Сандықтау ауданында «Қанағат» қонақ үй-туристік кешенінің базасында «Жалынды болашақ» скаут қозғалысының шатырлы лагерінің салтанатты ашылуы өтті.
Іс-шара жастарды патриоттық тәрбиелеуге, балаларда тәуелсіздікке, өзіне және табиғатқа жауапкершілікке тәрбиелеуге, лагерьге қатысушыларды туристік экологиялық және өлкетану қызметін қолдана отырып, жеке тұлғаның өзін-өзі жүзеге асыруына және қазіргі қоғамда сәтті алға жылжуына ықпал ететін дағдыларға тәрбиелеуге бағытталған.
Іс-шараны облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі, өлкетану және экология орталығы ұйымдастырды.
Скаут қозғалысына облыстың 9 ауданы мен 2 қаласынан 12 жастан 16 жасқа дейінгі 100-ден астам бала қатысады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы 5 күн балалар үшін ұмытылмас хикаяға толы болады, онда олар тапқырлық танытып, жаңа білім мен дағдыларды игеріп, мәселелерді өз бетінше шеше алады.
Қатысушылар үшін «Лазертаг» әскери ойыны, табиғи материалдан жасалған үздік бұйымдарға конкурс, патриоттық фильмдер көру, туристік кедергілер жолағында жарыстар, пневматикалық винтовкадан ашық нысанамен ату, «Дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету», «Жорықтық дәрі қобдишасын жинақтау» тренингтері ұйымдастырылады.
Іс-шара қорытындысы бойынша жеңімпаздар І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Естеріңізге сала кетейік, «Жалынды болашақ» скаут қозғалысының шатырлы лагері 26-30 шілде аралығында жалғасады.