Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Халыққа жан-жақты көмек көрсетудің ықпалды құралы - АРҚА АЖАРЫ

Халыққа жан-жақты көмек көрсетудің ықпалды құралы

«Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік Қордың құрылғанына жарты жыл толады

«Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев Көкшетау қаласына жұмыс сапарымен келіп, денсаулық сақтау, білім беру, спорт саласындағы және әлеуметтік бағыттар бойынша жұмыс атқарып жатқан үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) өкілдерімен кездесу өткізді. Дөңгелек үстел форматында өткен жиынға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Малғаждар Тәткеев,  Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы Талғат Жүнісов,  сала басшылары мен сарапшылар және бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты.  Жиында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Малғаждар Тәткеев пен «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев  екі жақты өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.  

– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау салаларында мәселелерді шешуге бағытталған бастамаларының бірі – «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік Қордың құрылғанына жарты жыл толады. Қордың негізгі міндеті – халыққа жан-жақты көмек көрсетудің ықпалды құралы болу.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қордың біздің өңірге көрсетіп отырған қолдауы үшін, Болат Бидахметұлы, Сізге алғысымды білдіргім келеді. Қордың жаңа қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларын талқылауға арналған алаң ретінде біздің облыс алғашқылардың бірі болып таңдалғаны қуантады, – деп бастады сөзін облыс әкімінің орынбасары Малғаждар Тәткеев. Өңір басшысының орынбасары әрі қарай өз сөзінде  Ақмола облысындағы бірқатар меценаттардың әлеуметтік саланы өркендетуге қосып жатқан үлестері туралы тарқатып айтып берді.

– Ақмола облысының әр ауданында жаны жомарт, елге қамқорлығы ерекше жайсаң азаматтар көп.  Елдің әл-ауқатын арттыруға жергілікті бизнес өкілдерінің тарапынан үлкен қолдау бар екендігін атап өткім келеді. Бір ғана мысал, соңғы екі жылда жалпы сомасы 9 миллиард теңгеге жуық облыста екі мыңнан астам әлеуметтік бастама жүзеге асырылды.

Осы жылдар аралығында 130-ға жуық нысан салынып, қайта жаңғыртылды, сондай-ақ, екі мыңнан астам басқа да әлеуметтік бастамалар іске асырылды.  Сөзіміз дәйексіз болмасын, тағы бір мысалды сөз реті келген соң айта кеткеніміз абзал. Қосшы қаласындағы меценат Матайбаева Сайра Әйтенқызының жеке қаражаты есебінен салынған 600 оқушыға арналған «Дара» жеке мектеп-лицейі жергілікті халықтың көз-қуанышына айналған.

Сонымен қатар, Макинск құс фабрикасының басшылығымен қайырымдылық ретінде Бұланды ауданының Макинск қаласындағы мектеп-гимназия ұжымына  48 миллион теңгеге заманауи оқу жабдықтары сатып алынды, – дей келіп, өңір басшысының орынбасары облыс меценаттарының жасап жатқан қамқорлықтарын ортаға салды.

Қазақ «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» деген емес пе?! Иә, рас соңғы жылдары жекеменшік әріптестік аясында көптеген ілкімді істер жүзеге асуда. Тағы бір мысал,  «Дара» жеке қоры есебінен Көкшетау облысының орталығындағы №18 жалпы білім беретін мектеп базасында инклюзивтік білім беруді қолдау кабинеті ашылды және мұндағы балабақша жанында осындай топ жұмыс істейді. Көру қабілеті нашар жасөрімдерге арналған «Нұр-бала» орталығы да ауыз толтырып айтар жаңалықтың бірі.

Жарқайың ауданының Тасөткел ауылындағы «Темірлан» серіктестігінің басшысы Ерлан Алиннің, Атбасар ауданындағы «Шуйское-21» серіктестігінің директоры Алтынбек Құрманқұловтың,  «Гормолзавод» серіктестігінің директоры Ерсайын Ғабдуллиннің, өңірімізге танымал кәсіпкер Борис Козловтың және тағы басқаларының көп балалы отбасыларға, елге жасап жатқан қамқорлығы зор жомарт жандардың игі істеріне халық дән риза. Жалпы өткен жылғы пандемия кезінде Ақмола облысындағы  меценаттар облыс тұрғындарына 400 миллион теңге қаржы аясында көмек көрсеткен. Биылдың өзінде 140 миллион теңгеге 400-ден астам бастама жүзеге асырылса керек.

Жиын барысында «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев сөз сөйлеп, Көкшетау қаласына келген жұмыс сапарының басты мақсатына тоқталып өтіп, қыркүйек айында өткізгелі отырған конференция туралы тарқатып айтып берді.  Басқарма төрағасының айтуынша мұндай кездесулер алдағы уақытта еліміздің барлық аймақтарында өткізілетін болады. Халықтың пікірі тыңдалып, ұсыныстар талданады, тек содан кейін Қордың жаңа тұжырымдамасы бекітілмекші.

– Бұл кездесудің басты мақсаты «Қазақстан халқына» қорының қызметімен таныстыру, Көкшетау өңірі үшін маңызды ұсыныстарды талқылау, ортаға салу болып табылады. Осы жылдың қыркүйек айында Қор жұмысының нысаналы бағыттарын айқындау мақсатында Ұлттық қайырымдылық конференциясын өткізуді жоспарлап отырмыз. Конференцияда Қордың жаңа тұжырымдамасы қабылданады.

Қазір бағдарламалық құжаттарды әзірлеу және жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Дайындық жұмыстарының маңызды бағыттарының бірі Қазақстанның барлық өңірлерінде осындай жиындар өткізу. Біз өз сапарымызды Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласынан бастап отырмыз.

Біз үшін әр өңірдегі халықтың пікірі маңызды, – деп бастады Болат Жәмішев жиында сөйлеген сөзін. – Конференцияның негізгі міндеті ұлттық қайырымдылықты дамыту мәселелері бойынша мемлекет, бизнес және үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) арасында диалог алаңын құру, тәжірибе, ақпарат және идеялар алмасу болып табылады. Инновациялық әдістерді зерттеу және талқылау, ашылмаған мәселелерді және прогрессивті шешімдерді іздеу, қайырымдылық саласында болашаққа ортақ міндеттер қою да конференцияның міндеті. Осы орайда, бір мыңға жуық ҮЕҰ өкілдерімен онлайн форматында кездесу жоспарланған.

Жалпы осы уақытқа дейін «Қазақстан халқына» қорына 38 мыңнан астам өтініш келіп түскен, оның 776-сы Ақмола облысынан. Өкінішке орай, олардың көбіне көмек көрсетуден бас тарттық. Себебі, өтініштердің басым көпшілігі, баспана алып беріңізші, несиемді өтеп беріңізші деген мәселелер төңірегінде. Тиісті талдау жұмыстары жүйелі жүргізіліп тұрады, – дейді басқарма төрағасы.

Жиын барысында білім, денсаулық, әлеуметтік сала бойынша  жиналғандар тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылды. Атап айтар болсақ, Көкшетау қаласындағы «Шанс» мүгедектерді оңалту орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Василий Шиманский мүмкіндігі шектеулі жандардың екінші жоғары білім алулары үшін жәрдемдесуін сұрады.

– Апат, өмірдегі сан түрлі сынақ айтып келмейді. Адам баласының денсаулығына зақым келіп, мүмкіндігі шектеулі болып қалған жағдайда бұған дейін өзі атқарып жүрген жұмыстан қол үзіп қалатыны бар. Ал, қазіргі таңда екінші жоғары білім алу өте қымбат, әркімнің қалтасы көтере бермейді. Осы орайда мүмкіндігі шектеулі жандарға да өз білімін жетілдіруге бір мүмкіндік берсеңіздер екен деп сұраймын, – деді Василий Шиманский.

Бұл тақырып жөнінде, жалпы зейнет жасындағы адамдардың біліммен қарулануы туралы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің проректоры Айгүл Жақыпова да өз ойын ортаға салды. Дөңгелек үстел жиынында, облыстық балалар ауруханасындағы ауыр диагнозбен жатқан баланың ем-домына бағасы аса қымбат дәрілік препараттың аса қажет екендігі,  баспанаға зәру жандар туралы, онкологиялық ауруларға шалдыққан жандарға арналған қажетті жабдық және тағы басқа өзекті мәселелер ортаға салынды. Осы және басқа да айтылған ұсыныстарға Қордың басқарма төрағасы тұшымды жауаптар берді.

                                                              Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар