Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өнегелі өмір – еңселері биік жандардың қарымы - АРҚА АЖАРЫ

Өнегелі өмір – еңселері биік жандардың қарымы

 Даналығын әлем халқы мойындаған парсы ғалымы Омар Хаям: «Қысқа ғұмырда өз шаңырағың, тіленбей ішер асың болса, ешкімге құл емес, кіріптар емес ұрпағың болса, нағыз бақытты және рухани бай адамсың» деген екен. Тірілердің бірі ұғынып, бірі ұғына алмас осы бір ойлы нақылда қаншама сыр жатыр.

Пенде ғұмырда пешенесіне жазылған дәм-тұзын татып, тұла бойындағы табиғат сыйлаған күш-қуатын елінің еңсесін көтеруге бағыттаған еңселері биік жандардың аты елдің де, балаларының да есінде ұзақ уақыт жүрері хақ және де олардың өмір жолы, көзі тірісінде жасаған қым-қуат шараулары, нәтижелі еңбектері мен өнегелі өмір сүргендері кейінгі ұрпаққа өмір бойы өнеге болмақ.

Өз өмірлерінде осыған сай өмір сүре білген қадірлі әке Шермұханбет пен асыл ана Бибісара  Ахметовтер өмірден озып кетпесе, бүгіндері екеуі де 100 жасқа толар еді. Сөз сабақтауым да  осы тұрғыдан болмақ.

2017 жылы 18 мамырда «Арқа ажары» газетінде жарияланған «Әке беделі» атты мақаламда арыдағы ата-бабаларымыз   «қамшының сабындай ғана қысқа» деп өлшеген өмір жолдары өнегемен өрілгені де рас екенін жазғанмын.

Тағдыр менің әкемді ата-анадан ерте айырды. Соның салдарынан әкем Шермұханбет Ахметов мемлекет және қоғам қайраткері Ақтан Төлеубаев екеуі балалар үйінде тәрбиеленіп, өмір жолына осы жерден қанаттанды.

1942 жылы жараланып, әскерге жарамсыз болғандықтан, Петропавл ауыл шаруашылығы техникумын үздік бағамен бітіріп,еңбек жолын Қорғалжын аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының веттехнигінен бастап, осы басқарма бастығының  орынбасарлығына көтерілді.

Әкемнің мал шаруашылығын дамытудағы елі үшін атқарған ұзақ жылғы еңбегі бағаланып, әр жылдары «Құрмет Белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, Қазақ  ССР Президиумының Құрмет грамотасы, 14 медальмен марапатталды. 1985 жылы зейнеткерлік жасында қалалық типтегі Қорғалжын  поселкелік Кеңесінің шешімімен «Құрметті азамат»  атағы берілді.

Тіршілікте елі мен жерін, батыр бабаларының аруағын барынша сыйлап өткен жандар әкем Шермұханбет пен анам Бибісара осы Қорғалжын өңірінде табысып, шаңырақ көтерді. Анам Үшсарт ауылының ұстасы Нұрмағанбеттің жалғыз қызы, «Сталин жолы» колхозының коменданты болған.

Шығыстың ұлы шайыры Әлішер Науаидың «өзі тамаша жанның жары да тамаша болу керек» дегені осы шығар. Жарты ғасырдан астам жарасты өмірлерінде 2 ұл, 6 қыз тәрбиелеп өсіріп, сыйластықты қадір тұтып, бір-біріне деген сүйіспеншіліктерін  сақтай білгендіктері қандай ғанибет. Анам Бибісара мінезді жан болды, мен анама тартқанмын. Анам өз еңбегінің арқасында тың ардагері атанды, «Ұлы Отан соғысына – 60 жыл» мерекелік медалімен және  «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

Халқымызда  «Аз қайғыны ас басады, көп қайғыны бала басады» деген қанатты сөз бар. Әкем Шермұханбет пен анам Бибісара, інім Әбдірашит Ахметовтардың қайтыс болғандарына спорт жарыстарын ұйымдастырып, ас беріп, рухтарына дұға бағыштаттым. Ендігі өмір-өзенді ұрпағы жалғастырар.

Әкем ел сыйлаған азамат еді. Әке-шешемнің еңбек жолындағы табыстары мен жетістіктері туралы айтарым аз емес, ал солардан тәрбие алған келіні, балалары мен немерелерінің адамдық болмысын, тұла бойларына ананың сүтімен дарыған, туа біткен кісіліктерін, адамгершілік қасиеттерін, мамандықтарына деген сүйіспеншіліктерін тілге тиек еткенді жөн көрдім.

Атақты Сырым батыр  «Астымдағы қара атым – тұлпарым, қасымдағы әйелім – сұңқарым» деген екен. Менің жарым Ахметова Баян Қаманқызының «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісі мен Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медальмен наградталуы ата-енесіне, еліне, халқына  құрметті азаматша бола білгендігінің арқасы және де жақсы келін-жан шуағы дер едім. «Бақыттың басы – отбасы, иесі –  отағасы, берекесі – отанасы» деген ұстаным бар. Біздің отбасымызда балалар мен немерелер әке-ана жолын жалғастырып, елге танымал азамат болып өсуде.

Үлкен ұлым Еркебұлан – инженер,кіші ұлым Әлімжан  мәдениет және спорт бөлімінің директоры, қызым Гүлнәрдың балалары Ерасыл мен Даниял бастауыш сыныпты өте жақсы деген бағамен бітіріп отыр. Болашақта білім ордасынан түлеп шығатын олар еліне елеулі, халқына қалаулы, есімдері елге танымал азамат болатындықтарына кәміл сенемін, себебі, өмірлері ата-әже, әке-ана өнегесімен өрілген.

Отбасындағы ыстық ықылас пен ынтымақ аяулы қарындастарым мен күйеу балаларымызға дарыған десем артық айтқандық  емес. Қарындастарымның білікті маман, сүйікті жар, асыл азаматшалар болуы әрине, әке-шеше ықпалы. Қарындастарым: Ботагөз «Ы.Алтынсарин атындағы» төсбелгінің иегері, Айжан «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгсінің иегері, жолдастары Тілеген мен Әлімжан «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл» медальдарының иегерлері, елі үшін еңбек еткен жандар. Аягөз қарындасым әке жолын қуған ветеринария маманы, жолдасы Мұрат екеуі кәсіпкерлікпен айналысып, есімдері елге танымал болған отбасылар. Құдайға шүкір, барлығының балалары өсіп-өніп, айтулы тұлғалар атануда.Үлкен апам Несібелдінің балалары Бауыржан Сәрсекеев тарих ғылымдарының докторы, профессор, Сәрсекеев Абдырахман физика-математика ғылымдарының кандидаты, ал, Сәрсекеев Ғалымжан жүз шаршылы дойбыдан республика чемпионы, жоғары дәрежелі жаттықтырушы.

Апаларым Бақыт пен Ғазиза, олардың жолдастары Рамазан, Кәкім және жалғыз інім Әбдірашит өмірден ерте кетті, олардан айырылу маған да, туыстарыма да оңай болған жоқ.

Өлім – хақ, өмір – өткінші. Асқар таудай әкеміз бен аяулы анамыз, қадірлі бауырларым! Жандарыңыз жәннатта болып, нұрларыңыз пейіште шалқып, жатқан жерлеріңіз жайлы, топырақтарыңыз торқа болсын.

«Арттағыға ісің мен сөзің қалса, өлсең де өлмегенмен боласың тең», –деп Абай атамыз айтқандай, жүрекжарды жақындарым туралы ойымның бір қысқаша сыры осы.

Мен де еңбек ардагері, әке абыройын асқақтатып, бүкіл саналы ғұмырымды еліме қызмет етуге арнадым. Сөз соңында еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын демекпін!

Мұхит ШЕРМҰХАНҰЛЫ.
 «Еңбек ардагері» медалінің иегері,зейнеткер.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар