Таяуда Атбасар ауданында Қазақстан Ресупбликасы Ұлттық ұланының «Орталық» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінің кинология қызметкерлерінің арасында «Жыл маманы» атты байқау болып өтті. Аталмыш сайысқа кинолог мамандар өздері баптап, оқытып-жаттықтырған қызметтік-иіс сезгіщ иттердің қарымын таразылады. Байқауға Қарағанды, Петропавл, Қостанай, Теміртау, Степногрск пен Көкшетау қалаларынан барлығы 30-ға жуық әскери қызметші қатысып, тәжірибе алмасып, біліктіліктері мен шеберліктерін ортаға салды.
Байқауға қатысушылар үш аталым бойынша өзара жарысты. Тарқатып айтар болсақ, қызметтік-иісшіл иттің иесі берген бұйрықты тапжылмай орындай алуы, із-түзсіз жоғалған кісіні іздеп табуы, есірткі мен минаны анықтауы сияқты тапсырмаларды тапжылмай, айна-қатесіз орындай білгендер үздік деп табылды.
– Сайыс өте жоғары деңгейде өтті. Алдымен осы жарысты ұйымдастырып жатқан Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығына алғысымды білдіргім келеді. Себебі, осындай іс-шаралардың арқасында біздер өзара тәжірибе алмасып, біліктіліктерімізді шыңдай түсеміз. Қатысушылардың барлығы осал емес. Дайындықтары бірінен бірі өтеді. Аталмыш сайыста жүлделі орынға ие болып жатқаным, күнделікті атқарып жүрген қызметімнің жемісі деп білемін. Алдағы уақытта да ел тыныштығы жолындағы қызметімді абыройлы атқару үшін аянбай еңбек етуге әзірмін, – дейді Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімінің жауынгерлік қамтамасыз ету ротасының аға маманы (нұсқаушысы), сержант Самат Шәкенов.
Самат Оразалыұлы бұл байқауда «Іздестіру бойынша үздік» номинациясында топ жарып, жүлделі екінші орынға ие болды. Ал, «Мина іздеу бойынша үздік» аталымында Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімінің жауынгерлік қамтамасыз ету ротасының сержанты Барит Әдікенов жеңімпаз атанып, жүлделі 1-ші орынмен марапатталды. Бұл сыннан өту оңай-оспақ шаруа емес. Аз ғана уақыт ішінде берілген тапсырманы мүлтіксіз орындау асқан шеберлікті талап етеді.
Біз осы орайда, отыз қатысушының арасында топ жарған өз әріптестерімізді құттықтап, оларға алдағы қызметтеріне табыс тілеміз!
Абай ҚОНАҚБАЕВ,
Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімінің клуб бастығы.