Көлік сақшысы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды

1992 жылғы 23 маусымда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі  Қазақстан полициясының міндеттері мен функцияларын анықтайтын,  тәуелсіздікті жарияланғаннан кейінгі бірінші акт – «Ішкі істер органдары  туралы» Заңды қабылдады.

2007 жылы тәуелсіз Қазақстанның ішкі істер органдарының барлық  қызметкерлері мен ардагерлерінің еңбегін құрметтеу ретінде 23 маусым ресми түрде Қазақстан полициясы күні болып танылды. Биыл ішкі істер органдарының құрылғанына 30 жыл толып отыр.

Осы мереке қарсаңында біздің әңгімеміз жас полицей Саят Қадыров  жайлы болмақ.  Көкшетау станциясындағы желілік полиция бөлімі Бурабай курорты станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің патрульдік полиция тобының полицейі Саят Қадыров Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қызмет өткеру кезінде ерлік көрсеткеніне байланысты «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов полиция аға сержанты Саят Қадыровқа «Ерлігі үшін» медалін салтанатты түрде табыс етті.

Еске сала кетейік, Саят Қадыров ағымдағы жылғы 1 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласының тұрғынын поездың астына түсіп, мерт болудан құтқарған болатын. Жолаушы әйел өзінің абайсыздығынан жүйткіп келе жатқан «Қарағанды-Қостанай» бағытындағы жолаушылар поезын байқамай қалған. Осы кезде жақын жерде болған Саят Қадыров асқан жанкештілікпен шапшаң қимылдап, оны ажалдан құтқарып қалды.

–Полиция мамандығын өзім таңдадым. Бала кезімнен полицейлерге құрметпен қарадым, оларды үлгі еттім. Ал, бүгінгідей марапатқа ие болу абырой әрі үлкен жауапкершілік, – дейді бейбіт заманның батыры.

Өз өмірін қатерге тігіп, азаматтық борышын адал атқарған тәртіп сақшысы мұндай батылдыққа баруын антқа деген адалдығым деп біледі.

Саят Қадыров – Көлік полициясының нағыз мақтанышы. Арамыздағы осындай қайырымды, керек кезінде айналасындағы адамдарға қол ұшын беруге дайын тұратын азаматтардың жарқын істерін үнемі үлгі етеміз. Саят 1996 жылы Ақмола облысында туған. Қазақстан Республикасы Шекара қызметінде әскери борышын өтеген. 2018 жылдан бастап Бурабай курорты станциясындағы желілік полиция бөлімшесі патрульдік полиция тобының полицейі болып қызмет етеді.

                            Ботагөз КӘРІМБАЕВА,

Көкшетау станциясындағы желілік полиция бөлімінің жетекші маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар