Журналист дегендеріңіз өзі қызық халық. Қай аймақ, қай өңірге аяғы тисеалдыңнан құшағын жайып «біртуғаны» шыға келеді. Өйткені, қолына қалам ұстағандардың аялдайтын, алдымен бас сұғатын жері – редакция.
Халқымыздың бетке ұстар тұлғалары Өзбекәлі Жәнібеков, Еркін Әуелбеков бастаған, талай игі жақсылар қостаған Торғай облысы 1988 жылы аяқ астынан жабылды да, одан бұрындары Ақмола облысының құрамында болған Есіл, Қима, Жақсы, Жарқайың (Державин) аудандары қайтадан өз жұртына оралған.
Енді жаңадан өз «шаңырағына» оралған аудандардың бетін ашып, елге таныстыру сол кездегі атауы «Коммунизм нұры» («Арқа ажары») газетінің тілшілеріне міндет етілді. Сонымен, редакторым Октябрь Әлібековтың тікелей тапсырмасымен Қима ауданы жайлы толымды мақала жазу менің еншіме тиді. Торғай облысы тарап, сол өңірдің «Торғай таңы» газетінде қызмет істеген, енді қатарымызға келіп қосылған тілі өткір, сөзі мірдің оғындай сатираның алмас қылышы Жұматай Сабыржановқа: «Мына, Қима дегенің қандай жер? Көзтаныстау біреуін білесің бе?» — дедім өзімсіне. Ол: «Аузыңа ас салатын, туған бауырыңдай құшағына қысып бас салатын Есмұхамбет Айтмағамбетов дейтін ағаң бар. Аудандық «Дала таңы» газетінің редакторы , — деді. Бұрын жүзтаныс болмасам да сол Қимадан Қалкөз Жүсіп деген газетімізге бұрқыратып жазатын да жататын. Тегі тісқақты, әжептәуір жасты еңсерген қалыптағы қалам иесі шығар деп іштей топшылап та қоятынмын.
Сонымен, қысқасы 1989 жылдың жазында Октябрь ағаның тапсырмасымен Жақсыға пойызбен, одан әрі көлденең кездескен көлікпен Қимаға жетіп редакцияға бас сұқсам, үстеліне жабысып алған, құлағынан күн көрінгендей жап-жас жігіт қана отыр. Өзімнің жай-жапсарымды айтқан соң, бастығының қайда екендігін сұрадым. «Түскі аста», — деп сөзін шолақ қайырды. Содан ба, көзіме қораш көрінген мына жігітке көңілім толмай қалды. Сосын: «Редакторыңнан басқа, осы газетте Қалкөз Жүсіп дейтін азамат бар сияқты еді? Бізге жиі жазып тұратын. Ол қайда?» — дедім қарап отырмайын деп.
-Сол Қалкөзіңіз мен боламын, — деді.
Аузым аңқиып аңырдым да қалдым. Қима ауданымен алғашқы таныстығым редакция қабырғасынан осылайша басталды. Бұл менің облыстық газеттің ауыл шаруашылығы және экономика бөлімінің меңгерушісі болып жүрген кезім еді.
Кейін редакциямыздың құрамынан ойып тұрып орнын алған сол жап-жас Қалкөз де бүгінде ізімді қуалай өкшелеп келеді. Бір кездері мені «газеттің қара өгізі» дейтін абзал азаматыма айналды.
Сондықтан, журналист деп аталатын әлемдегі ең қадірлі мамандықты өзіне еншілеп алған, өзімнің қимастарымдай болып кеткен азаматтардың қай-қайсысы да Қалкөз қаламдасым сияқты маған аса қадірлі. Өйткені «Арқа ажары» газетінде өткерген жылдарым менің ең басты байлығым дейтінім содан. Жазғандары ақиқаттың алмас қылышындай солармен өстім, солармен қанаттандым, жігерлендім.Бәрі де мен үшін өз биігіне, арман-мақсаттарына жеткен жандар деймін. Бүгінде «Тіршіліктің» үзілмеген тамырындай 105 жылдық ғасыр белесіне иек артқан «Арқа ажары» газетінің дамуына, өркендеуіне үлес қосқан біздердің жүріп өткен жолдарымыз соның сарғайған беттерінде сайрап жатыр. Осыларды екшей келе барша қаламдас әріптестерімді атаулы мерейлі күнмен шын жүректен құттықтаймын. Заман жылнамасын жазуда ақиқаттың жаршысы болған алдыңғы толқын ағалар салған, біздер жалғастырған, кейінгі толқын ілгеріге көшін түзеген даңғыл жол көмескі тартпай, өнегелі, жақсы дәстүріміз мәңгі жалғаса бергей!
Аманкелді ЖҰМАБЕК,
«Арқа ажары» газетінің бұрынғы бөлім меңгерушісі.