Мың өліп, мың тірілген қазақ халқының пешенесіне жазылған тағдыр тауқыметінің аз болмағаны баршаға аян. Әйтсе де, тарихи кезең өмірге өзінің адал перзенттерін әкеліп, сол адал ұлдар мен жерді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалды. Батыры халыққа қамал қорған болса, ақыны жалынды жырларымен елдің рухын көтеріп, жанына жігер құйды.
Қанжығылы қарт Бөгенбайдың қасында болып, бостандық үшін ақтық айқасқа шыққан халыққа отты жырларымен дем берген Үмбетей бабамыздың есімі дәл осы тұста ерекше аталып, аруағына құрмет көрсетілуі қажет-ақ.
Осындай ізгі ниетпен Үмбетей жырау хақындағы мақаланы оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.
Иә, халқымыз өз тарихында қилы-қилы заманды бастан өткерді. XVIII ғасырдың 20-30 жылдары «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» деген атпен ел есінде мәңгілік қалды. Жоңғар басқыншылығынан елді азат ету жолында күреске шыққан халықты жалынды жырларымен жігерлендірген жыраулардың бірі – Үмбетей Тілеуұлы болды. Оның жырлары, толғаулары мен дастандары жортулы үстінде, басқыншылармен қанды қақтығыс кезінде туған, елдік пенерлікті асқақтата жыр еткен туындылар. Қанжығалы қарт Бөгенбайдың қасында жүріп, халықты ерлік істерге шақырған жыраудың аузынан шыққан жалынды жырлар күрескер халықтың ұранына айналып отырған. От ауызды, орақ тілді жырау өз жырларында ел қорғаған батырларды мадақтап, солардан өнеге алуды дәріптейді, халықты отаншылдыққа баулиды.
Жыраудың өмірбаяны жайындағы деректерге сүйенсек, Үмбетей Тілеулы 1697 жылдар шамасында осы еліміздің Ерейментау өңірінде дүниеге келген. Әкесі – Тілеуұлы қаһармандық жырларды, көне аңыздарды, шешендік сөздер мен қиссаларды жақсы білетін шежіре, сонымен қатар халықтың музыка өнерінен көп хабары бар шебер қобызшы, ел ішінде абыз атанған адам екен. Үмбетейдің өмірдегі, өнердегі мектебі – өз әкесі, дәріс алған ұстаздары сол кездегі әкесі тәрізді көнекөз қарттар. Ақындық қабілеті ерте байқалған Үмбетей ауыл арасында ғана емес, жалпы жұртқа да өзіндік ерекшелігімен өте тез танылады. Жоңғар шапқыншылығы кезінде ат жалын тартып мініп, найзасы мен жалынды жырларын жауына қатар сермеген Үмбетей жырау халқының құрметіне бөленеді. Сыртқы жаулармен күресте аты шыққан батырларды мадақтау оның өзекті тақырыбына айналады.
Үмбетей (1697-1786) – Бұхар жыраудың әрі замандасы, әрі тілектес-ниеттес ең жақын досы болған адам, XVIII ғасырдағы ең атақты, ірі жыраулардың бірі. Ол өзі көрген, басынан кешкен тарихи оқиғаларды жеріне жеткізе шыншылдықпен жырлайды. Оның бұл қасиетін Бөгенбай батырды жоқтауынан және оның дүниеден өткенін Абылайға естіртуінен айқын аңғарамыз. Үмбетейдің жыраулық, ақындық өнерінің ерекше қасиеттерін Шәкәрім Құдайбердіұлы шеберлікпен суреттейді. Қарабұжыр қанжығалы Үмбетей жырауды Мағжан Жұмабаев та ерекше мадақтап:
Әрі ақын, әрі батыр Қарабұжыр,
Айтайын өрлеп барып аспанға сыр, – дейді өзінің «Батыр Баян» дастанында. Осындағы Қарабұжыр – Үмбетей жыраудың лақап аты.
Жырау өз замандасы Бұхар Қалқаманұлына арнаған толғауында:
Өткіздің тоғыз ханды толғауменен,
Шештің талай түйінді болжаумен.
Іс болса қиын-қыстау сен сөйлеттің,
Қылыш қып қызыл тілді қорғауменен.
Сұрағанмен берместі,
Жылағанмен келместі,
Айттым сәлем еліңнен,
Сарыарқадай жеріңнен,
Жатсаң да шірімейтін,
Асыл тасым, – дейді тебіреніп.
Үмбетей жырау «өткіздің тоғыз ханды толғауменен» десе, бұл тарихи шындық. Бұхар Әз Тәукеден бастап, одан кейінгі қазақ хандары: Қайып, Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Күшік, Әбілхайыр, Барақ, Абылайдың ақылшысы, кемеңгер биі болған.
Шешендік сөздің салмағын білетін қас жырау қара қылды қақ жара отырып, қаһарлы қылыш ала алмаған қамалды қанатты сөзбен алуға болатындығын дәлелдейді. Сөйтіп, Қаз дауысты Қазыбектің ұлы Бекболат би мен Абылай ханды бір ауыз сөзбен тоқтатып, ел бірлігін сақтап қалады.
Қай уаққытта да Үмбетей жыраудың есімі қанжығалы қарт Бөгенбаймен қатар аталады. Арнау жырларымен аты шыққан Үмбетей жырларының дені толғау. Бөгенбай батырдың 1708 жылы 30 мың қолды бастап, қазақ елінің берекесін алып, құтын қашырған қазақ-орыстарды талқандап, Еділден әрі асырып тастағанын:
Балдырғаны білектей,
Бүлдіргені бүйректей.
Бөденесі үйректей,
Шортаны тайдай тулаған.
Қоралы қойдай шулаған,
Ұзыны шексіз, ені алыс
Еділден өттің Бөгенбай, – деп жырлайды.
Қарақұм құрылтайында қазақ жүздерінің күш біріктіруі арқасында Бөгенбай бастаған халық жасағының 1711 жылы жоңғарлармен соғыста үлкен жеңіске жетуі де Үмбетей жырларына арқау болады. Бұдан кейін жоңғарлар 1723 жылға дейін бас көтере қоймады. Есін жиып алған соң, араға он үш жыл салып, бейқам жатқан қазақ еліне тұтқиылдан шабуыл жасайды. Орта жүздің Торғай, Есіл, Тобыл өзендерін бойлай Қаратау бекеттерінен жайлауға көшкен сәтін пайдаланып, найман, керей, үйсін, шапырашты руларының жерлерін басып алып, осында қалған жұртты бостырып жібереді. Оның үстіне Кіші жүзге, Еділ бойына Аюке хан бастаған қалмақтар шабуыл жасайды. Бірден екі жақты қыспаққа түсіп, барар жер, басар тауы қалмаған ел «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» ұшырайды. «Орманнанкөп орта жүзден»Бөгенбай жасақ жиып, Бұланты мен Бөлеңті өзендерінің жағасында жауды ойсырата жеңеді. Бұл жер кейіннен «Қалмақ қырған» деп аталады. Осы соғыс жорықтарына Үмбетей жырау бастан-аяқ қатысып, батырлардың ерлігін жырларына арқау етеді. Жоңғарлар 1733 жылы Уса-Серен бастаған қалың қолды қазақ жеріне аттандырады. Олар Қара Ертіс арқылы Зайсанға келіп, одан Аягөз, Қарқаралы, Баянауыл тауларын бойлап, Ерейментауға жетеді. Орта жүз қолы Мұзбел тауына жиналады. Екі жақ Өлеңті өзені мен Кәрітау аралығындағы жалпақ аңғарда кездеседі. Шығыс дәстүрі бойынша жекпе-жек басталып, екі рет қалмақ батырларының күші асып, қазақтардың сағы сынады. Осы сәтте Аңырақай соғысынан бері Бөгенбайдың қасында болған Сабалақ жекпе-жекке шығып, Галдан Цереннің үлкен баласы Сары-Манжа (Шарыш) ажал құшады. Жауға «Абылайлап» ат қойған Сабалақ өзінің шын аты Әбілмансұр (Абылай) екенін мойындайды.
Жиырмаға жасың толғанда,
Қалмақпен соғыс болғанда.
Алғашқы бақты тапқанда,
Шарыштың басын қаққанда.
Қанжығаңа бас байлап,
Жау қашты деп айқайлап
Абылайлап шапқанда,
Ұмыттың ба соны, Абылай, – деп жырлайды осы тұста Үмбетей.
Жорықтан жеңіспен оралған жауынгерлерді Орта жүз елі қуанышпен қарсы алады. Баянауылдағы Сабындыкөл басында отырған Қанжығалы ауылының иелері Абыз бен Шомақ 90 ту бие сойып, Жеңіс тойын өткізді. Тойға жиналған жұрт Әбілмансұрды атасының атымен Абылай деп атауға, ал келесі 1734 барыс жылы хан көтеруге сөз байласып тарасады.
Абылай хан тапсырмасымен Бөгенбай батырдың жанында болған Үмбетей жырау 1761 жылы Абылайдың Әділ деген баласына еріп Қытаймен келісім жасауға барады. Сөйтіп, Қазақ елімен Қытай арасында бейбітшілікті нығайтуға үлес қосады.
Үмбетейдің Бөгенбайға арнаған екі ұзақ жыры бар. Оның бірі –Бөгенбайды жоқтау да, екіншісі – Бөгенбай өлімін Абылай ханға естіртуі.
Бөгенбай жоңғарларға қарсы күрестің бас қаһарманы, әулетті батыр, атақты қолбасшы. Ел үшін жасаған еңбегі үшін халық жүрегінен орын алған адал ұлдардың бірі. Міне, осы өзі әкесі «Алатаудай Ақша батырдан асып туған» Бөгенбай бейнесін Үмбетей жырау өз жырларында шеберлікпен сомдай білген.
Баянаула, қызыл тау,
Абыралы, Шыңғыс тау.
Қозы-Маңырақ, Қой-Маңырақ,
Арасы толған көп қалмақ.
Қалмақты қуып қашырдың,
Қара Ертістен өткізіп,
Алтай тауға асырдың, – дейді батыр ерлігін дәріптеп.
Бөгенбай батырдың қазасын естіртуінен де оның жұрттан асқан шеберлігін байқаймыз. Бұрын қазаны естіртудің өзі өнер болғаны мәлім. Әдетте, естіртуші қайғылы хабарды бірден тоқ еткізіп айтып салмай, айтар ойын алыстан орағытып бастайды. Алдымен, тұспалдап сөйлеп, қара жамылуға тиіс адамды ауыр хабарға дайындап алады.
Үмбетей де ескі салтты бұзбайды. Жырау алдымен, Абылайдың өз басынан, халық басынан өткен ауыр күндердің жайын толғайды. Бұдан соң жырау дүниенің аумалы-төкпелі екенін, қазасыз пенде жоқ екенін еске салады. Әйтсе де, өлімнің артынан тағы да қуаныш болатынын, бір батыр өлсе, оның орнына тағы бір батыр туатындығын айтады. Сөйтіп, Үмбетей өзінің қаралы хабаршы екендігін, атақты батырлардың бірі дүниеден көшкенін естірту үшін келгендігін жеткізеді.
…Жасыңда болған сырласың,
Үлкенде болса құрдасың.
Сексеннен аса бергенде,
Қайырылмас қаза келгенде.
Батырың өтті Бөгенбай! – дейді
XVIII ғасырдағы қазақ ауыз әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі- Үмбетей жыраудың бізге жеткен қиссаларының көрнектісі – «Жантай батыр».
Бапан би Тұраналыұлы бірде Ерейменнің көрікті жері Күншалған баурайында отырған Үмбетей жырауға сәлем бере барады.
– Уа, ата, ұзақ жасап көпті көрдіңіз. Менің ұлы атам қарт Бөгенбай батырдың серігі, Абылай ханның жырауы болған екенсіз. Сарыарқаны жат жұрттан қашан тазартып, Ерейменге елді қалай қондырғандарыңызды айтыңызшы, – дейді. Сонда Үмбетей жырау домбырасының құлақ күйін келтіре отырып, сұрағына жауап ретінде Жантай батырдың ерліктерін баяндайды.
Жарқабақ, кең жауырын, түлкі құсақ,
Көзі отты, кеудесі өр, бойы сұңғақ.
Білектей дойырын бір тастамайды,
Дұшпанның мысын басар осымен-ақ.
Қасқырдың қызыл жонды арланындай.
Бұл – Ниязұлы батыр Жантай, – дейді Үмбетей оған нақтылы сипаттама беріп.
Жантай бастаған қол қалмақтарды Балқаш көлінің күнбатыс жағалауына қуып жетеді. Кескілескен ауыр соғыс үш күнге созылады. Қанды қырғын соғыста Жантай батыр қаза табады. 1771 жылы болған бұл соғыс тарихта «Шаңды жорық» деген атпен енеді. Уақтан шыққан атақты батырлар Сары мен Баян да осы соғыста қаза табады. Сөйтіп, Үмбетей жырау елі үшін жанын пида еткен Жантай батырдың атын қазақ тарихына мәңгі қалдырады. Аталмыш қиссада ол Досай, Атан, Үйсімбайларды да жырға қосады.
Атақты «Елім-ай» өлеңінің авторы Қожаберген жыраудың жыл асында, яғни, 1764 жылы (Мешін) Керей жайлауында Үмбетей жырау көлемді толғау жыр жазады. Негізінде ол өз толғауларында халықты адамгершілікке, ізгілікке, пенде баласынақиянат жасамауға шақырады.
Ұл он беске келгенше,
Қолға ұстаған қобызың.
Ұл он бестен асқан соң,
Тіл алмаса доңызың, – деп бала тәрбиесіне де көңіл бөледі. Халқымыздың меймандостық салтын да жырға қосады.
Кісіні көрсең есікке,
Жүгіре шық, кешікпе.
Қарсы алмасаң мейманды,
Кесір болар несіпке, – деп толғанады. Отбасының тәрбиесіне де көбірек қөңіл бөліп, Қаршадай ұлыңды қасиеттілікке баулы, үлгілі ортадан қыз әпер, өнегелі әулеттен жар таңда, – дейді салиқалы ой айтып.
Жыраудың өлең-жырларын шөбересі Бопы Кенжеғараұлы, Атқыбай Байкенжеұлы, көзіміз көрген шөпшегі Имақан Атқыбайұлы, Аманжол Әлжанұлы сынды ақындар ауызба-ауыз айтып осы заманға жеткізген, қағазға түсіріп, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтына тапсырған. «Алдаспан», «Бес ғасыр жырлайды» жинақтарында жыраудың белгілі ғалымдар Ғалымжан Мұқатов пен Әлкей Марғұлан жинастырған өлеңдері берілген.
Үмбетей жыраудың ұрпақтары Ерейментау ауданының Күншалған әкімшілігіне қарасты Шәкей ауылында тұрады. Имақан Атқыбайұлынан жазып алған шежіреге сүйенсек, Үмбетей Тілеуұлынан төрт ұл туады. Жырау Қанжығалы ішінде Жолымбет руынан. Ұлдары: Әтебек, Батырбек, Белденжана, Боқан.
Белденжанасынан – Бұйра туады. Бұйрадан – Жүзбай, Жүзбайдан – Кәрісмағұл, Кәрісмағұлдан – Атай, Атайдан – Жеңіс, Мэлс, Қуат туады. Мэлстен – Ерсайын туады. Көп болып қолға алсақ, бітпейтін іс жоқ. Асылдарымыздың атақ-даңқын аспанға көтеріп, ардақтайық. Бұдан еліміздің де мәртебесі асқақтай түсетіні анық.
ЖЕҢІС БӨДЕШЕВ,
Үмбетей жыраудың ұрпағы,
Ерейментау ауданының құрметті азаматы.