияда Райхан Әбжанова, неврологияда Макшарип Мартазанов, осындай абыройлы қызмет істеп жатқан өз саласының көптеген майталмандарын мақтанышпен атауға болады. Терапияда Раушан Досанова, пульмонолог Наталья Солонина, перинаталдық орталықта акушер-гинеколог Айымгүл Маханова, Людмила Врублевская, Алмагүл Құрмашева, тағы басқалары. Онкологияда да білікті мамандар өте көп, мысалы, Мәрлен Атамбаев, Қали Доскей, зертханашы Ләззат Нығанова және басқаларын мақтанышпен атауға болады. Өйткені, біздің білікті мамандарымыз мұнымен тоқтамайды.

Бізде үздік медицина қызметкерлері бар. Республикалық байқауларға қатысып, «Ең үздік дәрігер», «Ең үздік медбике» аталымын алғандар да жеткілікті. Жуырда ғана медицина ұжымдары арасында өткен, 21 команданың ішінде облыстық спартакиададан жүлделі 1-орынды жеңіп алдық.

– Халыққа тегін медициналық көмек көрсету тұрғысында не айтар едіңіз?

Жалпы, қазір бізде медицинаның дамуында көп нәрселер жаңа технологиямен байланысты. Біздің басты мақсатымыз – медициналық көмектің қолжетімділігін және оның сапасын арттыру. Қолжетімділік дегенде біздің жергілікті тұрғындарға шығын шығарып, алыс қалаларға бармай, осы біздегі қолжетімділікті пайдалана білуі. Алыс аудандардан келген науқастар бар соларға тегін медициналық көмек көрсету. Мемлекеттік сақтандыру қоры жұмыс істейді. Бірақ, оған көптеген сұрақтар бар.

Науқастар медицинаға жүгінген сәтте, оларды ақылы қызмет көрсету орындарына жібереді. Біздің жергілікті және ауыл, аудан тұрғындарына тегін емделу үшін оның өз тәртібі бар. Олар медициналық мекемеде тіркеуде тұрып, жолдама алуы керек, порталға тұруы керек. Оған қоса, сақтандырылып, төлемдерін төлеуі тиіс. Сонда ғана олар тегін қолжетімді медициналық көмек ала алады.

Егер тіркеуде болмай, сақтандыру төлемдері төленбесе, жолдамасы болмаса, ондай жағдайда оларға тегін медициналық көмек көрсету өте қиынға соғады. Бірақ, соған қарамастан көмек көрсетуге тырысамыз. Тағы бір айтарым, Назарбаев даңғылындағы төрт қабатты ғимаратқа жергілікті бюджет тарапынан күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. 250 келушіге арналған жаңа онкологиялық емхана ашылды. Онда жаңа МРТ, КТ-сы бар. Барлық УЗИ, эндоскопия, зертханалық бөлімі жұмыс істейді.

Мұның бәрі республикалық бюджеттен бөлінген қаражатпен жүзеге асырылуда. Негізі онкология мәселесі өте күрделі. Қазіргі таңда онкологияға шалдыққан науқастар саны көбейіп отыр. Жалпы, біз осы онкологиялық аурулар бойынша респубикалық деңгейде Ақмола облысы бесінші орында.

– Кадр мәселесіндегі өзектіліктер және қызметкерлердің тұрғын үй мәселесі қалай шешілуде? Болашаққа деген жоспарларыңызбен де қысқаша бөліссеңіз?

– Әлбетте, жоспарларымыз көп. Ең алдымен, медицина базасын әлі де нығайтуымыз керек. Туындап жатқан мәселелер де жоқ емес. Кадр мәселесінде өзектілік бар. Мәселен, анестезиолог-реанимотологтар, акушер-гинекологтар тапшы. Осы тұрғыда жұмыстанып жатырмыз. Өткен жылы жергілікті әкімшіліктің қолдауымен біраз қызметкерлерімізге төрт 40 пәтерлі тұрғын үй бөлінді. Бұл барлығын қамтымаса да, қозғалыс бар. Сосын оқу бітіріп келген жас мамандарға берілетін көтермеақылар көбейіп жатыр. Өзіміз де қосымша қаражат бөлеміз. Айтар болсақ, жас мамандарға 1 миллион 500 мың теңге әкімшілік тарапынан, 1 миллион теңге өзіміздің мекемеден беріледі.

Сондай-ақ, егер пәтер болмаған жағдайда жатақханадан орын беруге тырысамыз. Егер отбасылы болса, онда пәтерді қарастырамыз. Енді қазір сондай бір қиын жағдайда қалған медицина қызметкерлері жоқ деп айтуға болады. Жыл сайын 5-7 жас маман келеді. Міне, биыл да күтіп отырмыз. Әрине, олармен көбірек жұмыс істеуге тура келеді. Өйткені, бізде акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог, патологоанатомдар жетіспеушілігі бар. Бұл біздің деңгейде ғана. Ал, аудандарды алсақ, кадр тапшылығы тіпті, басым.

Енді, мұндай мәселені де айтпасқа болмайды. Жалпы, ұжым қызметкерлері өте ұйымшыл, іскер, тәжірибелі, білікті мамандарымыз көп деп айтуға толық негіз бар. Ұзақ жыл осы салада еңбек еткен мамандарымыз жас мамандарға өз тәжірибелерімен бөлісіп отырады. Ол үшін арнайы үлкен конференциялар өткіземіз. Онда шеберлік сыныптары ұйымдастырылады. Мамандарды жоспарға сай, Нұр-Сұлтан қаласына, тағы басқа қалаларға білімдерін жетілдіру курстарына жіберіп отырамыз.

Жуырда бір онколог маманымыз Мәскеуге білімін жетілдіру курсына барып келді. Ташкентке болсын, басқа да шет елдердің конференцияларына шақыртулар алып, білімдерін жетілдіруге біздің мамандарымыз белсене қатысады. Сонымен қатар, Алматыдағы С.Ж.Асфендияров университетімен, Астана және Қарағанды медицина университеттерімен келісім-шарт бар. Өйткені, біздің базамыздағы интернатура, резидентура оларға сәйкес келеді. Сондықтан, олардың білім алушылары бізде өндірістік практикадан өтеді.

Тағы бір айтарым, пандемия кезінде ашылған 200 төсек-орындық модульдық бөлімшелерде біздің қызметкерлеріміз де қауіп-қатерге қарамастан еңбек етті. Бұл енді еліміз бойынша жүйелі түрде атқарылған ірі жұмыстардың бірі. Сол кезде де адам жанының арашашысы болудың оңай емес екендігі тағы бір анық байқалды.

Бүгінгі таңда Сарыарқа ауданында салынатын 630 төсек-орындық жаңа аурухана жобасының жүзеге асырылуынан үлкен үміт күтеміз. Бұл болашаққа, аса үлкен перспективамен жұмыс істеуге арналған жоба. Яғни, заманауи, керемет, аурухана болатыны сөзсіз. Бұл жоба үкіметте қарастырылуда, сараптамалар да өткізіліп жатыр. Қазіргі таңда бұл жоба айқын көрініс таба бастады, деп 100 пайыз айтуға болатын шығар. Мынау ескі ғимараттардың орнына жаңа заманауи аурухана салса, онда біздің ұжымға да, ақмолалық тұрғындар үшін де тиімді болары анық.

– Биылғы жыл Ел Президентінің бастамасымен «Балалар жылы» болып жарияланды. Осыған орай ана мен бала мәселесіне де тоқталсаңыз.

– Әрине. Орынды сұрақ. Биылғы «Балалар жылына» үкіметтен үлкен назар аударылып жатыр. Қазіргі таңда ана мен бала мәселесі өте өзекті мәселенің біріне айналуда. Неонаталды орталық, яғни, акушер-гинекология ауруханасында кіп-кішкентай 500 грамдық сәбилер жатыр. Оларды қашан өздеріне тиісті салмақтарына жеткенше біздің қызметкерлеріміз күтеді. Содан өсіп, адам болады.

Перинаталдық орталықта тәжірибелі ұжым жұмыс істеп жатыр. Балалар жылына орай үкіметтен де, жергілікті әкімшіліктен де көп көңіл бөлінуде. Облыстық ана мен бала жөніндегі орталықтағы орынбасарымыз Алма Құрмашева. Онда акушер-гинекологтар, неонатологтар, анестезиолог-реаниматолог қызмет етеді. Бізде бір жылда ғана 4500 жүкті әйелдер дүниеге сәби әкелді.

Жалпы, барлық аудандардан жүктілігі қауіпті әйелдер осы біздің перинаталдық орталыққа жолданады. Оның ішінде көп бала тапқан, басқа да ілеспе аурулары бар, бірнеше рет кесір тілігі жасалған әйелдер «қауіпті топ» ретінде тіркеледі. Біз негізінен облыс бойынша үшінші жоғары деңгейде болып саналамыз. Сондықтан, жүкті әйелдер қауіпті кезеңде болса, бізге келіп жеңілденеді. Ал, төртінші деңгейі Нұр-Сұлтан қаласында. Егер біздің шамамыз келмесе, онда астанадағы «Ана мен бала» орталығына жолдаймыз. Бұл, яғни, жүкті әйелдердің өздерінің қосалқы аурулары бар деген сөз.

Мысалы, қыз балалардың он, он екі жасынан қосалқы аурулары пайда болады. Мұның бәрі ата-ананың бала денсаулығына дер кезінде мән бермегенінен болып жатады. Содан келіп, жүктілік кезінде қан аздық, инфекциялық сияқты асқынуларға әкеліп соқтырады. Осыдан кейін өте төмен салмақтағы сәбилер туылады. Ал, қалыпты салмақ 3,600 болуы тиіс. Сондықтан, 1,5 келіден төмен болғанда, ол өте төмен салмақтағы сәбилер болып саналады да, қашан толық салмағына жеткенше кувиезде емделіп жатады. Олар біздің дәрігерлердің жіті бақылауында болады.

Біздің ауруханалар әр жерде орналасқан. Жалпы, 10-нан астам ғимарат бар. Мынау қазіргі аурухана орналасқан жер 500 мың шаршы метр алаңды алып жатыр. Бұл сонау 1960 жылдары салынған. Осылай қалыптасып кете берген. Кейбір ауруханаларымыз үш шақырым жерде орналасқан. Соның бәрін бір тәртіпсіздіктер болмасын деп осылай заманауи технологиямен бақылауда ұстаймыз.

Бұл қызметкерлердің жұмыстарына сенімсіздіктен емес, кейде науқастардың сұрақтары туындап жатады, яғни, медицина қызметкерлеріне дауыс көтеріп, шағымдарын айтып жатады. Кейбір адамдар шектен тыс агрессивті болады. Сондай сәтте оқиғаның қалай болғанын осы бейнебақылау арқылы айқын анықтап көруге болады. Жалпы, бізде медицина сапасын бақылайтын бөлім бар. Сондықтан, мекемеге антитеррор бойынша да және медицинаның сапасын бақылау бойынша да бейнебақылау орнатып, оны қолдануға тиіспіз. Міне, осы бағытта жұмыстанып жатырмыз. Бейнебақылаудың тиімді тұстары аз емес. Мәселен, біріншіден медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау. Қазір заманауи тұрғыда әр жерлерде бейнебақылаулар орналасқаны үйреншікті жағдайға айналған.

– Медицина қызметкерлерінің еңбекақы алу тәртібі қалай жүргізіледі? Жас мамандарға қандай қолдаулар көрсетіледі?

– Жалпы, еңбекақы уақытында жіберіліп тұрады. Мәселен, өткен жылы медицина қызметкерлері күніне, Тәуелсіздік күніне және жаңа жылға үш қосымша сыйақы берілді. Биылғы жылы да дәл сондай медицина қызметкерлері күніне бір айлық еңбекақы көлемінде сыйақы берілетін болады. Жалпы, биылғы қаңтар айынан Қазақстан Президентінің тапсырмасымен дәрігерлер жалақысы 30 пайызға, орта медициналық қызметкерлердің еңбекақысы 20 пайызға көбейді. Жалпы, бұл жыл сайын қосылып отырады десек болады.

Сөзімді қорыта келе айтарым, жалпы, Қазақстан Президентінің Жаңа Қазақстанды дамыту стратегиясын ұжым түгел қолдайтынын жеткізгім келеді. Ұжым қызметкерлері референдумға қатысуда да үлкен белсенділік танытты. Жаңа бастамаларға да жақсы көзқараспен қарап, болашақтан үлкен үміт күтеміз деген сенімдемін. Негізінен біздің ұжым қызметкерлерінің еңбекке деген ынтасы басым.

Бастысы – қызметте тұрақтылық бар. Әрине, қай жерде де кемшіліксіз болмайды. Әсіресе, науқастар тарапынан өтініштер болып жатады. Бірақ, ондай қиыншылықтарды ұжым болып, бірігіп шешеміз деген ойдамын. Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясын жүзеге асыру аясында медицинаға жүгінген сырқаттанушыларымыздың үніне құлақ асып, сенімдерінен шығуға бар күшімізді саламыз.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Медицина мамандары науқастарға жанашыр бола жүріп, өз денсаулықтарына мән бермей қалып жататыны да жасырын емес. Сондықтан, оларға алдыңғы шептегі батырларымыз ретінде мықты денсаулық, емделушілерінің ризашылықтарына бөлене берсін демекпін.

– Әңгімеңізге рахмет. Кәсіби мерекеңіз құтты болсын!

Сұхбаттасқан Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар