Ақмоланың міндеттері зор, мүмкіндіктері бар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру барысында Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін қаузаған облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың көшпелі брифингі Бурабай баурайында өткізілді.

Өңір тұрғындарының дені атқарылып жатқан қат-қабат шаруаға разы екендіктерін тікелей эфир кезінде білдірген пікірлерінен айқын аңғаруға болар еді. Әрине, қордаланып қалған мәселелер де бар. Бірақ, олар біртіндеп шешіліп, ойға алған шаруа оңынан оңғарылуда. Экрандағы жүгіртпе жолдаөңір тұрғыны Алма Бекенова «Өңірдің қарқынды дамып келе жатқандығын көріп отырмыз» десе, Серікжан Мақыш «Краснояр селосында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салына бастады.

Село тұрғындарының атынан спортты дамытуға айрықша көңіл бөлгендеріңіз үшін алғыс айтамыз» деді. Бұл облыс тұрғындары тарапынан айтылып жатқан разы көңілдің бір парасы ғана. Бәлкім  брифинг Бурабай ауданында өтіп жатқандықтан ба екен, әсіресе, осы ауданның тұрғындары ерекше белсенділік танытты. Сөз арасында аудан тұрғындарының бірер пікірін де келтіре кетелік.

Жанар Айтмағамбетова: «Біздің туған өлкеміз – Бурабай ауданы жыл сайын жаңғырып келеді, жолдар жөнделуде, ауыз су құбырлары тартылуда, кәсіпкерлер жаңа нысандарды пайдалануға беруде, ауыл тұрғындары да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Курортты өлкенің тазалығы әрқайсымызға қатысты» десе, Айнагүл Сүйінжанова «Софиевка селосында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша мәдениет үйіне күрделі жөндеу жасалып, қайта ашылған соң  алғашқы  күні-ақ домбыра үйірмесіне 84 бала жазылды» деп хабарлайды.

Өңір тұрғындарының нақты сауалдары да қойылды. Бұл сауалдарға бірден толымды жауап берілді. Әрине, брифинг уақыты шектеулі. Сондықтан, кейбір сауалдарға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жауап беріп, мәселенің мән-жайын түсіндірді. Айталық, Анар Ыдырысова «Целиноград ауданына қарасты Қызылсуат елді мекені 2022 жылы ауыз сумен қамтамасыз етіледі деп едіңіздер, су әлі жоқ» деп  сұрады.

Сауал қоюшыға бірден жауап берілді. Онда аталмыш елді мекенде тартылатын су құбыры Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі жер телімі арқылы өтетіндіктен, құжаттарды толтыруға байланысты кешеуілдеп жатқандығы туралы айтылды. Қазіргі уақытта бұл орайдағы жұмыс жүргізілуде. Күні бүгінге дейін жобаның 90 пайызы атқарылған.

Осындай көкейкесті сауалдардың қойылуынан-ақ бүгінгідей жүздесудің тиімділігін айқын аңғаруға болады. Егер облыс әкімі өз баяндамасында өңір тұрғындарын толғандырып жүрген көптеген мәселелер жайлы толық айтылмаса, сауалдардың да көп болуы әбден мүмкін еді. Баяндама барысында өңірдің тыныс-тіршілігі қолмен қойғандай етіп, нақты дәлел-дәйектермен көмкеріліп, қамтылды. Енді осы орайдағы әлеуметтік даму мәселелері туралы айта кетелік.

Бұрыннан жұмыс істеп тұрған «Енки» кірпіш зауыты жылына 60 миллион дана кірпіш дайындайтын. Қазір жаңадан іске қосылған «Енки Плюс»  зауытының арқасында тағы да жылына 30 миллион дана кірпіш дайындауға мүмкіндік туып отыр. Таяуда өңірде тағы бір ірі кірпіш зауыты іске қосылған кезде жылына 120 миллион дана кірпіш дайындауға мүмкіндік туады.Жыл соңына де йін ірі гидрометаллургиялық кешен іске қосылып, 5 миллион тонна алтын кені өңделеді.

Осы жылдың қазан айында Орта Азияда теңдесі жоқ кәсіпорын –Макинск құс фабрикасының үшінші кезеңі іске қосылады. Бұл елімізге шеттен келетін құс етін 15 пайыз азайтуға мүмкіндік береді. Облыста 2025 жылға дейін жалпы құны 1,3 триллион теңге болатын 300-ден астам жоба жүзеге асырылмақ.

Бұл көрсеткіштің әр жағында орасан зор еңбектің жатқандығы белгілі. Әрине, жоспар жүзеге асуы үшін инвестиция тарту аса маңызды. Инвесторлар да қаржы қайтарымындағы қауіп-қатері бар өңірге келе қоймайды ғой. Сондықтан, қолайлы жағдай туғызу көзделіп отыр. Осы жобалар жүзеге асқан кезде тұрақты, толымды табысы бар 13,5 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Астық өндіру үшін не қажет? Астықты өңірдегі көпшілік көкейінде жүрген сауалдың бірі осы. Биылғы жылы өңірдегі егістік көлемі 57 мың гектарға кеңейіп, 5,1 миллион гектарға жетті. Бұл еліміздегі ең үлкен егістік алқабы. Әр жыл сайын Ақмола өңірі еліміздегі дәнді дақылдың төрттен бірін өндіреді. Облыстың өз ішіндегі қажеттілікті толық өтеп, тұқым, мал азығын да қапысыз қамтамасыз етіп отыр. Жыл басынан бері өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдары 727 дана ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Көктемгі егіс  науқанына 14,7 мың трактор, 16,4 мың дән себетін агрегаттар, сондай-ақ, 1,4 мың жоғары өнімді кешендер қатысты. Науқан басталғанша қолда бар барлық техника тегіс жөндеуден өткізілді.

Брифинг барысында азық-түлік қауіпсіздігі туралы да айтылмай қалған жоқ. Үстіміздегі жылы майлы дақылдармен бірге картоп, көкөніс тұқымдарын сіңірген алқаптардың көлемі ұлғая түсті. Әрбір ауданда ет және тауарлы сүт фермалары құрылуда. Қазіргі күні 4 аса ірі мамандандырылған, 4,9 мың бас малға арналған сүт фермаларының құрылысы жүргізілуде.

Әрине, мұндай ауқымды жұмыстарды жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан қыруар көмек көрсетіліп отырғандығын айта кетуіміз керек. Онсыз ойға алған шаруаның оңынан оңғарылуы қиын.

Журналистер тарапынан облыс әкіміне қойылған алғашқы сауалдың бірі – Қосшы қаласының мәселелері. Өңір басшысы бұл сауалға жауап бере келе, негізгі қиындық тұрмыстық қалдықтарды шығару, көгілдір отынмен және сумен қамтамасыз ету екендігін тілге тиек етті. Әлеуметтік нысандар салумен бірге жол, абаттандыру жайы да бар. Қосшы қаласында жаңадан үш мектеп салынуда, спорт кешенінің құрылысын бастау жоспарланған. Өкінішке орай, қазір бұл қалада бірде-бір дем алатын орын жоқ.

Осы олқылықтың орнын толтыру үшін 160 миллион теңге қаражат  қарастырылған. Облыс әкімі Аршалы ауданындағы Жібек жолы елді мекенінің әлеуметтік-тұрмыстық даму жайына тереңірек тоқталды. Қазір бұл елді мекенге аудан бюджетінің үштен бірі жұмсалып жатса да, тұрғындар тарапынан көптеген мәселелер көтерілуде.

Журналистер облыс орталығы Көкшетау қаласы мен жалпы өңірді таза ауыз сумен қамту мәселесі туралы сауал қойды.

–Бүгінде өңірде қала тұрғындарының 95 пайызы ауылдық жерлердегі тұрғындардың 85 пайызы орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етілген. Ал, Көкшетау қаласындағы мәселе туралы сөз ететін болсақ, бұл ертеден қордаланып қалған күрделі сауал, – деді облыс әкімі Ермек Боранбайұлы, – қаладағы тазалау құрылғылары да өткен ғасырдың жетпісінші жылдары салынған. Сондықтан, әбден тозып біткен.

Өңір басшысының айтуына қарағанда, жоба дайындалған. Әйтсе де, құрылыс материалдарының бағасы қымбаттағаннан кейін толықтырулар енгізілуде. Облыстағы тағы бір алаңдатарлық ахуал – жылумен қамтамасыз ету жайы. Өткен қыста бірқатар мәселелердің туындағаны белгілі.

Алдын ала шара қолданғандықтан ғана ірі апаттар орын алған жоқ. Степногорск қаласын жеке кәсіпкер жылумен қамтамасыз етіп отыр. Жылу желісінің 65 пайызының тозығы жеткен. Облыс орталығындағы екі қазандықтың да жай-күйі осындай. Былтыр қыстың соңында қала тұрғындары тарапынан шағым көп айтылды.

–Бүгінгі күні Көкшетау қаласында жылу электр станциясын салу туралы техникалық-экономикалық негіздеме жасалуда, – деді облыс әкімі, – қыркүйек айының соңында конкурстық рәсімдеу жұмысы жүргізілуде.

Сан алуан сұрақтарға жауап бере келе, облыс әкімі өңірдегі спорттың дамуына да тоқталды. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға туғызылып отырған жағдай да тілге тиек етілді. Табиғатқа тағылық көрсету, тарихи орындарды ту-талақай ететін «қара археологтармен» күрес мәселесін де сөз етті.

Тіпті, қаңғыбас ит пен мысықтың жайы да сөз болды. Бұл орайда алуан  түрлі пікірлер айтылуда. Алдағы уақытта иесіз ит пен мысық ауланып, арнайы тұрақжайларда белгілі бір мезгіл ішінде бағылатын болады. Көз жазып қалған иелеріне іздеу салынады.

Брифинг барысында бірнеше аудандардың фермерлеріне ортақ мәселе көтерілді. Ол – ақбөкендер жайы. Қызыл кітапқа енгізілген жануар соңғы жылдары өсіп-өнгендіктен, жайылымдармен бірге егістік алқаптар да зиян шегуде. Бұл сауалға облыс әкімі егістіктерді қорғайтын арнайы бригадалар құрылғандығын айтты. Ақбөкендердің санын ықшамдау туралы соңғы шешімді Экология және табиғи ресурстар министрлігі қабылдамақ.

Тағы бір көпшілікті толғандырып отырған сауал қойылды. Алдағы уақытта нан жеткілікті бола ма деп сұрады журналистер. Өткен жылы қуаңшылық болды. Бірақ, бұл орайда алаңдарлық ештеңе жоқ екен, күзгі егін орағына дейін еркін жететін астық қоры бар. Көктемгі егіс науқаны уақытында аяқталды. Жерден беріп, аспаннан иіп, ауа райы қолайлы болса, бес миллион тонна астық жинауға мүмкіндік бар.

Брифинг барысында өңірдің өңі уақыт өткен сайын жақсарып келе жатқандығына көз жеткізді көпшілік.

Б.ҚАЙЫРЛИН.
 Суреттерді түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар