Шебердің қолы ортақ

Қолданбалы өнер шебері Марат Камелиновтың жұмыстарымен облыс орталығы Көкшетау қаласы ғана емес, басқа да қалалардың тұрғындары таныс. Алайда, талантты қолөнершінің ішкі істер органдарында 14 жыл жұмыс істегенін бірі білсе, бірі білмес.

Әр түрлі қалыңдықтағы сым мен ағашты қолдана отырып, запастағы офицер ерекше өнімдер жасайды: Олар машиналар мен қарулардың модельдері. Марат Советұлы 5 жаста болғанда, оның ата-анасы автокөлік сатып алуды армандады. Олардың машина туралы әңгімелерінен шабыт алған кішкентай Марат алюминий сымынан өзінің алғашқы машинасы – «Жеңісті», кейін «Волганы» жасады. Содан бері Марат Советұлы жасаған машиналардың модельдері күрделене түсті. –Машина жасау кезінде менің басты мақсатым, оны шындыққа мүмкіндігінше жақын ету, сым машинасы маневрде де кем түспеуі керек. Мен оларды бейнесі мен ұқсастығы бойынша жасаймын», – дейді М.Камелинов.

Марат Советұлы 1965 жылы 29 қыркүйекте Көкшетау облысы Еңбекшілдер ауданы Қайнар ауылында (қазіргі Біржан сал ауданы) дүниеге келген. Машина жасау техникумын бітірген (1980-1984 жж.). 1984-1986 жылдары Забайкалье өлкесіндегі Чита қаласында Кеңес Әскері  қатарында  әскери борышын өтеді. 1986 жылы политехникалық институттың Қарағанды филиалына «инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша оқуға түсіп, кейін Челябинск мемлекеттік техникалық университетіне ауысып, оны 1992 жылы тәмамдады.

1994 жылғы 23 ақпаннан бастап ішкі істер органдарында қызметі басталды. Ол үшін Кеңес Әскері күні тәртіп сақшыларының қатарына қосылуының символдық мәні болды. Қызметін Көкшетау облысы ІІБ бөлімінің инспекторы болып бастады. 2000 жылы М.Камелинов Қарағанды университетінің Көкшетау филиалына «құқықтанушы» мамандығы бойынша оқуға түсті. Полициядағы қызмет пен ерекше хоббиді біріктіру қиын болды. Өйткені, жұмыс көп уақытты қажет етті. Запастағы офицер бірнеше жылдар бойы өзінің хоббиімен айналыспағанын мойындайды, бірақ содан кейін оған қайта оралды. 2007 жылғы желтоқсанда Ақмола облысы ІІД көші-қон полициясы басқармасы бөлімшесінің бастығы лауазымынан полиция подполковнигі шенінде құрметті демалысқа шықты. Қызмет еткен жылдарын еске ала отырып, Марат Советұлы өзінің тәлімгер әріптестері Хамзин Әділхан Камиұлы мен Хасенов Жасболат Қойбағарұлы туралы ізгі ниетін, тілектестігі мен жылы лебізін білдіреді.

Марат Советұлы құрметті демалыста бола тұра, ішкі істер органдары және Ұлттық Ұлан ардагерлер кеңесінің жұмысына белсенді қатысады. Дойбы ойнайды, нумизматика мен шет тілдерін үйренуді жақсы көреді. 2004 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне шет тілдер факультетіне оқуға түсті. Өкінішке орай, оқуын тәмамдамады. Алайда, Марат Советұлы ағылшын тілін үйренуді жалғастыруда және шетелдіктермен сөйлескенді ұнатады.

2005 жылы Австралия, Англия, Шотландия және Қытайдан келген велосипедшілер Қазақстан бойынша саяхаттап, Көкшетауға тоқтады. Марат Советұлы шетелдік қонақтарға оның үйіне барып қонуды ұсынды. Жылы қабылдау мен Камелиновтар отбасымен бірге Бурабайға сапар шегу шетелдіктерге ұмытылмас әсер қалдырды. Бірнеше жылдан кейін сол саяхатшылардың бірі Марат Советұлын әлеуметтік желіде тауып алып, хат жазған. Стивтің айтуынша, ол көптеген елдерде болған, бірақ, оған қай жерде ұнағаны туралы сұрағанда, ол Қазақстанда деп жауап берген.

Марат Советұлы түрлі көрмелерге ықыласпен қатысады. Оның машиналары мен тапаншалары әрдайым балалар мен ересектерді қоса алғанда, ынталы көрермендер тобын жинайды. Ішкі істер органы ардагерінің кейбір жұмыстары полиция департаментінің мұражайында сақтаулы. Шебер өзінің ерекше өнімдерін гаражда сақтайды, олар үшін арнайы сөрелер жасайды. Камелинов машиналарының ішінде жылжымалы кран, тіркемелер, джиптер, мотоциклдер бар, платформасы 360 градусқа айналатын, өзі тетік есебінен жұмыс істейтін  экскаватор бар. «Магирус 232 Д19 К» машинасы – оның коллекциясындағы ең күрделі машиналардың бірі. Магирусты ол 1978-1979 жылдары «За рулем» журналындағы барлық мәліметтерді мұқият зерттеп жасады. Марат Советұлы әрбір бұйымға өз жанының бір бөлшегін салады. Сондықтан, ол өз машиналарын сүйікті немесе сүйікті емес деп бөлмейді.

Мен көптеген жұмыстарымды сыйға тарттым. Сондықтан, олардың қанша жасалғанын санау өте қиын. Мүмкін, шамамен екі мың. Қазіргі кезде жұмысқа қолайлы материалды табу қиын. Өндіруге кететін уақыт модельдің күрделілігіне байланысты. Мысалы, егер мотоциклді бірнеше сағат ішінде жасауға болатын болса, ауыл шаруашылығы техникасының моделін жасау 4-5 күнге созылуы мүмкін, ал, ең қиыны – рөл жасау, – дейді инженер.

Запастағы подполковник белсенді адам, зейнеткерлікке шыққаннан кейін де 14 жылдан астам уақыт бойы «Камаз-Инжениринг»
АҚ-ында инженер болып жұмыс істеп келеді. Марат Советұлының жұмыс кабинетінде сымнан жасалған КамАЗ-дың дәл көшірмесі бар, оның кабинасы шалқайып ашылады, рөлі жұмыс істейді, дөңгелектері айналады.

Мамыр айында М.Камелинов «Сенім 2022» республикалық байқауында «Еңбекті қорғау бойынша үздік инженер» номинациясында 1 орынды жеңіп алды. Бұл конкурс кәсіпорын қызметкерлерінің өндірістік жарақаттануы мен кәсіптік ауруға шалдығуының алдын алудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ, жұмыскерлердің қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау үшін жұмыс берушілерді ынталандыру мақсатында өткізіледі. М.Камелинов бұл дипломды елордада алды.

Сөз соңында шебер қолөнерші Марат Советұлына зор денсаулық, сарқылмас шабыт және шығармашылық табыс тілейміз!

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар