Өнегелі әулеттің ұрпағы

Осы бір жұмсақ мінезді, сыпайы, сабырлы азаматты көптен білемін. Ол рухани  парасаттылық пен адамшылықтың, адалдық пен жоғары мәдениеттіліктің, кісілік пен кішіліктің, аудан халқына деген патша көңілдің үлгі-өнегесін көрсетіп келеді. Баттал Нұрмұханбетұлы  Ыбыраев – байсалдылық пен  сабырлықтың  эталоны. Сөзіне адал, ісіне бекемдігін  өз ісімен  дәлелдеп жүрген тұлға.

Әкесі Нұрмұханбет Жанайдарұлы Батталдың екі жасында дүниеден өтеді. Оның ешкімнен кем болмай, тең өсуіне  анасы Дәмет Сармантайқызы көп еңбек сіңіргені бесенеден белгілі. Бойына мейірімділік ұрығын сеуіп, өркен жайып, жайқалып өсуіне қолынан келгенін аянып қалған жері жоқ. Ананың ақ сүтін ақтау, ардақты әке атына дақ түсірмей, лайықты болу оның негізгі парызы екенін мен жақсы білемін. Өмір жолындағы жеткен жетістіктердің барлығының бастауында ата тәрбиесі де тұр.

Атасы Жанайдар Ыбырайұлы Ерейментау жерінде де 1916 жылғы болған ұлт- азаттық көтерілісінің мергендер тобын басқарған батыр адам. Ол кісі немересінің ерінбей еңбек етуіне, әділетті әрі көпшіл болуына, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп өсуіне ден қойды. Осыларды сөзбен ғана емес, ісімен де үлгі етіп, бойына сіңіре берді. Құдайға шүкір, әке тәрбиесін көрмесе де, үлкен азамат болып өсті.

Негізі Батталды өз басым өте білімді, мәдениетті, ізденімпаз, еңбекқор жігіт деп білемін. Еуразия институтын құқықтану мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітірген. Содан бері туған елінде білім, әлеуметтік және ауыл шаруашылығы саласында қызмет атқарып келеді. Ол асфальтта емес, ауылдың топырағын басып өскен ақылы мол азамат. Үлкенді сыйлай білетін қасиеті содан. Әрқашанда ұлт, рух дегенде жанын жұлып беруге дайын. Қазіргі  қызметі өте ауқымды және де оны абыроймен атқарып келеді деп ойлаймын.

Адам баласының бойындағы ерекше жақсы қасиеттердің бірі – байсалдылық пен сабырлылық. Әрине, бір азамат атаулы жасқа жеткенде әркім мақтанға салып, қошеметтеп жататыны белгілі. Кейде ол расында лайықты азамат. Ал, кейде асыра сілтеу мен артық қошемет екені көрініп қалады. Бүгінгі мен сөз етіп отырған азамат алғашқылардың қатарында.

Оның Ерейментау ауданының дамуына қосқан үлесі өте зор. Иә, ол әлі жас, ердің жасы елу беске енді толды. Бұл – «бергенінен берері көп» дейтін өмір белесі.

Баттал ініме осынау  жауапкершілігі мен абыройы мол жауапты қызметте ел ертеңі үшін шаршамай, шалдықпай, зор жігермен қызмет етіп, алға қойған мақсаттарын жүзеге асыруда толағай табыстар тілеймін.

Айналайын, Батталжан, жасыңа жас қосылсын, еңбегің  еленіп, беделің биіктей берсін. Абыройлы еңбек етіп жүрген ініме тек жақсылық болсын деймін. Биіктерден көріне бер. Бүгінгі мерейтойыңда , саған және отбасыңа зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, еңбекте тың табыстар мен өмірдің асқақ абыройын тілеймін.

Жанжол ӘУБӘКІРҰЛЫ,

зейнеткер ұстаз.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар