«Қамқорлық» – жас ұрпаққа жанашырлық

Биыл ақпанда алғашқы рет Ақмола облысында Степногорск көпсалалы қалалық ауруханасының базасында «Қамқорлық» ерте араласу орталығы ашылды. Қазір мұнда балалар церебралдық параличі (БЦП) диагнозы, мүгедектігі және неврологиялық ауытқулары бар 3 жасқа дейінгі балалар толық оңалтудан мүлдем тегін өте алады.

Ең кішкентайлар үшін…

«Егер жиырма жыл бұрын балаларымызда мұндай тамаша орталыққа бару мүмкіндігі болғанда, қаншама баланы қалыпты толыққанды өмірге қайтара алар едік!» – деп медицина қызметкерлері сәл өкініш болса да, қуаныш сезімдерін жасыра алмады. 90-шы жылдардың аяғында және 2000-шы жылдардың басында елімізде әртүрлі даму патологиялары бар жаңа туған сәбилер саны едәуір артқан сол кезеңдер туралы еске алды.

– Сәбидің дүниеге келуі әр отбасының өміріндегі ең маңызды оқиға болып табылады, – дейді ерте араласу орталығының басшысы Нүрия Махатова. – Алайда, медицина қызметкерлері соңғы жылдары орталық жүйке жүйесінің туа біткен патологиялары бар балалар санының үздіксіз артып келе жатқандығы туралы қынжыла айтуда.

Шынында да, қазіргі әлемде оның себептері көп: нашар экология, организмнің жасырын инфекциялары, жүктілік кезіндегі ананың эмоциялық толқуы, босану кезіндегі қиындықтар және көптеген басқа жағдайлар. Кішкентай сәбидің өмірінің алғашқы айларында жүйке жүйесінің бұзылу белгілерін анықтау айтарлықтай қиын. Бірақ, бірте-бірте назар аударған ересек адам сәбидің дамуы онымен жасты балалардан ерекшеленетінін байқай алады. Әдетте мұндай балалар тым әсерленгіштік, айтарлықтай жылауық болып келеді, ал, ең бастысы – олар мүлдем сөйлемейді деуге болады. Оларға уақытылы медициналық емдеу ғана емес, мамандар жүргізетін жүйелі түрдегі түзету сабақтары да қажет. Сондай-ақ, медицина қызметкерлері оңалту процесіне баланы ғана емес, оның отбасын да қатыстыру қажет деген нық сенімде.

Аймақтың ғана емес, облыстың да тұрғындарының ерекше қажеттіліктері бар балаларына арналған жаңа ерте араласу оңалту орталығының ашылуы өз міндеттерін атқаруға енді ғана кіріскен қала әкімі Алпысбай Қайыржанов үшін алғашқы және маңызды мәселелердің бірі болды. Степногорск қалалық ауруханасының бас дәрігері Ольга Ищукованың пікірі бойынша қала басшысы мен оның командасы бұл жұмысты тамаша орындады.

Ольга Михайловна медицина қызмет-керлерінің, шенеуніктердің және меценат-тардың командалық жұмысына – барлығы өте кәсіби деңгейде жұмыс істеді – деген пікір білдірді. –  «Алтыналмас АК» АҚ біздің ең кішкентай пациенттеріміз үшін Орталықтағы жөндеу жұмыстарын қаржыландырды. Компания басшылығы мен ұжымына лайықты бағасын беру керек. Бөлімді жөндеу жөніндегі өтінішке бірден жауап беріп, бөлмені зерттеу үшін инженерлік персонал жіберді, өздері жоғары деңгейлі құрылыс ұйымын тапты. Жағдайға түсіністік танытып, жобаға енгізілген өзгерістерге сәйкес тез әрекет етті, мәселелердің шешімдерін бірден тауып отырды. Құрылыс-монтаж жұмыстары Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарына сәйкес жүргізілді. Интерьерді әрлеу заманауи стильде сапалы материалдарды пайдаланып жүргізілді: керамогранит едендер, жуылатын қабырғалар, диодтық жарығы бар аспалы төбелер.

Әлеуметтік жауапкершілік

Балалар жылында «Алтыналмас» компаниясы жеті қабатты ғимараттың бірінші қабатында ауданы 700 шаршы метр жөндеу жұмыстарын жүргізді. Жөндеу бойынша жалпы шығындар 59,3 миллион теңгені құрады.

– Балаларды оңалту орталығы Степногорск көпсалалы қалалық ауруханасының базасында орналасқан, ол бүкіл Степногорск аймағына, соның ішінде «Алтыналмас АК» АҚ өнеркәсіп объектілері орналасқан және қызметкерлері тұратын жақын жердегі Бестөбе және Ақсу елді мекендеріне медициналық жәрдем көрсетеді, – деді «Алтыналмас» компаниясының Мемлекеттiк органдармен жұмысты үйлестiру жөнiндегi департаментінің директоры Ғани Сағиев.

Компанияның қызметтері жүзеге асырылатын аймақтарға қолдау көрсету «Алтыналмас» үшін басымдықтардың бірі болып табылады. 2021 жылы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін Ақмола облысының өзінде ғана «Алтыналмас АК» АҚ 300 миллион теңгеден астам қаржы бөлді. 2022 жылы аймаққа қолдау көрсетуге 413 миллион теңге қарастырылған, бұл сома ақмолалықтардың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға арналған.

Ерте араласу орталығының негізгі міндеті – ықтимал мүгедектіктің алдын алу және оның деңгейін төмендету, өмір сапасын жақсарту, баланың қоғамда әлеуметтік бейімделуі. Орталықта бір жыл ішінде үш айдан үш жасқа дейінгі шамамен 600 бала оңалтудан өтеді деп жоспарлануда, оңалту курсының орташа ұзақтығы 21 күнді құрайды. Балалар курстан 2-3 ай сайын өтіп тұру мүмкіндігіне ие болады, себебіі ерте жастағы оңалту процесі үздіксіз болуы қажет.

– Орталық балаларға ерте жастағы қалыптаспаған функциялар мен дағдыларды қалыптастыруға және дамытуға көмектесіп, оларды оңалтуға мүмкіндік береді. Орталық және перифериялық жүйке жүйесінің бұзылған және жойылған функцияларын ішінара қалпына келтіруді тұрақтандыру. Организмнің ішкі органдарының немесе жүйелерінің ықтимал бұзылуы мен зақымдалуын түзету және ерте диагностикалау, – дейді Степногорск көпсалалы қалалық ауруханасының бас дәрігері Ольга Ищукова. – Тәжірибе көрсеткендей, баланың миы 3 жасқа дейін ғана икемді болады және оңалту арқылы емдеу мүмкіндігі жоғары болады. Кешенді түрдегі оңалту жәрдемі ертерек басталса, мүгедектіктің ауырлық дәрежесі төмендейді және баланың аурудан айығу мүмкіндігі жоғарырақ болады.

Уақытты өткізіп алмау

«Қамқорлық» ерте араласу орталығының мамандары баланың қоғамда әлеуметтік бейімделуі және оның өмір сапасын жақсарту үшін сөйлеу және когнитивтік функцияларды жақсарту арқылы ықтимал мүгедектіктің алдын алудың және оның деңгейін төмендетудің маңыздылығына басты назар аударады. Және оның отбасының өмір сапасы. «Бала ауырған кезде, бүкіл отбасы күйзеледі, ата-ана қатты уайымдайды. Ауру баланың анасы қиналады, қорқады, жабырқайды, бұл қиын жағдайдан қалай шығу керектігін білмейді. Біз гиперқамқоршы ата-аналарды жиі көреміз. Гиперқамқорлық – дамуы бұзылған балалардың ата-аналары жасайтын негізгі қателердің біреуі. Баланың өздігінше өсуі және қоғамда тезірек бейімделуі үшін біз ата-аналарды баланы дұрыс тәрбиелеуге шақырамыз».

Орталық ай сайын церебралдық паралич, қимылдық бұзылыстар синдромы сияқты неврологиялық диагноздары бар 3 айдан 3 жасқа дейінгі 20 балаға дейін қабылдайды. Бұл жерде мерзімінен бұрын туылған орталық жүйке жүйесі бұзылған балаларды оңалтады. Сондай-ақ, туа біткен даму кемістігі, нейроинфекция салдарлары, Даун синдромы, үдемелі бұлшықет дистрофияcы, босану кезіндегі жарақаттануы және қимылдық бұзылыстармен бірге кездесетін жүйке жүйесінің басқа да аурулары бар балалар оңалтудан өтеді.

– Орталық қазіргі таңда жобаның талаптарына сай кадрлармен қамтамасыз етілген, мамандар дайындалған, – дейді экскурсия барысында Нүрия Махатова. Олар оқытудан өтеді, сертификаттар алады. Балаларды невролог, реабилитолог, педиатр, сурдолог сияқты дәрігерлерден құралған мамандардың бүтін көппрофильді тобы бақылайды. Педагогикалық штатта дефектолог, логопед, эрготерапевт, балалар психологы және емдік дене шынықтыру бойынша тәжірибелі нұсқаушылар тобы бар.

Орталықта емдік дене шынықтыруға арналған екі зал және «Механотерапия» залы бар. Емдік дене шынықтыру залдарында ең заманауи жабдықтар орнатылған. Бұл – «Бобат» функционалдық кушеткалары, дене қалпымен емдеуге арналған әртүрлі жұмсақ модульдер, төсеніштер, білікшелер, бұрыштар, тренажерлер.

«Иппотренажер», «MOTOmed», «Атлант» пневмо-костюмдері, «Корвит» аппараты, көптеген «Вертикализаторлар».

Дефектолог мамандардың кабинеттерінде түрлі дамытушы құралдар, панельдер мен ойыншықтардан басқа интерактивтік сенсорлық үстел бар, онда ерте жастағы балаларға арналған дамытушы ойындар бар. Ол жерде балалар ойын процесіне шаттанып, даму үшін қажетті дағдыларды игереді.

– Эрготерапия кабинеті ойыншықтар мен құралдардың барлық түрлерімен жабдықталған, – деп Нүрия Канапияқызы бізге жөнделген ыңғайлы бөлмені көрсетті. – Ерте даму әдісінде біздің мамандарымыздың міндеті баланың қызығушылығына бейімделу. Балаға ойлау, таңдау және әрекет ету еркіндігін беру өте маңызды. Бұл залда тыйым жоқ және баланың қателік жіберуге құқығы бар, осылайша бала еркіндікке тәрбиеленеді. Сондықтан, барлық құралдар сөрелерде баланың өзіне тап осы сәтте қызықты бағытты таңдай алатындай етіп орналасқан.

– Әдетте логопед мамандар сөйлеу және сөйлеу бұзылыстарын түзету бойынша жұмыс істейді, бірақ егер баланың әлі тілі шығатын жаста болмаған кезде, логопед мамандарымыз оған дұрыс шайнауға, жұтуға, күлуге және алғашқы сөздерін айтуға үйретеді, – деп жалғастырды дәрігер. Логопед мамандардың кабинеттері кушеткалармен, айналармен, арнайы үстелдермен, зондтармен, дамытушы шуылдақ ойыншықтармен жабдықталған.

Сондай-ақ, орталықта скрининг жүргізуге, ерте жастан есту қабілетінің бұзылуын анықтауға арналған аудиометрия аппараты бар. Физиопроцедуралардың ішінен сумен емдеу жабдығы бар. Бұл біздің «фишкамыз» – «Посейдон құрғақ флоатинг ваннасы»! Ол пациентке өзін барынша жеңіл сезінуіне ықпал етіп, денесін қыздырып, орау, гидромассаж әсерін барынша алуға мүмкіндік береді. Мұндай ваннаның көрсеткіштері: тірек-қимыл аппаратының бұзылуы, жүрек-тамыр, иммундық жүйе, әртүрлі генездегі ауырсыну және жарақат.

Балалар үшін бірге

«Қамқорлық» орталығы мамандарының маңызды міндеті ата-аналармен күнделікті қарапайым іс-әрекеттер мен қимылдарға: баланы қалай дұрыс көтеруге, тамақтандыруға, киіндіруге, отырғызуға және т.б. үйрете отырып, үлкен жұмыс жүргізу болып табылады, себебі, оңалту процесінде барлығы маңызды. Әсіресе, ерте кезеңде.

Жеке жаттығуларға арналған емдік дене шынықтыру залында нұсқаушылар жаттығуларды төсеніштерде, арнайы кушеткаларда дене қалпымен емдеу үшін білікшелерді және бұрыштарды пайдаланып өткізеді. Жүруге үйретуге, дағдыландыруға арналған емдік дене шынықтыру залында балалар үшін қимыл мен тепе-теңдікті жақсартуға арналған жаттығулар өткізіледі. Сондай-ақ, қадамның биіктігін, ұзындығын арттыру арқылы жүру үлгісі жақсартылады.

Механотерапия залында балалар «MOTOmed» велотренажері, «Корвит» аппараты, «Родео иппотренажері» көмегімен жаттыға алады.

Орталықтың жұмысына екі жастағы Тимошканың анасы баға берді. Ол қаланың, аурухананың, орталықтың және «Алтыналмас» компаниясының басшылығына ерекше қамқорлықты қажет ететін балалар мен олардың отбасыларына көрсеткен нақты көмегі үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, өзінің ұлын оңалту нәтижелері туралы айтып берді. Бала белсенді, білуге құмар және логопед пен эрготерапевт жаттығуларына қуана қатысады.

– Біз мұнда үш апталық курс өтіп жатырмыз және бізге барлығы қатты ұнайды: жөндеу, дәрігерлер, нұсқаушылар. Өте заманауи жабдық. Барлық жерде бұл ақылы және біз үшін өте қымбат, ал, оны тегін пайдалану мүмкіндігі кез-келген отбасында бола бермейді. Мұндай аппараттарды және мамандардың мұндай жылы жүзбен қарауын жиі кездестіре бермейсіз. Ал, мұнда барлығы жоғары деңгейде. Қазіргі кезде балаларымызға көп қамқорлық жасалып жатқаны үшін рақмет, ұлым мұнда сүйсініп келеді, қорықпайды. Мұнда арбашаға арналған жеке ыңғайлы пандус бар, ресепшн бар, барлығы ойластырылған. Өте жайлы, жағымды, сенімді. Барлығы күшті!

Оңалтудан өту үшін тұрғылықты жері бойынша емханаға хабарласу керек. Хабарласқан жағдайда учаскелік дәрігер емхана меңгерушісімен бірге баланы оңалту қажеттілігі жөнінде шешім қабылдайды. Сонан соң дәрігер ата-ананың қалауын ескере отырып жолдаманы рәсімдейді. Ауданның, облыстың басқа қаласында тұратын тұрғындар да «Қамқорлық» орталығында оңалту курсынан өте алады.

Ғалия ХОЗИНА.

Степногорск қаласы.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар