Елінің қамын ойлаған басшы еді

Өткен ғасырдың отыз жетінші жылы қазақ халқы үшін қаралы жыл болғанын бәріміз білеміз. Ұлтымыздың бетке шығар қаймақтарын, зиялы қауымын «халық жауы» деген желеумен көпшілігін атты, біразын ит жеккенге ұзақ жылға айдап жіберді. Кейбір жерлерде саясаттан хабары жоқ, сауатсыздар да халық жауы болып кете барды. Ондай жағдай менің әкемнің ағасымен де болды. Сауатсыз, кішкентай қазақ ауылында тұрып жатқан Жексембай ақсақалды халық жауы деп соттап жіберді. Содан хабарсыз кетті. Атамыздың қай жерде, қандай жағдайда шейіт болғанын жақындары да, жетім қалған төрт баласы да білмейді. Осындай жағдай әр ауылда болды. Менің топшылауымша, бұдан Шалқар ауылы да шет қалған жоқ шығар. Бұл нәубеттен аман қалғандар ауыр кезеңдерді бастан кешіп жатты.

Менің кейіпкерім Қамиев Сайлаубек Серікұлы (суретте) осы ауыр жылы дүние есігін ашыпты. Атасы Қами ақсақал мен әжесі Зейнеп шешей жалғыз ұлдары Серіктен туған баланы бауырларына басып алады. Бұл дәстүр біздің ұлтымызда ертеден бар. Баласының тұңғыш ұлын ата-әжесі өз бауырларына алып, әке-шешесі ағасы мен жеңгесі сияқты болып қалады. Бұл дәстүрдің жақсы жағы да, нашар жағы да бар. Оны ширатып таратпай-ақ қояйық.

Сайлаубек Серікұлы 9 қарашада, Қазан төңкерісінің он жылдығын тойлап жатқанда туыпты. Есімін де Жоғары Кеңестің сайлауы қарсаңында туғандықтан, ырымдап Сайлаубек деп қойыпты. Ата-әжесінің қамқорлығында болса да, бала Сайлаубектің балалық шағы болған жоқ десем қателеспейтін шығармын. Соғыс басталғанда төрт жасқа да толмаған Сайлаубектің әкесі Серік майданға аттанады. Еңбекке жарамды еркектердің бәрі жауға қарсы соғысуға әскер қатарына алынды. Елде егде тартқандар, әйелдер, мүгедектер және балалар ғана қалды. Майданды азық-түлікпен қамтамасыз ету, ауылдағы халықты аш қылмау жоғарыда айтқандардың мойнында болды. Жұмысшы күші жетпегендіктен, жас балалар да еңбек етуге тартылды. Солардың қатарында Сайлаубек те болды. Алғашқы кішкентай кезінде қозы, бұзау бақса, есейе келе шөп дайындау, астықты егіп, орып алу жұмыстарының бел ортасында жүрді. Осылай еңбек етіп жүрген Сайлаубектің мектепке баратын жасы да келіп қалды. Ол кезде Кеңес әскерлері қарқынды шабуылмен неміс фашистерін елден ығыстырып, жеңіс жолында келе жатқан еді.

Елге қара қағаздар да келіп, біразы жылап-сықтап жатты. Кейбір Отан қорғауға кеткендер мүгедек болып елге оралып, бейбіт өмірге араласып жатты. Солардың қатарында ауыр жарақат алған Серік Қамиұлы да болды. Серік пен Рабиғаны Оразақ ауылындағы мектепке ұстаз етіп жіберді. Сайлаубек жеті жасқа толғанда осы мектептің табалдырығын аттады. Осылай білім жолының қиын да, қызықты жолы басталды. Орта мектепті 1954 жылы Ақмола қаласындағы № 2 Сталин атындағы мектептен бітірді. Сол жылы Қарағандыда жаңадан ашылған Тау-кен институтының алғашқы шәкірттерінің бірі болып шыға келді. Институтты ойдағыдай бітіргенмен, жер астындағы ауыр жұмысты атқару бұйырмады, оған денсаулығы кедергі жасады. Содан алғашқыда ауылда мұғалім болды, кеңшарда механик қызметін атқарды. Қосымша мамандық алуға тура келді. Целиноград ауылшаруашылығы институтының механика факультетін бітіріп алды.

Сөздің реті келгенде айта кетейін, жас айырмашылығымыз екі жас қана болса да, жолымыз бірнеше рет қиылысыпты. 1954 жылы мен де №2 Сталин атындағы мектепте оқыдым, 1956-1961 жылдары Қарағанды қаласында пединституттың студенті болдым. Бір уақытта бір облыстың аумағында ұстаздық қызметін атқарыппыз. Мен де алпысыншы жылдардың басында Целиноград ауыл шаруашылығы институтының мехфакультетінің студенті болдым, бірақ, аяқтаған жоқпын. Сәкеңнің (Сайлаубек) еңбек жолы әр жерде жалғаса берді. Бұл кісі ауыл шаруашылығына бар ғұмырын арнады. «Талдысай» кеңшарында, Оңтүстік қой совхоздары тресінде, Нововладимировкада бас инженер қызметтерін атқарды. Тәжірибелі басшы ретінде Вишнев аудандық партия комитеті «Херсон» мал бордақылау кеңшарын басқаруды сеніп тапсырды. Екі жылдан кейін аудандық мамандандырылған шаруашылық (РСХО) құрылып, соны басқаруға Сайлаубек Қамиев лайықты деп табылды. Ол басқарған жылдары шаруашылық зор табыстарға жетіп, талай рет Одақ көлемінде құрметке ие болды. Кеңес Одағы тұсында екі дүркін Орталық партия комитетінің Құрмет грамотасын және бағалы сыйлығын алды. Бірнеше рет ауыспалы Қызыл тудың иесі болды. Осы еңбегі үшін Үкімет «Халықтар достығы», «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапаттады. Бұдан басқа да облыстық, аудандық марапаттарға ие болды.

Қай    басшы болса да, өзінің қабілетін қоғамбір формациядан екінші формацияға өткенде көрсете алады. Кеңес Одағы құлағаннан кейін біздің елімізде ауылшаруашылығы да құлады деуімізге болады. Олай дейтінім, әр ауданда бірең-саран шаруашылықтар ғана өз кейпін сақтап қалды. Көптеген шаруашылық басшылары жекешелендіруді, яғни6 приватизацияны прихватизацияға айналдырып жіберді. Барлық тәуірлерін өздеріне алып, техниканың жарамсыз қаңқаларын халыққа ұсынды. Осыдан барып көптеген ауыл шаруашылығы құрылымдары құрдымға кетті. Елінің, халқының қамын ойлаған басшылар ғана шаруашылықты таратпай, оның өмір сүруін қиын болса да сақтап қалуға тырысты.

Ауыл шаруашылығында қайта құрулар басталуына байланысты «Нововладимировка» шаруашылығы әуелі АҚ, кейін ЖШС болып өзгерді. Осындай өзгерісті кезеңде шаруашылықтың іргесі сөгілмей, тұтастығын сақтап қалу және ұжымды ыдыратпай барлық еңбеккерлердің, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жасау Сайлаубек Серікұлының іскерлігінің, ұйымдастыру қабілетінің нәтижесі болды. Олимпиада жеңімпазы, кейінгі жылдары кәсіпкер болған Жақсылық Үшкемпіров Президент қатысып отырған бір жиналыста «…Қазақстанда төрт-бес мың азамат табылып, ауыл шаруашылығын дамытса, біз өз-өзімізді азық-түлікпен қамтамасыз етер едік» деген мағынада айтқан болатын.

Міне, сондайлардың қатарында марқұм, таяуда ғана қайтыс болғанына қырық күн толған замандасымыз Сайлаубек Серікұлы да бар еді. Бұл басшы еңбекшілерге жағдай жасап, еңбек орындарын сақтаумен қатар, тұрғындардың әлеуметтік жағдайларына да баса көңіл бөлді. Шетелден, оның ішінде Моңғолиядан келген жетпіс қандасымызды қабылдап, тарихи Отандарында алаңсыз өмір сүрулеріне жағдай жасады. Ауыл бұрын орыс тілді ауылдардың қатарына жатса, қазір біртіндеп қазақыланып келеді. Оның дәлелі ауылда қазақ орта мектебі жұмыс істеп тұр. Елді мекендердің орысша атаулары өзгеріп, өзінің тарихи қазақша атауларына көшті. Нововладимировка Бұлақсай, Херсоновка Қостомар болып аталды.

Сәкеңнің атқарған істерін жаза берсең бір кішігірім кітап болар, ол кісіге бір мақаланың көлемі аз. Менің кейіпкерім сексен бес жас ғұмырында өшпестей із қалдырды деп ойлаймын. Ал, осыны келесі ұрпақ қалай біледі деген сұрақ туады. Біздің байқауымызша, осындай халқы үшін ұзақ жыл қызмет атқарғандардың кейбіреулері жылдар өте келе ұмытыла бастайды. Менің ойымша әрбір ауылдың мәдениет үйінде немесе мектебінде ауыл тарихы туралы музейлер ашу қажет. Сол музейде Сайлаубек ақсақал сияқты отыз жыл халқы үшін еңбек еткен азаматтарға бұрыш арнау керек. Мүмкін болса бюстін қою керек. Сол ауылдың орталық көшесіне немесе мектеп сияқты мекемелердің біріне есімін берген дұрыс болар еді. Сәкеңнің жатқан жері жайлы, тәні рахатта болсын демекпін. Елінің қамын ойлаған азаматты жерлестері ұмытпайды және ұрпаққа үлгі тұтады деп ойлаймын.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағаның мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар