Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қайран, менің қажырлы Айман апам - АРҚА АЖАРЫ

Қайран, менің қажырлы Айман апам

Смағұл атам мен Қайша әжемнің тұңғышы Айман апам 1910 жылы туған. Өсіп, бой жеткен соң көрші Ақтөбе ауылына Оспан Әлмейісов деген азаматқа тұрмысқа шығады. Оспан ата Ұлы Отан соғысына аттанып, майдан даласында шәйіт болады. Оспан атамыздан қаралы хабар келген соң, Айман апам әке-шешесіне оралады. Майдангердің жесірі ретінде Кеңес үкіметінің көмектескен түрі ғой, апамның зейнетақысы басқаларға қарағанда екі-үш есе көбірек-тін. Туған үйіне оралған соң, әкесі мен анасының барлық шаруашылығын қолына алады. Кейін Қайша әжем қайтыс болған соң атам Смағұлды бағып-қақты.

Қыз баланың әке алдында перзенттік борышы болса, соны шынайы ниетпен, адал көңілмен, ақ жүрекпен, бар күш-қуатын салып атқарғанның бірі – бұл дүниеде тек қана менің Айман апам ғой деп ойлаймын. Атам Смағұлдың қас-қабағына қарап отырып айтқанын бұлжытпай орындайтын. Айман апам, ұқыпты, әр шаруаға үлкен жауапкершілікпен қарайтын. Ал, апамның тазалыққа деген көзқарасы керемет еді. Дүниеде екі кісі тазалықты жақсы көрсе соның бірі Айман апам екеніне кәміл сенемін.

Дастарқан басында атам Смағұл тап-таза, аппақ болып киініп, басында тақия, иығында жеңіл шапаны, шаңырағымыздың көркі болып отыратын. Айман апам өте іскер кісі еді, өзінің шағын тігін машинасы болатын. Атам Смағұлдың барлық киімдерін апам өзі тігетін. Бала кезімізде Айман апамның тігіп берген қолғабының, қысқы шалбарларының жылуын мен ешқашан оны ұмытпаймын.

Апам өте әдемі кісі еді, дөңгелек жүзді, ашық өнді, жылы шырайлы, ақжарқын болатын. Апамды алыстан танитынбыз, жүрген жүрісі, киген киімі өзіне керемет жарасатын. Иіс су, әтірді өте жақсы көретін, қалтасында үнемі иісі тамаша сабын жүретін. Апамның көйлектері бірінен-бірі әдемі, соның бәрін өзі тігіп алатын. Өзінің көңіліне ұнаған адамдарды алақанға салып күтетін.

Солардың бірі –Сәдір әтәйім мен Дәмелі апатайым еді. Олар жаздың күні демалысқа ауылға келгенде, Айман апамның жаны қалмайтын. Есіктің алдында қос орнатып, далада ашық отқа неше түрлі тамақ дайындайтын, ыстық нанды үзіп-үзіп, сары майға езгілеп «мыжғыма» әзірлейтін. Самауырда қайнаған ыстық шәй, жаңа тартылған сұйық қаймақ, жент, сары май, құрт, дастарханы қостың ішінде жайнап тұратын.

Самал жел, көлеңке, жаймашуақ жаздың күні, тамаша көңіл-күй, осының бәрі әдемі бір сыйластықтың белгісі еді. Әтәйім мен апатайым елдеріне кеткенше Айман апам дамыл таппайтын. Бұл – өзі ұнататын інісі мен келініне деген құрметі еді. Атам мен апамның қолында екі бие болды. Ақ бие және қара бие. Жаз айында таңертең ерте апам екеуміз ауылдың шетіне, жылқы келетін жерге барамыз, қолымызда биелерге беретін жеміміз бар, сонымен биелерді ұстаймыз, ноқталап жетектеп үйге әкелеміз.

Айман апам жылқыдан қорықпайтын, ала бие жуас, бір-ақ сүті аз болатын, ал, қара бие тентек еді соған қарамастан апам сауа беретін, өйткені сүті мол еді. Апамның дайындаған қымызы өте дәмді болатын. Біздің үйден қымыз ішкен адамдар мақтап кететін. Бәдір көкемнің тұңғышы Мәтенбай ағамызды Айман апам тоғыз айында бауырына салды. Қазір ойласам, апам өте өжет адам болған, себебі үйдің-түздің шаруасы, егде жасқа келген әкесі, келімді-кетімді қонақ, пештің отын-суы, таусылмайтын үйдің жұмысы, соған қарамай тоғыз айлық нәрестені асырап бағу…

Матенбай ағамыз ешкінің сүтімен өскен екен. Есейген кезде апам дайындаған тамақты бірінші болып ағамыз жейді екен. Сондықтан, туыстар ағайды «Астың Биссмилласы» деп ойнап айтады екен. Айман апам аялап, мәпелеп өсірген Матенбай  ағамыз әдемі жігіт болып өсті. Денелі, қой көзді, көзінің қарашығы көк болатын, қыр мұрынды, дөңгелек жүзді, аппақ жігіт.

Азаматтық борышын өтеу үшін әскерге шақырылып, Ресей жерінде міндетін атқарды. Апам алаңдап ағайдан хат-хабар күтетін, келген хатын бізге бірнеше рет оқытатын, ағайды қатты сағынатын. Қыс айларында екі айда бір «посылка» салатын. Неше түрлі дәмді астарды дайындайтын, әдейілеп жолда бұзылмайтын қылып жіберетін. Ағаға «посылка» жіберу үлкен науқан болатын. Ағамыз әскери формамен түскен фотосуреттерін жіберетін, ол кісіге әскери киім тамаша жарасатын. Айман апам ағамыздың фотосуретін ұзақ қарап отырып, «құлыным Мәтенжаным жүдеп қалыпты ғой» деп уайымдайтын.

Екі жыл әскери борышын атқарып ағай аман-есен елге оралды. Совхоздың №1 бригадасында механизатор-тракторист болып жұмыс істеді. Мектепте оқитын кезіміз, бірде ағайдың ДТ-75 тракторы үйдің қасында тұр екен, інім Сайранға жүр, Есіл өзенінің жағасында шауып қойған тал ағаш бар еді, соны алып келейік дедім. Тракторды от алдыру үлкен шаруа, әуелі «пускачты» от алдыру керек, жіппен орап тартасың, сосын «үлкен» моторға кірісесің, әйтеуір екеулеп жүріп тракторды от алдырдың-ау әйтеуір. Қуанып жүріп кеттік. Есіл өзенінің жағасына келіп, тростың үстіне талдарды тасып үйдік. Болған соң, троспен талдарды қысып алып, үйге сүйреп әкелдік, шамамен екі-үш шақырым жер.

Біздің трактор жүргізіп, үйге тал әкелгенімізді көріп, атам Смағұл мен Айман апам қуанып жүр. Міне, адам болғандарың деп мақтап жатыр. Мақтағанға қомпайып мәз болып, Сайранға жүр енді балық аулайтын қайықты үйге әкелейік дедім. Бесоба өзенінің жағасына келіп, тракторды артқа шегіндірдім, суға таяған кезде тежегішті бассам, трактор тоқтамайды, жаман састым, қорыққаннан тракторды сөндіріп үлгердім, бірақ, көлігіміз суға жартылай батты. Амал қанша, салбырап ұнжұрғамыз түсіп, сомпиып үйге жаяу келдік. Атам Смағұл «Алда, кәрі сор-ай» деп бізді аяп жатыр. Бір жағынан ағайдан да қаймығып жүрміз.

Рұқсат сұрамай тракторды жүргізгенімізге. Мәтенбай ағамыз ақкөңіл, бауырмал жан еді, бізге ештеңе деген жоқ, басқа трактор әкеліп, батқан көлігін батпақ судан шығарып алды. Мәтенбай ағамыз кейін көрші Далабай ауылынан Тілектес деген қызбен танысып, соған үйленді. Сөйтіп, біз жеңгелі болдық. Тілектес жеңгем, Айман апама көмекші болып, үйдің шаруасын өз қолына алды. Екі-үш жылдан соң Матенбай ағамыз Жақсы ауданының ішкі істер бөліміне милиционер болып қызметке орналасты.  Көп кешікпей ағамыз жанұясымен Жақсы еліне көшіп кетті.

Целиноград ауыл шаруашылығы институтының екінші курсын бітірген соң каникулға студенттік жолдастарым Серік Омаров және Күнтуар Бәпішевті ертіп елге келдік. Сәдір әтәйімнің «Урал» мотоциклін мініп, Бесобаға барып, екі-үш ау құрдық. Ертеңіне ауды қарасам, Алланың жазуымен бізге жарты қаптай балық түсіпті. Жолдастарымның алдында беделім көтеріліп қалды. Жарықтық, Бесоба өзенім, менің туған жерім, көңілімді қалдырмай, осындай ырзық-несібе сыйлады.

Қуанып үйге келдім, апам Айман құрал-саймандарын алып, менімен мотоциклде өзен жағасына келді. Бұрқыратып тұрып балықты аршыды, ішек-қарнын тазалады, тап-таза қылып барлық балықты жуды. Біз өзеннен шелектеп су тасып, зорға үлгердік. Тазалап болған соң апамның үйіне келдік. Иманды болғыр Айман апам, әп-сәтте отты жағып, қазанға балықтың ішек-қарнын, уылдырығын салып, майға қуырып үшеуміздің алдымызға қойды.

Маған үйреншікті жағдай, ал, менің жолдастарым Серік пен Күнтуар мұндай астың бірінші рет дәмін татып отыр. Оларға өте ұнады. Қалаға келген соң, осылай Қабиболланың елінде болдық, Айман апасы бізге балықтың ішек-қарнынан ас дайындап берді десе, ешкім нанбай, өтірік айтасыңдар деп күлетін. Апам қақтап берген балықтарды №5 жатақхананың №129 бөлмесінің терезесіне іліп қойдық. Біздің Бесоба өзенінің балығының дәмін біраз студенттер татты. Айман апам, балықтан тамақ дайындауда алдына жан салмайтын.

Қай балықты қалай қақтау керек екенін керемет білетін. Біздің Сайран екеуміздің жазда, күзде ұстаған балықтарымызды әдемілеп тұрып қақтап, далада кептіретін, сосын жинап қоятын. Қыстың ұзақ түндерінде бізге кепкен шортан балықты қаймаққа қуырып беретін. Оның дәмін айтып жеткізу мүмкін емес. Қазір, осындай қызығы мен қиындығы аралас Айман апамның қасында болған жастық шағымды үлкен сағынышпен еске аламын. Ойлап, отырсам тамаша күндер екен ғой, шіркін!

Әрине, Айман апамның өмірі оңай болған жоқ. Және ол кісі өмір сүрген уақыт та қиын заман еді ғой. Аштық, соғыстың салдары, тұрмыстың қиыншылықтары. Қосылған жан жолдасының майданда шәйіт болуы, осының бәрі Айман апамның басынан өтті. Бірақ, Айман апам қайсар адам болды, басын тік ұстайтын, маңдайына жазған қиындықтарды ер азаматтан артық көтере білді. Өзінің көңіліне жақпаған адамдардың алдында иілген емес. Мінезі тік, әділ еді. Діндар адам еді, бес уақыт намазын, оразасын қаза қылмайтын.

Бар өмірін әке-шешесіне, туған-туыстарына, елге арнады. Оларға адал қызмет етті. Тағдырына налымайтын, бәрі де Алланың жазуы деп тәубаға келіп отыратын. Қиындықты көтере жүріп, Айман апам сексен жеті жас жасады. Енді біз, апамның ұрпақтары Алладан жәрдем тілеп, Айман апамның жатқан жері жарық болып, иман байлығын берсін деп тілейміз.

Аққан бұлақтай мөлдір, таза, қадірлі Айман апа, бауырыңызға басқан балаларыңның бірі ретінде сіздің рухыңыздың алдында басымды иемін!

Қабиболла ШАЯХМЕТҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар