Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев «2022 жылғы суға шомылу науқанының өту барысы» жөнінде хабарлама жасап, ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Ақмола облысының аумағында халық дем алып, балық аулайтын 561 су айдыны бар. Ал, төтенше жағдайлар департаментінің маңызды міндеттерінің бірі – су айдындарында адамдардың қаза болуына жол бермеу.
Осы мақсатта алдын ала көптеген шаралар атқарылған. Олардың қатарында тұрғындарды алдын ала сақтандыру, бала шақтан жүзуді үйрету, суда өзін қалай ұстауға үйрету жатады. Мәселен, ағымдағы жылы радиодан 2337, телеарналардан 29 хабар беріліп, 41920 ақпараттық насихат өнімдері таратылып, әлеуметтік желілерге 501 бейнероликтер орналастырылған. Газеттерге 92 мақала жарияланған. 396 «Суға түсуге болмайды» деген белгі орнатылған. 67 интерактивтік сабақ өткізілген.
Биылғы жылдың Балалар жылы деп аталуына байланысты балалармен жұмыс жандана түскен. Өртке қарсы күрес бөлімшелерінде Балалар күні мерекесі қарсаңында «Құтқарушымен бірге бір күн» атты акция ұйымдастырылған. Бұл шараға қатысушы балалар құтқарушылар жұмысының қыр-сырымен жете таныса отырып, суда жүзудің қауіпті тұстарын ұғып, суға кетуге айналған адамға қандай көмек көрсету керектігін де ұғып-біледі.
Сондай-ақ, департамент білім, дене шынықтыру және спорт басқармаларымен бірлесе отырып суда түсу кезінде сақталуға тиіс ережелерді үйретіп, арнайы сабақтар өткізген. Жыл басынан бері 2,6 мың бала жүзіп үйрету жаттығуларына тартылған. Бұл жұмыс одан әрі жалғасуда.
Департамент полиция қызметкерлерімен, жергілікті атқарушы билік өкілдерімен бірлесе отырып, 1808 рейд өткізіп, 195 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
Осындай шаралардың қолға алынғанына қарамастан, тұрғындардың суға түсу кезінде қайғылы оқиғаларға ұшырауы үзілді-кесілді тиылған жоқ.
Жыл басынан бері 7 адам суға кетіп, қаза тапқан. Оның 3-еуі бала. Өткен жылы осындай уақытта 14 адам қазаға ұшыраған болатын , 1-еуі бала еді.
- Адамдардың қайғылы оқиғаға ұшырауының себептері әртүрлі. Негізінен өз күшін дұрыс бағаламау, алкогольді ішімдік ішіп суға түсу, алыс қашықтыққа бәстесіп жүзу салдарынан орны толмас оқиғаларға душар болуда. Су жағасына барған ата-аналардың балаларын қараусыз қалдыруы, қайда жүргенін қадағаламау тағы бір үлкен өрескел қателік, – деп атап өтті Нұрлан Бауыржанұлы.
Бүгінгі таңда өңірде 71 рұқсат етілген суға түсетін орын бар. Оның 10-ы коммуналдық, 61-і жеке меншік жағажай болып табылады. Биылғы маусымда тағы 2 жекеменшік жағажай ашылған. Әлі де 4 жағажай ашу жоспарлануда. Бір айта кететін жағдай, рұқсат етілген, құтқарушылар қадағалайтын жағажайларда тосын оқиғалар кездеспейді. Ондай қиын жағдайлар негізінен рұқсат етілмеген көлдерде орын алуда.
Департамент басшысы Н.Атығаев Сәтібек Жолдаспаев деген азаматтың «Лагуна» демалыс орнында 14-ші шілде күні 2 жасар баланы судан құтқарып, оған алғашқы көмек көрсетіп, аман алып қалғанын атап өтті. Сәтібек Дүйсенбайұлының білікті көмегі, батылдығы кімді болсын тәнті еткендей.
Сөзінің соңында Нұрлан Атығаев суға түсу кезінде сақталуға тиіс ережелерді тағы бір қайталап өтті.
Олар:
-егер суға түсуге балалармен бірге барған болсаңыз, ешқашан балаларды қараусыз қалдырмаңыз;
-рұқсат етілмеген жерлерде суға түспеңіз;
— көрсетілген белгілерден әрі жүзбеңіз;
— жүзу құралдарын пайдаланып балық аулау кезінде құтқару кеудешесін киіңіз;
— қайықтан, катерден, тағы басқа биіктіктерден суға секірмеңіз;
— суда жүзуге арнайы жасалмаған заттарды пайдаланып, суға түспеңіз;
— арнайы қойылған белгілерге назар аударыңыз, ол талаптарды бұзбаңыз;
-қараңғы уақытта суға түспеңіз;
— алкогольді ішімдік ішкен немесе есірткі қабылдаған күйі суға түспеңіз
деген ескертулер.
Әрине, департамент басшысы баяндағандай, құтқарушылар тұрғындардың амандығы үшін қолдан келгеннің барлығын жасауда. Алайда, өкінішке ұрындырып отырған көбінесе суға түсушілердің өздері жіберетін қателіктер. Көл жағасына барып туған күн, тағы басқа шаралар өткізіп, балаларды қарауды ұмыту, ішімдік ішіп алып, суға жүзіп жарысу, бақылаушы, құтқарушы жоқ, рұқсат етілмеген жерлерге барып суға түсу, қауіпті биіктіктерден секіру, тағы басқа ереже бұзудың соңы өкінішке ұрындыруда. Сондықтан, алдымен қойылған талаптарды орындап, сақ болу- амандықтың кепілі болып табылмақ. Су сақтықты қажет етеді.
Серік САПАРҰЛЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.