Бұл туралы бүгін өзінің Facebook парақшасында «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының атқарушы хатшысы Айна Мысырәлімова жазды. Ол алдымен жас партияластарды ребрендингпен құттықтады.
«AMANAT» партиясының Жастар қанаты енді «ЖАСТАР РУХЫ» деп аталатын болды! Жас партияластарды бойға рух беретін керемет атаумен құттықтаймын! Зерендіде өтіп жатқан Жастар қанатының кезектен тыс VI Съезінің бүгін екінші күні өте қызу өтуде. Съездің пленарлық отырысында ұйымның трансформациясы іске қосылды, яғни ребрендинг жүргізілді. Жаңа атау жастар ұйымының қоғам дамуындағы рөлін көрсетіп, құндылықтары мен ұстанымдарын айқындап отыр деп есептеймін.
Съезд барысында қабылданған жаңа бағдарламалар мен жобалар Мемлекет басшысының реформаларына қолдау көрсетуге бағытталған және еліміздегі барлық жастардың басын біріктіруге себепші болады деп сенемін.
Жалпы, партияның жастар қанатының жаңаруы, әрине, атауын өзгертумен шектелмейді. Пленарлық отырыста табыстар мен жетістіктер ғана емес, ең алдымен жастардың проблемалары талқыланды. Бұл – өзгерістің басты көрсеткіші. Еліміздің барлық өңірінен келген делегаттар жастар қанатының жұмысын жақсартуды ғана емес, мемлекетті дамыту үшін экономикалық, әлеуметтік, мәдени сипаттағы жалпы идеяларды ұсынды»,-делінген.
Айта кетейік, Съездің пленарлық отырысына қатысқан Партия төрағасы Ерлан Қошановтың жастар қанатының алдына бірқатар перспективалық міндеттер қойды.
Атап айтқанда, жастар проблемаларының аймақтық карталарын енгізу, дарынды жастар үшін жобалар жәрмеңкесін және басқа да іс-шараларды өткізу, жас көшбасшыларға арналған оқу бағдарламаларының тиімділігін арттыру, NEET санатындағы жастардың проблемаларын шешу жөніндегі жұмысты күшейту, «Бір толқында» пікірталас алаңын және ЖОО түлектерін жұмысқа орналастыру бойынша агенттік құру.
#JastarRuhy #ЖастарРухы