Алты сағат ішінде айлық мөлшерге жуық жаңбыр жауған

 Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен және басқармалар мен әкім аппараты басшылары қатысқан жедел кеңесте демалыс күндері облыс орталығы мен Степногорск қаласында қатты жауған жаңбырдың салдарына қатысты мәселелер қаралды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаевтың айтуынша, Көкшетау қаласында 17 мың текше метрге жуық су сорылған. 112 және 109 (Айкөмек) жедел жәрдем телефондарына қала тұрғындарынан көмек сұрап 500-ден астам қоңырау түсті. Төтенше жағдайлар департаментінің жедел штабынан жағдайды тұрақтандыруға департаменттің және коммуналдық қызметтің күштері мен құралдары, атап айтқанда, 58 адам, 4 ассенизатор мен 18 мотопомпа жұмылдырылды.

Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайсаның айтуынша, толассыз жауған жаңбырдың салдарын жою үшін жедел штаб құрылды. Қазір су тасқынына ұшыраған мекен-жайларға тексеру жүргізіліп, зардап шеккен тұрғындарға актілер жасалуда. Комиссия 100-ге жуық мекенжайды аралап, 50 акті жасалды.

Кеңесті қорытындылай келе аймақ басшысы қала әкімдігі мен төтенше жағдайлар департаментінің жұмысының сапасыздығын және сылбырлығын атап өтті.

–Толассыз жауған жаңбырдың салдары жергілікті атқарушы органдар қызметінің жүйесіз жұмыс істегенін көрсетті. Жоспарлы жұмыстар, алдын алу шаралары дер кезінде жүргізілмеген, – деді Ермек Маржықпаев.

Сонымен қатар, әкім зардап шеккендерге көмек көрсетуді тапсырды. Көкшетау қалалық мәслихатының 2020 жылғы 24 желтоқсандағы №С-49/7 «Көкшетау қаласының мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерлерін белгілеу және тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы» шешіміне сәйкес табиғи апаттың, өрттің фактісін растайтын құжат негізінде өмірлік қиын жағдай туындаған сәттен бастап үш ай ішінде табиғи апаттың салдарынан зардап шеккен азаматтарға (отбасыларға) 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көмек көрсету көзделген.

Еске салсақ, 6 сағат ішінде облыс орталығында орташа айлық нормадан 70 пайыз жауын-шашын жауған.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар