Бірқатар ұйымдастырушылық және кадрлық мәселелер бойынша шешімдер қабылданды

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен өткен жетінші шақырылған облыстық мәслихатының кезектен тыс 18-ші сессиясында «2021 жылғы бюджеттің атқарылуы» туралы  мәселелер қаралды.

Сессияда өңір басшысы  Ермек Маржықпаев негізгі мәселелер бойынша баяндама жасап, облыс әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан республикада жетекші орында екенін жеткізді.

– Бұл көрсеткіштер ортақ жұмысымыздың жемісі. Өнеркәсіп өндірісі мен ауыл шаруашылығы – 100 пайыздан астам, негізгі капиталға инвестиция – 128 пайыз, құрылыс индустриясы – 136 пайызды құрады. Нәтижесінде көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселелер шешілді. Білім беру, денсаулық сақтау, сумен жабдықтау, тұрғын үй-коммуналдық саласы, көлік инфрақұрылымы объектілерін дамытуға, тұрғын үйлер салуға қаражат қарастырылды, – деді 2021 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуына тоқталған өңір басшысы өз баяндамасында. Сондай-ақ, облыстық мәслихат сессиясының шешімімен бюджет жобасында 345 миллиард теңге бекітілген. Алайда жыл ішінде бюджет нақтыланып, түзетіліп, нәтижесінде кіріс бөлігі ұлғайған. Жыл қорытындысы бойынша облыстық бюджеттің кіріс бөлігіне 424 миллиард теңге несиеленген, яғни, 100,4 пайызға орындалған. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда төрттен бір есеге артық. Ал, шығыс бөлігі 99,6 пайызды құраған. Байқасаңыз, 1,1 миллиард теңгеге жуық қаражат игерілмей қалған, дегенмен облыс әкімі бұл жақсы нәтиже деп айтып өтті. Бұдан шығатын қорытынды, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жоспарлы көрсеткіштер мен соңғы нәтижелерге жету мақсатында белгілі жұмыс атқарғаны байқалады.

Сонымен қатар, өңір басшысының айтуынша, облыстық бюджет шығыстарының басым бөлігі, яғни,  36 пайызы білім саласына бағытталған. Мемлекеттік білім беру тапсырысын орындауға, оқулықтар сатып алуға, білім беру ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға, күрделі және ағымдағы жөндеуге, жаңа білім нысандарының құрылысына 150 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған. Денсаулық сақтау мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бюджет шығыстары ұлғайтылған. Жол құрылысы мен жөндеу мәселесіне тоқталған Ермек Боранбайұлы, 2016 жылы 160 шақырымға жуық жол жөнделсе, биыл 1000 шақырымнан астам жол жөндеу жоспарланғанын, бұл үшін мемлекеттен 60 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінгенін атап өтті. Оған қоса, қаражаттың барлығы облыс өңірлерінде халықпен кездесулерде көтерілген мәселелерді шешуге бағытталғанын да жеткізді.

Облыс әкімі сөзінің соңында өткен жылдың қорытындысы бойынша үш аудан әкімі тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын, сондықтан, биылғы жылы бюджетті атқару тәртібін қатаң сақтай отырып, бюджет қаражатын игеру бойынша мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізудің аса маңызды екендігін баса айтты.

Сессияда Ақмола облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Қанат Есмағамбетов те сөз сөйледі. Ол комиссияның өткен жылғы жұмысының қорытындысымен таныстыра отырып, облыс аудандарында орташа айлық жалақының өскенін, жұмыссыздық деңгейінің азайғанын, халықтың мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне қанағаттануы артқанын мәлімдеді. Одан әрі облыстық мәслихат депутаты, экономика, бюджет және әлеуметтік саланы дамыту жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Ғалым Бекмағамбетов өз сөзінде жергілікті атқарушы органдар мен мәслихаттардың өзара іс-қимылына тоқталды. Өйткені, мемлекеттік қызметшілер мен депутаттарға жоспарларды жүзеге асыру және азаматтардың мәселелерін шешуде ортақ жауапкершілік жүктеледі.

2022-2024 жылдарға арналған бюджетке өзгерістер енгізу туралы, нақтырақ айтсақ, бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту есебінен қалыптасқан 14,9 миллиард теңгені қайта бөлу туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаев баяндама жасады. Ол өз сөзінде, депутаттар мен тұрғындардың және аудан әкімдерінің өтініштеріне сәйкес, бұл қаражат жылу маусымына дайындыққа – көмір мен мазут сатып алуға, әлеуметтік нысандар мен көлік құрылысына, сондай-ақ, инфрақұрылым, басқа да мәселелерді шешуге бағытталатынын атап өтті. Сондай-ақ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы В.Кулаков «Ақмола облысы бойынша әлеуметтік қамтылатын қатынастар тізбесін айқындау туралы» мәслихаттың шешіміне толықтырулар енгізу бағытындағы ақпаратымен бөлісті.

Жалпы, сессияда Ақмола облысы әкімінің 2021 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есебіне баса назар аударылды. Кадрлық өзгерістерге байланысты инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің, облыс әкімдігі жанындағы бірқатар комиссиялардың құрамдарына, оның ішінде бюджеттік, жер, терроризмге қарсы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері, құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жекелеген бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне бірқатар ұсынымдар енгізілді.

Облыстық мәслихаттың хатшысы Талғат Жүнісовтің төрағалығымен өткен кезектен тыс XVIII сессиясының соңында облыстық мәслихат депутаттары бірқатар ұйымдастырушылық және кадрлық мәселелер бойынша шешімдер қабылдады.

Владислава КОКОРИНА,

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар