Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
3D модельдеу – өсімдік көмегімен шаңды ұстап қалу мәселесін шешті - АРҚА АЖАРЫ

3D модельдеу – өсімдік көмегімен шаңды ұстап қалу мәселесін шешті

«Алтыналмас» компаниясы жасыл желектерді егу ісінде ғылым мен жаңа технологияларға иек артып отыр. Ақмола облысында цифрлық шешімдерді қолдана отырып, көшеттер отырғызылды. Алматы қаласындағы «Нархоз университетінің» тұрақты даму жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен бірлесіп әзірленген бұл жоба қалдық қоймасы аймағында шаң-тозаңды азайту мақсатын көздейді.

Көшеттерді егу аумағы компьютерлік 3D модельдеу арқылы анықталды. Фито тосқауыл (фитобарьер) ENVI-Me бағдарламалық құралы көмегімен жасалған. Ол жасыл желек егетін кеңістіктің 3D моделін құруға және шаңды өсімдік көмегімен ұстап қалу («фитоқармау») тиімділігін талдауға мүмкіндік берді.

Жобаның негізгі идеясы – шаң мөлшерін мейлінше азайтуға көмектесетін әрі қатар егуге болатын көшет түрлерін модельдеп, Кварцитка кентіндегі қалдық қойма аймағында шаң-тозаңды басу, ұстап қалу жолдарын зерттеу. Жалпы, ағаштар мен өсімдіктер ауаны тазартады, жапырақтары газ тәрізді ластаушы заттарды стоматалар арқылы сіңіреді, ал ауадағы бөлшектер жапырақтар мен бұтақтарға қонып жоқ болады. Осылайша табиғаттың өзі ластаушы заттарды азайтуға көмектеседі.

«Ғалымдар жасыл желек түрлерін, олардың қатар орналасуын және ластау көзінен қашықтығын алдын ала зерттеп, компьютерлік модельдеу арқылы ойдағыдай жоғары нәтижеге қол жеткізуге қолайлы өсімдік түрлері мен фитобарьердің басқа да параметрлерін айқындады. «Нархозбен» бірлесіп жасаған жоба қоршаған ортаны ластау сияқты өзекті проблеманы шешу үшін технологиялық амалдарды қолдануға мүмкіндік берді», – деді «Алтыналмас АК» АҚ Қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Абырой Бақтығали.

Мұндағы пайдаланылған бағдарлама өсімдіктердің түр-түріне қатысты есептеу гидродинамикасы теориясына негізделген. Ғалымдар ауаны ластаушы заттардың таралуын зерттеу үшін Эйлер әдісін қолданып, аэрозоль бөлшектерінің, пассивті және реактивті газдардың таралуын зерттеуге мүмкіндік алды. Бағдарлама кез-келген жердегі микроклимат деңгейінен жергілікті климатқа дейінгі орта моделін құрады.

Бір жарым шақырым жер бойына 1400 ағаш пен бұта көшеттері (қарағай, күміс жиде және үйеңкі) отырғызылды. Биіктігі бір жарым метрге жуық бұта тәрізді күміс жидек ірі-ірі шаң түйіршіктерін ұстап тұрғанға жақсы. Ал, биік қарағай мен үйеңкінің (биіктігі кейде 3 метрден асады) жапырағы көп болады. Бұлар жел тұрғанда ұшатын ұсақ шаң түйіршіктерін ұстап қалуға жақсы. Ағаштар қалдық қоймасы бойында үш қатар етіп отырғызылған. Арасындағы қашықтық үш метрден алты метрге дейін. Компьютерлік модельдеу көрсеткендей, ағаштар шаң-тозаң шығатын жерге неғұрлым жақын болса, шаңды ұстап қалу, яғни, фитоқармау тиімділігі соғұрлым жоғары болады. Қалдық қоймасы мен екпелер арасындағы қашықтық он метр.

Тұрақты Қазақстан зерттеу институтының (SKRI) директоры, тұрақты даму бойынша қауымдастырылған оқытушы Брендан Дюпрей: «Алтыналмас» компаниясымен фитоқармау бағытында бірлесіп іске асырған бұл зерттеу – тұрақты даму саласындағы маңызды жоба, өйткені, ол өзге өндірістік компанияларға дәстүрлі жобаларда жаңа технологиялық шешімдерді пайдалануға, тіпті үйреншікті істі компьютерлік технологиялардың арқасында неғұрлым тиімді іске асыруға болатынын аңғартады. «Алтыналмас» өзін озық шешімдер енгізетін, экологияға жауапкершілікпен қарайтын компания екенін көрсетті. Экология саласындағы ынтымақтастығымыз алдағы уақытта да жалғасады деп сенемін».

Шаңды өсімдік көмегімен ұстап қалу жобасы «Алтыналмас» компаниясының екі өндірістік алаңында (Ақмола облысындағы Ақсу кеніші қалдық қоймасының батыс және шығыс жағында) жүзеге асырылды. Компанияның Қоршаған ортаны қорғау департаменті экологтары мен «Нархоздың» тұрақты дамыту жөніндегі ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының бірлесіп, өндірістік нысандар айналасына жасыл желектер отырғызуды көздейтін осындай ұстанымы компанияның басқа да жобаларында қолданылып жүр. Фитобарьердің барынша оң әсерін бірнеше жылдан кейін сеземіз, ол кезде жас өсімдіктер тамыр жайып, өсіп-өніп, тиісті микроклимат қалыптастырып, өндірістік аймақтардан келетін шаң-тозаңға айтарлықтай тосқауыл болады.

Айта кетейік, 2022 жылды компаниямыз «Экология жылы» деп жариялады. «Алтыналмас» өз қызметінде ESG стандарттары мен қағидаларына адал.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар