Адамның асылы еді

Қасиетті де киелі Қорғалжынның бай да көне тарихының әр жарқын беттерінде жақсы да жайсаң  адамдарының ғұмырлары сайрап жатыр. Әр адамы бір-бір тарих!  Осы Қорғалжын ауданының  бір ғана Арықты ауылдық округі талай асыл, абзал жандар өсіп өнген қасиетті жер. Бұл өңірдің бар байлығы адамдар дегеніміз жөн болар.

Солардың қатарында, өмірдің көп уақытын ауылына арнаған, еңбек етіп, өзіме ерекше, қабағы жарқын-ақ, бауыр досым, қамқоршымыз ағам – Майдан Хамидоллаұлы Тілеуленов! Осы бір ардақты ағам 1942 жылы туған еді. Ол ерекше тұлға жеті ағайындардың ең үлкені. Соғыс уақытында туған ағамның аты да тегін емес. Хамидолла әкеміз соғыста жүргенде, анамызға хат жазып, ұлына Майдан деген ат қоюға ұсыныс береді. Әрине, анамыз бұлжытпай алдында өзі қойған атын Майданға ауыстырады.

Қиын кездер мықты адамдарды шығарады. Мықты адамдар жақсы уақытты жасайды. Осы сөз тура ағам туралы айтылғандай. Өмірлік жолында жақсылық та, қиындықта болды. Барлығын көтере білген, бәрімізді түсіне білген, әрқашан қол ұшын созып отбасымыздың басы да, заңы да ағам болған. Жора-жолдастардың арасында орны ерекше, жүрегі жылы әке, ата болған ерекше тұлға болған жан ағам, ортамыздан кеткеніне бір жыл болды. Бір жыл, өзімізге қиын бір ғасыр өткендей болды. Алпыстан ассам да әрқашан еркелетіп, сөзімді,өзімді көтеретін ағамның қасымызда болмағаны,Ақ сақал жарасса – шал көрікті, сүйікті болса – ағайын көрікті, Үлкен шаңырақтың жанында отау көрікті – деп, шаңырағымыздың шаттығы түспейтіндей болып әулетіміздің бір қабырғасы қайысты.

Ағам 1974 жылы Петропавл педагогикалық институтын бітіріп, тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі болып ұстаздық жолын бастаған-ды.1963 жылы Қорғалжын ауданындағы «Арықты» кеңшарында тракторшы, 1969 жылы Арықты орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болды. Осы тұста ұстаздық, спорттық, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жастардың жанашыры болған, жан-жақты маман ретіңде, көптеген Алғыс хаттардың иесі болып, бәрімізге үлгі болған ерекше тұлға еді. Тіпті, әскерде жүргенде, әр уақытта алдыңғы қатарда болатын. Әскерден келгені әлі есімде. Мені мойңына мінгізіп алып, сағынышпен бар ағалық қамқорлығын көрсеткен жан ағам еді.

1984-1991 жылдары партия-кеңес жұмысында, атқару комитетінің төрағасы болып сайланып елге қызметін істеді. Бұл тұста газет бетіңде, радиодан сөйлеп ауылдың, ауданның мәселелерін шешуге ат салысып, партияның алдыңғы қатарында адал қызметімен ерекшеленетін.1997 жылдың мамыр айынан бастап 2000 жылға дейін Қорғалжын ауданы Арықты ауылдық округінің әкімі болып еңбекетті. Бұл жылдар елімізде ең қиын уақыт болғаны бәріміздің есімізде.Су, жылу, жарық, көмір, ұн, жалақы, жұмысқа тапшы болған халқымен бірге болған Майдан ағамбұл қызметті де абыроймен атқарып, күні-түні қызметте болатын.

Өмір жолында, серігі, жұбайы төрт ұл сыйлаған Раушан жеңгеміздің орны ерекше. Бар бастамаларын қолдап-қоштап, ағайындылардың басын қосып, әулеттің ұйтқысы болған асыл ана, адал жар болғаны сөзсіз! Ауырған кезде шырылдап, ағам бар махаббатын төгіп, жеңгеміз кеткеннен кейін көп уақыт орын таба алмай сауығып қалған еді. Төрт ұл, немере, ағайын, жолдас қайғысын тарқатуға тырыстық. Махаббаттың үлгісі осы ағам мен жеңгем болған. Топырақтары торқа, жандары жәннатта болсын.

Жалғыздық тек Аллаға ғана жарасады дейді қазақта. Ағамның қасында Мұхтарима жеңгем табылып, ол да өзінің төрт баласы, немерелері қара шаңырағымызды қайта жандандырып, бақытқа толтырды. Бұл тұста ағам шүкір 8 ұл- қызды болып, немере, шөбереге байыды. Балажан, жүрегі ашық,таза, абзал ағама бұдан асқан байлықтан еш нәрсе керек емес-тің.

Кенже ұлы Елбек: «Балалық шағымда әкеміздің бізге деген тәрбиесі әрине, өзінің үлгісімен есімде. Әкеміздің қолынан М.Әуезовтың «Абай жолы» романы, І.Есенберлиннің «Көшпенділері», Х.Есенжановтың «Ақ Жайық» трилогиясы, тағы да өзге  тарихи құнды шығармалар түспейтін. Төрде кітаптың түр-түрі болған! Әсіресе, тарихшы болғандықтан. Әңгіме, өмірлік мысалдың барлығы, өмірдің тауқыметін басынан өткізген ол мақалдап сөйлеп, оқыған кітаптарын өмірмен байланыстыра айтып отыратын.

Жыл сайын басылымдарға жазылатын. «Пионер» (қазіргі «Ақ жел-кен»), «Балдырған», «Білім және еңбек» (кейін «Зерде» атанды) журналдары, «Қазақ әдебиеті», «Жас алаш» (бұрынғы «Лениншіл жас») газеттері, облыстық, республикалық таралымдарды құшақ-құшақ алып, қызыға оқитынбыз. Газет, журнал беттеріндегі жаңалық, мақала, шығармаларды үзбей оқып, өмірге керекті деректі үйренетінбіз.

Әлі есімде, біздің үйде түрлі техникаға толы болатын. Үш теледидар болатын. Көрсетпей қалса, бірінен соң бірін сатып алатын. Ол күндері қазіргідей шетелдік кинолар емес, қазақша фильмдер, айтыс, көкпар тәрізді ұлттық тәлім-тәрбиеге бай хабарларды тамашалаймыз. Рухани жандүниеңді шыңдар әке-шеше тәрбиесінен нәр алып өстік. Әкеміздің темірдей қатал тәрбиесін көріп, анамыздың мейірімге толы ыстық аялы алақанында қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай ержеттік. Күншуағы мен көлеңкесі қатар жүретін өмір белесінің алғашқы баспалдақтарын осылай аттағанбыз…

Жазда үйдің алдына шағын бақша салатынбыз. Қолмен суарып, арамшөбін жұлып, күту біздің мойнымызда. Малды өріске айдап, кешке түгендеп аламыз. Мал азығын дайындауға көмектесеміз. Шөп, жем жинау науқанында қызу жұмыс басталатын. Үй құстары тауық, үйрек, қаздың балапандарын көгалға жаямыз, уақытында жем шашып, тұратын сарайдың ішін әлсін-әлсін тазалаймыз. Осындай күнделікті үйдің күйбең тірлігіне қолғабыс беріп келгенде әкеміз «құлша жасап, бише ішіңдер» дейтін, анамыз болса, үстелге ұлттық құнарлы тағамдарды толтырып қоятын.

Әкеміз: «Күнкөріс қайда? Арыстанның аузында, Түрікменнің төрінде»,–деп тақпақтап жөнелетін. Ол өте сөзге шебер, әңгімешіл, ашық жарқын, қарапайым, болмысынан кісілігі, парасат-пайымы бөлек адам болатын. Еңбекшіл болуға үйрететін. «Бүгінгі жұмысты ешқашан ертеңге қалдырмаңдар»,– деп отырушы еді. «Бар үлгі тәрбие осы әкемнен көріп. Қазіргі таңғы жетістіктері сол кісінің арқасында. Маған деген әрқашан, нағыз азамат, беделді тұлға болып қалады.

Әке-шешеміз дүние-мүлікке қызықпаған, ар-ұятын сатпаған, ешкімге ғайбат сөз айтпаған жандар еді. Көз-қуаныштарына айналған балаларына дұрыс жол сілтеп, сарқылмас тәрбие беріп, ұядан ұшырды. Бар санлы ғұмырын бала болшағына арнаған әкемізді, анамызды сағынышпен еске аламыз. Биыл әкеміздің дүниеден өткеніне жылдық асын береміз. Қанша жыл өтсе де, әкем мен анам берген тәрбие есімізде мәңгі сақталады.

Айжан ЫСҚАҚОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар