Шаштараз  Нұрсұлу

Қазір Нұрсұлу Көкшетау қаласында танымал шаштараз. Өзін іздеп, арнайы келіп шашын қиғызатын клиенттері көп. Осыған орай табысы да көңіл толтырарлық. «Сарыарқа»  шағын ауданында бой көтерген жаңа үйлердің бірінен пәтер де алды. Алайда, мұндай жетістікке қолы бірден жете қойған жоқ еді…

Пенде шіркін, алдында не күтіп тұрғанын білмейді ғой. Ері Жамбыл барда ойында түк болмайтын. Ол аяқ аястынан өмірден өткенде аспан айналып жерге түскендей, бәрі өзгеріп жүре берді. Ағайын-туғаны, дос-жараны болғанмен, тікелей өз басына келіп түскен салмақтың жөні бөлек  еді. Оннан жаңа асқан ұлы қалды. Әлі қаладан пәтер де алып үлгермеген. Ата-ана, бауырларының қолына қашанғы қарап отырмақ.

Міне, бәрі осы жерден басталды. Жұмыс іздеді. Мамандық игеруді көздеді. Осы тұста әкесі  Зұлқарнай мен анасы Шолпанның  тәрбиесі, көрсеткен үлгі-өнегесі көмектесті. Мәскеудің Тимирязов  атындағы Академиясын бітірген әкесінің теориялық білімі жеткілікті болатын. Сол білім-білігін бүгінгі күн тәжіриебесіне салды. Ал, Нұрсұлудың қолынан көп нәрсе келетін. Мінезі де ашық-жарқын, кез-келген адаммен тіл табысып сөйлесе алады.

Бизнес, кәсіпкерлік  дегеннің жолға қойылып, төселіп кете қоймаған шағы. Сөйтіп, шаштараз болуға шешім қабылданды. Өйткені, бұл бизнесте тауар тасымалдаудың, шикізат іздеудің, өніміңнің сатылуын күтіп, зарығудың қажеті жоқ. Жақсы шебер болып қалыптассаң, үнемі клиентің болады. Табысың бірте-бірте молая береді. Әйтпесе, тігінші болып немесе басқа бір саланы таңдауына да толық мүмкіндігі бар болатын.

Алайда, жақсы шаштараз атанып, шебер болып, шеберлігіңді жетілдіру оңай емес еді. Екі-үш айлық курстардың аты бар да, заты жоқ. Одан ештеңе үйреніп жарытпайсың. Мықты шеберлер өз өнерін өзгеге үйретуге құлықсыз болатын. Олар өзіне бәсекелесті тәрбиелеп шығарғысы келмейтін. Бұл – бизнестің қатал заңы. Нұрсұлу да осы қиындыққа жолықты. Әуелі шаштаразда еден сыпырушы болып жұмысқа кіріп, біртіндеп барып, шаш қиюды үйреніп, өз жолын тауып кетті. Бұл ретте өмірде мейірбан, жақсы адамдардың өзіне көп кездескенін де ризашылықпен айтады ол.

Енді, осы күндері Орталық базар маңайындағы «Әли» шаштаразында  қызмет істеп жүрген тәжірибелі маман Нұрсұлу Сыздықованың ісіне қарап сүйсіне отырып, зерделі әңгімесіне құлақ түрейік:

–Шаштараз болу өте қызық. Әр күн сайын не түрлі адам келеді. Біріншіден, шаштарының құрылымы, сән үлгілері әртүрлі. Сол үлгілерді сақтап, оның үстіне өзіне ғана тән ерекшеліктерін ескере отырып, қиюың керек. Екіншіден, мәдениеті, тәрбиесі де әртүрлі адамдар келеді. Солардың әрқайсысының тілін тауып сөйлесуің керек. Өйткені, саған оның тағы келгені дұрыс. Табысың сол клиенттеріңе байланысты.

Нұрсұлу табиғатынан ашық, ешқашан мойымайтын жайдары мінезді жан. Бүкпесіз, ойын бүркемелемей, ашық айтатын онымен кім болсын сұхбат құруға әзір. Ашық пікір кімді болмасын қызықтырады емес пе?

–Шынымды айтсам, маған зейнеткерлер, Кеңестік  заманда өмір сүрген адамдарға қызмет көрсеткен ұнайды. Олар өте кішіпейіл, ұстамды келеді. Әңгімелері де тағылымды, – дейді Нұрсұлу. Ол ойының  артында бүгінгі кейбір жастардың шыдамсыздығы, дөрекілігі туралы пікір барын сезесің.

Нұрсұлу қолы бос уақытында көрпешелер, қалта, қуыршақтар, тағы басқа қазақтың ойын-тойына қажет бұйымдар тігумен айналысады. Оларын көбінесе өзінің туыстарына, дос-құрбыларына сыйға тартатын көрінеді. Шеберлігіне қызыққан кейбіреулер арнайы тапсырыс беріп тіктіретіні де бар. Ол – қосымша табыс.

«Вираж» фирмасында бөлім бастығы болып жұмыс  істеп жүрген ұлы Абайдың табысты қызметіне қуанулы. Нұрсұлу адамды мақсатына жеткізетін тек қана табанды еңбек екеніне сенімді.

                                                        Серік САПАРҰЛЫ,
                                                     «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар