Ереймен елінің ерлігіне көрсетілген зор құрмет
1916 жылғы сергелдең Қанжығалы баласы үшін ұмытылмас тарихи оқиға болып қалды.
Бұл жайында сол тұста Ерейменге санақ жұмысымен келген Сәкен Сейфуллин де өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» кітабында баса айтқанын білеміз.
«… Бірте-бірте сатылап, алғашқыда айтқан Қанжығалының Ащылыкөл басындағы бірінші болысының ауылына келдік. Әбден еліріп атқа мініп алған ел. Гу-гу сөз. Топ-топ жиналыс. Жұрттың сөзі: «солдатқа қазақты алу» әңгімесі, қазақтың оған «бармауға тиісті» екендігі. Көңілдеріне қиғаш сөз айтқанды дұшпан деп біледі. Жұрт әбден көтерілген».
Тарихи кезеңде Сілеті, Қоржынкөл, Ереймен болыстарының азаматтары Есіркеп Тоқан Хазіреттің ақ батасымен бес қаруы сай ақпатшаның жазалаушы әскерінен қаймықпай, ашық алаңда бетпе-бет кездесуге бел буады.
Ереймендегі ұзаққа созылған, төрт айдан асқан теңсіз шайқаста талай боздақтар оққа ұшты.
Жеті рудың төбе биі Нияз Зілқараның да айтқан сөзі жас азаматтарды жігерлендіріп, шешуші айқаста ерлік жасауларына жол ашты.
Сол тұста Ереймен жұрты Атан батырдың ұрпағы Сәтбай қажыны хан сайлап, Нияз Бала-Сыздық Бейсенұлын бас қолбасшы, ал Молдажан мен Жанайдарды әскербасылары қылып сайлайды. Дегенмен, Молдажан батырдың білімділігі, әскери айлакерлігі және шеберлігі көптің аузында қалды. Оны кейіндері қызыл жүйенің жендеттері де көп аңдыды. Аңдаусызда қоршамақ болғанда ол талайдың сазайын беріп, берік қамалдарын бұзып кетіп отырды. Қудаланғаны сонша, Алтай жаққа да жасырын өтіп, сол жақта біраз тұрақтапты.
Ел дүрліккен тұста белгілі зергерлер мен ұсталар, олардың ішінде Көдек, Рақым, Әбутәліп пен Бахрам тағы басқалары найза, қылыш, айбалта мен қанжар соғуды қолға алған екен.
Осындай қызу дайындық жүріп жатқанда Арқаға белгілі діндар Тоқан Хазірет аяқастынан дүние салады. Марқұмның бұл жанкешті оқиғаны алдын ала сезгені болар, жүрегі тоқтап қалды дейтін біздің үйдің үлкендері.
Ақмола мен Павлодардан келген жендеттер Алтын таудың сыртына келіп бекінеді.
Бір жағынан атты әскер Қараағаштың маңайына топтасады. Алғашқы шайқас басталғанда Бала-Сыздық, Жанмолда бастаған атты сарбаздар лап қойып жазалаушы отрядтың зәрі-құтын қашырады. Қоян-қолтық айқас ұзаққа созылмаған. Себебі, арбаларға орнатылған пулеметтер оқты қарша боратып, біраз адамдарды опат қылады.
Молдажан мен Жанайдар батырлардың ерлігінің арқасында жаудың бірсыпыра атыс қарулары қолға түскен. Ескі шиті мылтықтар винтовкалармен ауыстырылып еркінсіп келген солдаттардың біразын сұлатып салады.
Бұл шайқас Ереймен жұртына оңай болмады. Жуанадыр, Құсмұрын, Ақсонар тұсында жалаңтөс жауынгерлер мұздай қаруланған патшаның жазалаушы жендеттерімен бетпе-бет кездесіп, қиянкескі айқасқа түседі.
Бұл оқиғаларды әжеміз Мәрия аузынан тастамай айтып отыратын. Ұрыс даласында талай адамдар, оның ішінде Қанжығалының Қармысынан тарайтын Малай батыр ұрпақтарының біразы шейіт болды.
Қарша бораған пулемет оғынан Ерейменге белгілі өнерпаздар, ағайынды: Қайрат, Ордабай, Баян Өсіповтердің атасы Өсіп, бізге аталас боп келетін Қабыл, Молдияр, Асан деген кісілер ажал оғынан құтыла алмады.
Қаруы әлсіз елдің осынша қарсылық көрсетуінен сескенген ақпатшаның әскербасылары көмек сұратып, жаяу, сондай-ақ атты отрядтарды алдырған үстіне алдырды.
Жазықсыз елді аяусыз шапқан жау Қоржынкөл болысының Бердібай, Қаймазар, Арғынбай ауылдарын өртеп, мал-мүлкін тонап, көптеген адамдарын атып өлтірген.
Майкөлдің сыртындағы Қырымбеттің Махметінің, Өтеубайдың Хамзесінің ағаш үйлерін, сондай-ақ Тұман, Қазымбет ауылдарын түгелдей отқа орайды.
Бұл туралы өзінің «Естеліктер» кітабында әкемнің туған бауыры Әлім Түгелбаев та жан-жақты деректер келтірген. Ол кісінің айтуынша, қарулы әскер Тұқпи Қараағашында бейкүнә 17 адамды ату жазасына бұйырып, мекендерін, орман-тоғайларды толықтай өртеп жіберген.
Қылшар атаның ұландары: Әлібек, Бейсенбай, Бәймен, Тұрғынбай, Ахмет пен Бекіш есімді біраз жігіттер сол қаза тапқандар тізімінде бар.
Бұл сергелдең қазақтар үшін үлкен жеңіліспен аяқталса да елдің рухын көтерген ұлы оқиға болып қалды.
Ақпатша әскері елді қанға, даланы өртке орап, қаруы әлсіз көтерілісшілерді жеңіп, сонау Белоруссия жеріне дейінгі майдан шебіне жеткізеді. Сонда болған бір әңгімені егде тартқан кісілер жиі еске алатын-ды.
Ерейменнің атышулы балуаны Иманғали Үлкенбаевтың өнеріне тәнті болған орыстар оны қайра-қайра күреске шақыра беріпті. Бойы зор, денесі ауыр сарбаздардың орта бойлы қазақ жігітінен қайта-қайта жеңілулерін ар санағаны сонша, балуанға маза бермеген екен. Бірақ, бірде-біреуі оған үстемдігін жасай алмаған. Сондықтан, офицерлер батырдың күші мен шеберлігін мойындап, оған артық киім-кешек, тәтті тағамдарын ұсынып отырыпты.
1916 жылғы ереуілге белсене араласқан ұлы атамыз Әуелінің бір жазық даладағы соғыста атына оқ тиіп, ол омақаса құлағанда, сарбаздың аяғы шорт сынып кетеді. Содан бері сылтып басса да батыр бабамыз 100 жасқа таман ғұмыр кешті. Ағасы Әушақым ереуілге белсене қатысқаны үшін Ақмола түрмесінде біраз уақыт жапа шекті. Бұл арпалыста екі жақтан да жарақат алмаған кісі саусақпен санарлықтай болған.
Ертеректе біздің атамыздың өмірін жақсы білген, қазақшаны еркін сөйлейтін Елизар Прохорович Степанов 1916 жылғы оқиғаға байланысты бір нақты деректерін айтып еді.
– Сен біліп қой. Ерейменге карательдер атты әскерін басқарып келген есаул Платонов деген жендет. Сондай-ақ, қыркүйек айында Томскіден жазалаушы отрядты Швейер бастап келді. Бұлардың қатыгездігін ауызбен айтып жеткізу қиын, – деп айтқаны ұмытылмастай есімде қалды.
Ерейменнің бір тауы Кеңасу арқылы жүрген ақ гвардияшылар жолдағы орман-тоғайларды, тал-шіліктерді өртеп отырған. Олар мұсылмандықты пір тұтқан елдің көптеген ағаштан қиылған мешіттерін түп-тамырымен жойған.
Осы қанды қырғынның қара күзінде дүниеге шыр етіп менің әкем Сәлкен Әуеліұлы келеді. Әжеміз Мәрия Әділқызы бүгінгі Бозтал ауылының жанындағы Жаманқара аталатын жерде (зират ішінде) босанады. Қара суықта мұз басқан сайын далада ұлы анамыз босанып жатқанда арба үстінде әкемнің екі ағасы мен апасы Жақай отырған. Сол қара суықта әкем туса, екі ағасы көп ұзамай дүние салады. Аумалы-төкпелі заманның бір ұмытылмас өкініші осы.
Қазақтың: «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген сөзі шындыққа жанасады. Зұлматы мен мехнаты көп кезіккен өмірден әкем Сәлкен мойыған жоқ. Ол Отаны, ата-анасы, ағайын-туыстары алдындағы борышын толығынан өтеді. Әкесі 98, ал, шешесі 90-ға тақау өмір сүрді. Екеуін де шешем Құснимен бірге арулап өз қолдарынан қойды. Осы орайда бір ұмытылмас оқиғаны айта кетудің реті келіп тұр.
Алпысыншы жылдардың ішінде дүние салған атамның жаназасына Алматыдан Қазақстанның сол кездегі бас дінбасшысы, заманында оның қанды көйлек жолдасы әрі жақын дос-жараны болған Сәкен қалпе келе қалды. Сүйекке түскен діндар адам сыртқа шыққасын: «Осы үйдің келіні кім?» дегенде, сасқалақтап қалған ағайындар қазан-ошақтың басында жүрген анам Құсниды жылдам алдына әкеледі. Атақты қари Сәкен қалпе қолын жайғызып, елдің алдында қарияны жақсы күткені үшін анамызға ақ батасын бергенін біздің етжақындар жақсы біледі.
Сәкен қалпе Ерейменде туса да өмірінің біраз бөлігін Омбы, Ақмола мен Алматыда өткізді. Қанжығалы елін ол өзінің туғанындай көріп, 1916 жылғы көтеріліске де қатысты. Ғалым атаның мұрағатын оқысаңыз Ерейменге деген сағынышын, сыйластыққа толы сезімін сезесіз.
Олжабай Нұралыұлы да оны ерекше өзіне бауыр тартса, балаң Сәкен де Ереймен елінің жұртына өле-өлгенше ықыласын көрсетіп өтті.
Ашаршылық жылдары әкем Сәлкен Әуеліұлы Ерейменде жаңадан құрылған қой совхозында ата-анасымен бірге шопан болған. «Исаев» атындағы фермада жұмыс істеген балаң жігіт маңайындағыларға, сондай-ақ туған-туыстарына қамқорлықты молынан жасапты. Жалаң аяқ жүріп қоздаған саулықтарды жалпақ тастардың үстіне сауып, соны күннің көзінде жатып ұйыған кезінде, түнде жасырын барып жинап, арып-ашыққандарға таратып отырған.
Алпысыншы жылдар ішінде Ақмолаға арнайы творчестволық ізгі ниетпен сапар жасаған қазақтың заңғар жазушысы Сәбит Мұқанов та, барлық ұсынылған аудандардан бас тартып, Ерейменге арнайы келгенін біздің елдің сол кезеңдегі жақсы мен жайсаңдары терең сезініп еді.
Әңгімелескен адамдардың ішінде болған әкем Сәлкен бас қонақтың бар ынта-жігері қарт Сардар Бөгенбай батырдың ерлік жолдары, сосын Ереймендегі аты-шулы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс туралы мәліметтерге ауғанын айтып келгені әлі есімізде.
Сонда халқымыздың ардақтысы Сәбит Мұқанов өзінің ұлы бабасы Қожаберген жыраудың Бөгенбай батырға көрсеткен сенімі мен берген батасын Мәшһүр Жүсіптің «Даналарға» деген өлеңі арқылы жатқа айтып беріпті.
Ағам Әлім Түгелбаев өзінің «Естеліктер» атты кітабында Сәбит Мұқановтың айтқан сөздерін жақсы жеткізе білген. Ұлы жазушының бір аманатын: «… Би-батырлар мен әнші-серілер, шешендердің елі екенсіңдер, мол қазыналарыңды құрметтеңдер, сақтаңдар, ұрпаққа шырқын бұзбай жеткізудің қамын ойлаңдар. Күрделі оқиға болған жерлерге Белгі тас қойыңдар деп ақыл-кеңес беріп аттанды» деп жазған екен.
Ағамыз академик Сәбит Мұқановтың тілегін орындау мақсатында талай кеңсенің есігін ашып, ұсынысын жасады. Бірақ, қазақтың тарихын елегісі келмегендер: «Бұл біздің ісімізге, халықтар достығына сызат түсіреді» деген желеумен ол ұсыныстан бойларын ала қашты.
Егеменді елдің тарихын әділ бағалаған бүгінгі қоғам Ерейменде болған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне өзінің оң бағасын беріп жатқаны – көпшілікті қуантып отыр. Ұзағынан болсын дейміз. Ерлік – өскелең ұрпақ үшін мәңгілік өнеге!
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Нұр-Сұлтан қаласы.