Ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына

Кітап– рухани қазына, өмір азығы. Адам баласының қол жеткізген бағалы құндылықтарының бірі. Жазушы Ғабит Мүсірепов айтқандай:  «Кітап дегеніміз алдыңғы ұрпақтың келешек ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ ой ойлаудан да тыйылар едік».

Сол тәрізді адамзат баласы үшін кітап қаншалықты құнды болса, кітапхананыңда алатын орны ерекше. Нақты айтсақ, өскелең ұрпақтың рухани дамуына балалар кітапханасының пайдасы ұшан-теңіз. Дүниежүзі бойынша алғашқы балалар кітапханасы Лондон қаласында, Джон Ньюберидің ықпалымен, шамамен 1750 жылы ашылған.  Алайда, ол кітапхана емес, кітап дүкені болды. Нақты балалар кітапханасы АҚШ-та XIX ғасырдың 1803 жылы ашылған болатын.

«Өткен заман артта қалып, жаңа технологиялар кезеңінде кітап оқитын көзі қырағы оқырманның саны күн санап азайып келеді» деген пікір қаншалықты рас?»деген сұрақтар мазалайды. Осы жөнінде Көкшетау орталық қалалық балалар және жасөспірімдер үлгілі кітапханасының меңгерушісі Бақытжан Айдосованың пікірі қандай екен?

– Бақытжан Досымбекқызы, биылғы жылды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Балалар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Осыған байланысты балалар кітапханасында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

–ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «2021 жылды «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп жариялаған болатын. Биылғы жылды Мемлекет басшысы «Балалар жылы» деп жариялағаны мәлім. Осыған орай, Мәдениет және спорт министрлігінің былтырғы бастамасы – «Балалар әдебиеті жылы» биыл да жалғасын тауып отыр. Жартыжылдың көлемінде біздің ұжым балалардың шығармашылық әлеуетін көтеру мақсатында бірқатар шараларды атқарып үлгерді. Балалар жылына орай, ұлттық құндылықтарды жаңғырту, дәріптеу, ел руханиятын көтерген тұлғалардың тағылымды шығармашылығымен таныстыру және балаларға арналған әдебиеттерді насихаттау мақсатында «Кітап – сарқылмас байлық» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. «Адамды адам еткен кітап, адамзат ететін кітапхана» деп Ә.Кекілбаев айтқандай, қазіргі уақытта кітапхана қабырғасында өткен әр шараға қызығушылық айтарлықтай жоғары дәрежеде. Кітапханада өткен әрбір шара өскелең ұрпақтың кітап оқуға ынтасын арттыруға бағытталады. Басты мақсатымыз – оқырмандар санын көбейту, балалар әдебиеті жауһарларын кеңінен насихаттау. Қазіргі заманға сай оқырмандардың ойын ұшқырлайтын әдеби кеш, дөңгелек үстел, кездесу кеші, челлендж, интеллектуалдық ойындар, әдеби-қонақжайларға сынып болып бас сұғатын оқырмандар саны артып келеді. «Білсем, ізденсем» деген балаға кітапхана есігі әрқашан ашық.Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Кітапқа құштар мектеп болуы керек. Себебі, мектеп кітапханаларында әдеби кітаптардың саны шектеулі. Ондағы кітаптардың басым бөлігі оқулықтар болып келеді. Сондықтан мектеп пен кітапхананың арасындағы байланысты нығайту керек», – деп айтқаны да үлкен маңызға ие.

–Кітапхананың тұрақты оқырмандарынан бөлек қала мектептерімен қандай жұмыстар атқарылуда?

–Біз қала мектептерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргіземіз. Атқарып жатқан жұмысымыздың ауқымы кең, мазмұны терең. Соның бірі, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және «Балалар әдебиеті» жылына  арналған «Тарихы терең тәуелсіз ел» тақырыбындағы  оқыған кітап бойынша сурет байқауына Көкшетау қаласының 11 орта мектебінің 65 оқушысы қатысты. Балалар жалпыазаматтық құндылықтарға және кітап оқуға тартылды.Балаларды ұлттық әдеби шығармаларды оқуға ынталандыру мақсатында  «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында бастауыш сынып оқушыларына балалар жазушысы, ҚР мәдениет қайраткері Толымбек Әбдірайымның шығармашылығын насихаттап, «Балалар әдебиеті – ұлт болашағы» атты онлайн кездесу өткіздік. Балалар тақырыбына өнімді еңбек етіп жүрген қаламгермен кездесуден  жас оқырмандар үлкен әсер алды. Себебі кітапты оқыған бір бөлек те, автормен жолығып, пікір алмасу – бір бөлек. Оқылған кітап ұмытылуы мүмкін, ал,жарқын жүздесу есте қалары анық.«Болашаққа – кітаппен» тақырыбындағы кітаптар апталығы аясында «Кітап – сарқылмас қазына» тақырыбында Көкшетау – Алматы – Нұр-Сұлтан – Қарағанды қалалары арасында телекөпір ұйымдастырдық. Ондағы басты мақсат – шығармашылық интеллигенция өкілдерін, мемлекет және қоғам қайраткерлерін тарта отырып, балалар мен жасөспірімдердің кітап оқу белсенділігі мен мәдениетін арттыру болып табылды. Zoom платформасында ұйымдастырылған кездесуге белгілі ақын-жырау, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Әлімжанов, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын Ғалым Жайлыбай ағаларымыз қатысты. Әріптестік байланыста Алматы облысы Алакөл ауданының «Алакөл аудандық кітапханасы» КММ-нің директоры Гүлнар Сүйеубаева, Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының Б.Өтешов атындағы үлгілі балалар кітапханасының меңгерушісі Әйгерім Асылхан қолдау танытты. Балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру бағытында бізді үнемі қолдап жүретін жергілікті балалар жазушылары Серік Жетпісқалиев, Қайырбай Төреғожа ағаларымызбен де кездесулер өткіздік.

– Балалардың қызығушылығын оятып, кітап оқуға деген бесенділігін арттыру мақсатында қандай іс-шаралар өткізілуде?

– Әрине, қазіргі кезде техника мен интернет дамыған уақытта баланың кітапқа деген сұранысы бәсеңдегені рас. Дегенмен, ата-ана, мұғалімдер, кітапханашылар болып, жас оқырманға шығарманың мазмұнын әңгімелей отырып, оқиға барысымен таныстырып, қызықтырып кітап оқуға деген құлшыныстарын арттыруға болады. Сондай-ақ кітапханаға оқушылар тарту мақсатында бізде «Тілашар», «Муравейник» клубтары  жұмыс  жасайды. Кітапханамызға ата-анасымен бірге келіп, кітапты отбасымен оқитын  оқырмандарымыз да бар. Өйткені, бала кітапқа бет бұруы үшін ата-ана да қолына кітап алуы керек.Кітапханаға алғаш бас сұққан бүлдіршін түрлі-түсті ертегі кітаптарға қол созатыны анық. Алғашында ертегілерді оқыса, кейіннен кейбір бүлдіршіндер фантастикалық жанрға қызығады. Ал енді бірі көркем әдебиетті сүйіп оқиды. Бүгінде әдеби-көркем шығармалар көп сұранысқа ие. Бүгінде кітапханамызда балалардың осы сұранысын қанағаттандыратын 21730 дана кітап қоры бар. Өткен жылы кітап қоры  896 кітапқа толықты. Биыл осы уақытқа дейін 145 кітаппен толықты, оның 136-сы қазақ тілінде. Қазіргі келіп жатқан кітаптардың сапасы көңілге қонымды. Мұқабасы оқырманды өзіне тартып тұратындай әдемі, ашып оқуға да ыңғайлы. Баланың ой-қиялын ұштайтын фэнтези шығармалар, адамгершілік болмысын қалыптастыратын жаңаша тәлім-тағылымдық, шытырман оқиғалы, 3D, панорама кітаптар да бар.

– Сіздің ойыңызша, кітап оқудың балаға берер пайдасы қандай?

– Баланы шыр етіп дүние есігін ашқаннан кейін бесік жырымен әлдилейміз. Бұл да кітапқа жақындататын бір тәсіл. Көркем суретті ертегі кітаптарды жастайынан көзімен көріп, санасына тоқыған баланың кітапқа қызығушылығы артады. Сәбиге кішкентайынан ойыншық пен кітапты қатар алып үйретсе, үлкейе келе ол дағдыға айналады. Кітап – рухани сарқылмас қазына. Ғалымдар ақыл-ойды ұзақ уақыт сақтап қалу үшін миды жаттықтырып отыру керек деп кеңес береді. Ал, ми кітап оқығанда ғана жаттығады. Жалпы, кітап өткір және ұтқыр ойлауға, логиканы дамытуға көмегін тигізеді. Сонымен бірге, адамның рухани дамуы мен жақсы жаққа өзгеруіне ықпал етеді. Баланың өзін-өзі бағалауы жоғарылап, ойын еркін жеткізе білуіне де кітаптың тигізетін әсері көп. Кітап адамға кемелденуге көмектеседі. Бүгінде қаншама технология шығып жатыр. Алайда, бұлардың бәрі кітаптың орнын алмастыра алмасы анық. Сондықтан, балаға кітапты сүйіп оқуға көмектесу керек. Кітапхана әрқашан да болашақтың қақпасы болып қала береді. Жақсы кітап оқу – ақылды адаммен сырласқанмен бірдей. Абай атамыз «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» деп жазып кеткеніндей рухани байлықтан, жан азығынан қол үзіп қалмай, ғылым мен білімнің қайнар бұлағы кітап оқуды әдетке айналдырайық.

Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына. Баланың ой-өрісінің кеңейіп, сөйлеу мәдениетінің дамуына зор ықпалын тигізуші құрал. Алайда, уақыт өткен сайын, кітап пен кітапхана қадірінің түсіп бара жатқаны алаңдатады. Кемел елдің кепілі –жалынды да білімді жастар. Болашақ осы жастардың қолында. Құрметті ата-ана, балаңыздың кітап оқуға деген ынтасын оятып, білімді жас болып өсуіне бірге үлесімізді қосайық.

–Тартымды әңгімеңізге көптен-көп рахмет!

Сұхбатты жүргізген Жұлдыз Ағыбайқызы,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің 2 курс студенті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар