Сауда және интеграция министрлігінде І жартыжылдықтың қорытындысы шығарылды

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың төрағалығымен ҚР Сауда және интеграция министрлігінің алқа отырысы өтті. Алқа отырысында ведомствоның І жартыжылдықтағы жұмысы қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалды.

Вице-министр Жанель Кушукованың айтуынша, 2022 жылдың 5 айында Қазақстанның сыртқы саудасының оң динамикасы байқалады. Биыл қаңтар-мамырда сыртқы сауда айналымы $51,3 млрд-ды құрады. Экспорт өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 59%-ға өсіп, $34,2 млрд болды. Сондай-ақ Қазақстанның ЕАЭО елдерімен саудасы оң динамиканы көрсетуді жалғастыруда.

«Қазақстанның ЕАЭО бойынша әріптестерімен тауар айналымы 2022 жылдың 5 айында $10 млрд-ты құрады, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ға жоғары. ЕАЭО елдерінің нарықтарындағы қазақстандық тауарлар үшін кедергілерді жою бойынша жұмыс жалғасып жатыр», — деді Жанель Кушукова.

Өз кезегінде ҚР сауда және интеграция вице-министрі Әсел Жанасова бүгінгі таңда министрлік 9 цифрлық жобаны іске асырып жатқанын хабарлады. Олардың арасында төлем жүйесі бар әлеуметтік әмиянды енгізу де бар.

«Бүгінгі таңда “әлеуметтік әмиян” бойынша пилоттық жобаны жүргізу бойынша жұмыстар мүдделі мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және ЕДБ-ның қатысуымен жалғасып  жатыр», — деді Әсел Жанасова.

Сонымен қатар Бақыт Сұлтанов жыл соңына дейін мүдделі органдармен, ұйымдармен және ЕДБ-мен бірлесіп «Әлеуметтік әмиянды» енгізу қажеттігін атап өтті.

«Жобаны іске асыру оларды пайдалану тиімділігінің мониторингін қамтамасыз ете отырып, халықты әлеуметтік қолдау қаражатын бөлудің цифрлық құралын жылдам құруды қамтамасыз етеді», — деді Бақыт Сұлтанов.

Алқа отырысы барысында Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев та баяндама жасады. Оның айтуынша, ішкі тауар айналымы өсті. Осы жылдың қаңтар-маусым айларында тауар айналымының көлемі 20,6 трлн теңгені құрады. Оның ішінде бөлшек саудада 6,1 трлн теңге,  көтерме саудада 14,5 трлн теңге болды.

Қазіргі уақытта комитет 3 негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізіп жатыр:

  • сауда саласын дамыту мәселелері бойынша мемлекеттік саясатты жетілдіру;
  • сауда инфрақұрылымын дамыту;
  • азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру мәселелері бойынша бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету.

Сонымен қатар Бақыт Сұлтанов Сауда комитетінің төрағасына АШМ-ның қант саласын дамыту бойынша кешенді жоспар әзірлеу жұмысына белсенді қатысуды тапсырды. Ол импортқа тәуелділікті едәуір азайтуға және өзін-өзі қамтамасыз етуге біртіндеп көшуге бағытталуы керек екенін атап өтті. Сондай-ақ мүдделі инвесторларды тарта отырып, КТО желісі бар Ұлттық тауар өткізу жүйесін іске қосуды жеделдету қажет.

Алқа отырысы барысында ТРМК төрағасы Арман Әбенов, ТҚҚК төрағасының орынбасары Алмас Әбжаппаров және ҚР СИМ аппарат басшысы Жәнібек Нөпіров министрлік қызметінің мәселелері бойынша баяндама жасады.

Сауда және интеграция министрі отырысты қорытындылай келе, вице-министрлер мен комитет төрағаларына барлық қабылданған міндеттемелерді, оның ішінде Мемлекет басшысының жаңа тапсырмаларын уақытылы және сапалы орындауды қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының сынына байланысты Сауда комитеті басшылығының жауапкершілігін қарау тапсырылды.

Дереккөз: primeminister.kz

 680 Total Views,  2 Views Today

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар