Көк желек көшеттен басталады

Біздің еліміз орман алқабы аз мемлекеттер қатарында. Осы деректің өзі біраз нәрседен хабар бергендей. Демек, елімізде ағаш отырғызу, ол үшін жас көшеттер өсіру жұмыстары жедел жүруі керек. Бар ағашты қорғап, жаңадан көшет егіп, орман алқабын кеңейту күн тәртібінен түспеуге тиіс.

Өңірде бұл маңызды жұмыспен айналысатын ұжымдардың бірі – Зеренді ауданындағы Кіші Түкті орман шаруашылығы. Ол тұқымбақта өзге өңірлерді көгалдандыруға арналған көшеттер өсірілуде. 100 гектар құнарлы жерге  отырғызылған талдар күн нұрына қарай талпынып, көтеріліп қалыпты. Жүйелі түрде, түп-түзу ретпен егілген көкшеттер көз қуантады. Осылайша, құнарлы, қолайлы жерде бой көтеріп, тамыр жайып, нығайып алған өскіндер өзге өңірлердің қуаңдау, күн қызуы мол табиғатына төтеп бермек. Сол үшін де оларды бағып-күтушілер көшеттердің еш кедергісіз, кемел толығуы үшін күреседі.

–Өздеріңіз көріп тұрған көшет алқабының мына бөлігінің көлемі 50 гектарға жуық. Еңбегіміз еш кетпей, көктеп, өсіп-жетіліп келеді. Бүкіл ұжым болып, алдымызға қойылған мақсатқа жұмыла кіріскенбіз. Мақсатымыз – көктемнің әр күнін, ауа райының қолайлылығын тиімді пайдалану болды,–дейді орманшы Сергей Чернов.

Аталмыш тұқымбақта 15 адам тұрақты жұмыс істейді. Орман дақылдары жөніндегі инженер Людмила Санарова ағаш тұқымын жинаудан бастап, оны қайта өңдеуге дейінгі жұмыс орман шаруашылығы мамандарының күшімен атқарылатынын айтып берді. Күнделікті күрек-кетпен қолдан түспей істелетін жұмыстардың бәрі де ғылыми негізде, мақсатты  түрде атқарылады. Оған, әрине, жұмысшылардың көп жылғы тәжірибесі мен жанашырлығы қосылады.

–Біз осы мәпелеп, баптап өсіріп жатқан көшеттеріміздің ертең басқа өңірлерге отырғызылып, орман болып өсеріне сенеміз. Сол сенім бізді жігерлендіре түседі, – деген жұмысшы  Мәрия Қабдуалиеваның сөзін өзгелер де бірауыздан қолдайды. Бағбан жүрегінің мейірімі, қолының жылылығы жас көшеттерді мәпелеп өсіретіндей.

Біздің облысымызда 2025 жылға дейін 200 миллион түп көшет отырғызу жоспарланған. Бүгіндері атқарылып жатқан жұмыстарға қарағанда, сол межеден шығуға толық мүмкіндіктің бары байқалады. Шын ниетпен атқарылған қай жұмыстың болсын оң нәтиже береріне шүбә жоқ қой.

                                             Серік САПАРҰЛЫ,

                                   «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар