Ақмола облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде еліміздің ең жас қаласы Қосшының «Jańa Bastau» газеті және Janabastau.kzвеб-сайтының таныстырылымы өтті.
Басылым жайлы бас қосуға «Мәдениет» порталы ЖШС директоры, «Jańa Bastau» газетінің құрылтайшысы, ақын Бауыржан Қарағызұлы, «Jańa Bastau» газетінің бас редакторының орынбасары, ақын Серікбай Әбілмәжін, Janabastau.kz сайтының веб-редакторы, жазушы-журналист Бақытбек Қадыр және Ақмола облысының зиялы қауым өкілдері қатысады.
Қосшы ауылына облыстық маңызы бар қала мәртебесі берілгеніне биыл бір жыл толады. Енді міне, өзінің газетін және веб-сайтын ашып жатыр. Бүгінгі таныстырылымға газеттің 7 нөмірін әкеліп отыр.
–Әр заманда тасқа қашалған жазу мәңгі болған. Біз кешегі тарихымызды тасқа қашалып жазылған жазулардан таныдық. Сол секілді газет бетіне түскен ақпаратта жоғалуы мүмкін емес. Мәңгі болмақ. Біздің газет мамыр айының басынан бастап шыға бастады. Таралымы 1 мың дана болды. Оқырмандардың сұранысына байланысты таралымын ендігі саннан бастап 500 тиражға көбейтеміз, – деді ақын Бауыржан Қарағызұлы.
Атап өтерлігі, газет редакциясыныңмүшелері негізінен ақын-жазушылар.Олардың барлығы Қосшы қаласының тұрғындары.
–Қазір әлеуметтік желі мен ғаламтордың заманы. Кез-келген ақпаратты әлеуметітк желі арқылы жылдам табуға болады. Соған байланысты «Jańa Bastau» газетінің веб-сайтының жұмысын бастап кеттік. Веб-сайт қос тілде жұмыс жұмыс істейді. Сайт соңғы үлгімен құрылып отыр, – деді Janabastau.kz сайтының веб-редакторы, жазушы-журналист Бақытбек Қадыр
Әлемде қазір ақпараттық бәсеке басым. Жаңа құрылған жас газетке мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев бата берді.
–Кешегі күндерден ырым болып жеткен бір үрдіс бар. Ол жаңа газет ашылған уақытта көп жылдық тарихы бар газеттен бата алу, жолын сұрау деген секілді үрдістер.Газеттің алғашқы санынан бері таныспын. Оқып отырамын.Қуанып отырамын. Бізде қазір газетті қорғап қалу процесі жүріп жатыр. Дәл осы аралықта қатарға қосылып жатқан жаңа сарбаздарға қош келдіңдер деймін. Істеріңе береке берсін, –деді ол.
Біз де жаңа газеттің жұмысына сәттілік тіледік.
Абылайхан ӘШІМХАН.