«AMANAT» партиясының жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясының алдағы жұмыс жоспары талқыланған отырысы өтті. Оған «AMANAT» партиясының хатшысы Дәулет Кәрібек, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов, «AMANAT» партиясынан Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров қатысып, өзара пікірлерімен бөлісті.,
Өңірлердің де комиссия отырысына қатысу мүмкіндігі болды. Мәселен, бейнеконференция байланысы арқылы «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының атқарушы хатшысы Айна Мысырәлімова, Ақмола облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы жетекшісінің орынбасары Кенеш Әлімжанов, Ақмола облысының жер ресурстарын басқару департаменті жетекшісінің орыбасары Рүстем Төкенов және Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің проректоры, әрі жер комиссиясының мүшесі болып табылатын Ғалым Байтук қатысты.
Жайылымдық жерлердің тапшылығы тұтас ел бойынша өткір тұрған мәселе. Жеке ауладағы малды жаюға тек ақмолалықтар үшін 558 мың га жер қажет. Міне, осы мәселені шешуде партия жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясының рөлі зор болмақ. Аталған комиссия жұмыс бастағалы республика бойынша 140 мың гектар жер ауыл тұрғындарының пайдалануына қайтарылған. Бұл бағыттағы жұмыстар Ақмола облысында да жүруде.
«Жайылымдық жерлердің тапшылығын шешу мақсатында Ақмола облысында жергілікті атқарушы билік органдарымен және ауылшаруашылық құрылымдарының қатысуымен меморандумдарға қол қойылып, пайдаланылмай жатқан жерлер халыққа қайтарылуда. Яғни, ауылдықтардың малын жаю үшін жағдай жасау мақсат етіледі. 300 мың га жер бойынша қазір меморандумдарға қол қойылды. Әрі қарай біз жергелікті атқарушы органдармен оны ауылдықтарға қайтаруды, және елдімекеннің аумағын кеңейту бойынша жұмыстарды атқаратын боламыз», -дейді Ақмола облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы жетекшісінің орынбасары Кенеш Әлімжанов.
Ал, жер комиссиясының мүшесі болып табылатын көкшетаулық қоғамдық пікір көшбасшысы Ғалым Байтук болса, «AMANAT» партиясының нағыз халық жанашырларын, белсенділерді жинап, жерді елге қайтару бойынша атқарып жатқан жұмысына жоғары баға беріп отыр. Ол жайылымдық жерді қарапайым ауыл халқына қайтару арқылы атадан қалған мал шаруашылығын дамытуға зор мүмкіндік берілетінін алға тартты.
Бибінұр Әмірханқызы,
«AMANAT» партиясы Ақмола облыстықфилиалының
баспасөз хатшысы
#AMANATпартиясы
#AMANAT_Aqmola