Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сапалы қызмет пен қауіпсіздік мәселесі бірінші орында - АРҚА АЖАРЫ

Сапалы қызмет пен қауіпсіздік мәселесі бірінші орында

«Көкшетау автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің президенті Әсия Шәрімова елімізде кәсіпкерліктің жолаушылар тасымалдау, транспорт саласымен шұғылданатын ең тәжірибелі басшылардың бірі. Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты, мәслихаттың бюджет және қаржы  жөніндегі тұрақты комиссиясының, қалалық әкімшілік жанындағы тұрғын үй жөніндегі комиссияның,  ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігі жұмыс тобының мүшесі, Индустрия және инфрақұрылым министрлігі Транспорт комитеті жұмыс тобының сарапшысы.

Тілші: – Әсия Өміртасқызы, алдымен өзіңіз басқарып отырған, тұрғындарға, тұтынушыларға  аты кеңінен танымал «Көкшетау автобус паркі» тарихы туралы айтып берсеңіз?

Ә.Шәрімова: – Иә, шын мәнісінде бұл мекеменің тарихы тереңде.  Ірге тасы сонау 1946 жылы қаланған. Биыл 76 жыл. Бірқатар ғимараттар сол күйі тұр деуге болады. Әрине, ағымдағы жөндеулер жүргізіліп тұрады. Арнайы транспортқа салынғандықтан біз үшін қажетті қолайлы жағдайлар жасалған. Орталық жылу жүйесіне қосылған. Барлық цехтар толыққанды жұмыс жасайды. Оның ішінде аккумулятор цехы, көлік  электр жүйесін  жөндеу цехы, дөңгелек жөндеу, токарлық цех, қозғалтқыш тетіктерін жөндеу,  тағы басқа көптеген цехтар бар. 120 көлік қоятын орындар дайын. Техниканы үнемі, үздіксіз қадағалап, ақауын дер кезінде анықтап, шұғыл жөндеп отыруымыз керек. Өйткені, біз адам тасымалдаймыз. Сондықтан, қауіпсіздік мәселесі бірінші орында. Тасымалдауға ақаусыз және кешікпей шығуымыз қажет. Бұрыннан қалыптасқан жұмыс жүйесі, оны жетілдіріп отыру сапалы жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Өтпелі кезеңді, қайта құруды басынан өткізіп, кәсіпорын жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде бүгінге жетіп отыр.

Тілші: – Бүгінгі таңда қала көшелерінде неше автобустарыңыз жүр?

Ә.Шәрімова: –Барлығы 57 автобус жүр.  Қазір облыс ортаығының 14 бағыты бойынша жұмыс жасаймыз. Негізі парктің 74 автобусты іске қосуға мүмкіндігі бар. Оған автобус жүргізушілерінің жетіспеуі қолбайлау болуда. Барлығы 20 көлікке жүргізуші жоқ.

Тілші: – Ол еңбекақының төмендігінен бе? Әлде, басқа себептері бар ма?

Ә.Шәрімова: –Себеп тек еңбекақыда емес. Біздегі еңбекақы да төмен деуге келмес. Жалақының орташа көлемі 310 теңге. Бұл, былай қарасаңыз, аз ақша емес те сияқты. Дегенмен, автобус жүргізушісі болып қызмет істеушілерге қойылар талап та жоғары. Оның үстіне күнде сағат 5-тен ұйқыдан тұруға тура келеді. Одан түнгі 10 –да жұмысты аяқтайды десек, одан кейін көлікті жууға кіргізеді. Ол болған соң ғана, 11-ге таман үйіне қайтпақ. Таңертең келісімен маршрутқа шығарда қайтадан алкагольді ішімдік ішті ме, ішпеді ме деген тексеруден өтеді. Осындай талаптарға жастар шыдамайды, табысы едәуір болғанына қарамастан келгілері келмейді. Оның үстіне күнұзақ абыр-сабыр көлік пен жаяу жүргіншісі сабылған қала ішінде автобус жүргізу оңай емес. Үнемі сақ болып, кез-келген қауіпті жағдайға дайын болып отыру керек. Ол да шаршатады.

Тағы бір көптен айтылып келе жатқан мәселе – жүргізушілерге «Д» категорясын алу. Бүгінгі талаппен оны алғанша адамның 10 жыл уақыты кетеді. Ешкімнің  бір категория алып, табысы тәуір жұмысқа орналасамын деп 10 жыл уақытын сарп еткізгісі келмейді.

Міне, бұл автобуспен кісі тасымалдау кәсібімен айналысатын кәсіпкерлердің үлкен проблемасы. Қазір біздің көлік жүргізушілеріміздің бәрі орта жастағы адамдар. Дәл осылай бола берсе, арада 7 жыл уақыт өткенде 25 қана жүргізуші қалады.

Тілші: – Сырт қарағанда, қаламызда су жаңа автобустар жүйткіп жүреді. Ешқандай проблема жоқ сияқты көрінеді?..

Ә.Шәрімова: – Иә, облыстың 30 пайыз бастапқы өтемақыны төлеуімен 2019 жылы 44, 2020 жылы 34 жаңа автобус алдық. Егер облыстық бюджеттен осындай көмек болмаған күнде біз көліктерімізді бұлайша жаңғырта алмас едік. Бұл қарызымызды біз, әрине, біртіндеп қайтарамыз.

Айта берсек, проблемамыз жетерлік. Мәселен, автобустарға кондуктор тұрақтамайды. Айлығы 150 мың теңге. Тағы да аз ақша емес сияқты көрінеді. Алайда, адамдармен жұмыс жасау да оңай емес.

Тілші: – Сонда, кондуктор болу да оңай емес екен ғой?

Ә.Шәрімова: – Бір ғана мысал келтірейін. Жол жүрген ақысын төлегісі келмеген жолаушы әдейі таңертең ерте автобусқа мінгенде қалтасына тұтас 10 мың теңгелік салып шығады. Шығар жерде кондукторге 10 мың теңге ұсынады. Таң атпай, маршрутқа жаңа шыққан кондукторде қайтаратын ақша болмайды. Жолаушы айғай шығарады. Таңертеңнен осындай ұрыс-керіспен басталған оның жұмысы кешке дейін неше түрге айналып, жалғасады.

Транспорттық картамен қазір жолақы 80 теңге. Балалар үшін 40 теңге. Қолма-қол ақы төлесеңіз 150 теңге. Соған қарамастан, тұрғындардың көбі карта алмайды. Алайда, жоғарыда айтқанымдай жағдайлар жиі ұшырасады.

Айтайын дегенім, жүргізуші жетпегеннен маршрутқа автобус шығара алмауымыз өз алдына, кондукторсыз да автобустар қақпа алдында доғарылып тұрып қалады. Өйткені, кондукторсыз жұмыс жасау жүргізуші үшін өте қиын және қауіпті.

Осындай-осындай себептер салдарынан біз табысты жұмыс жасай алмаймыз. Ал, қала тұрғындары үшін автобустардың уақытымен жүріп тұрғаны әбден керек. Біреу жұмысқа, біреу мектепке, біреу емханаға барады… Ал, біз болсақ тоқыраудың аз-ақ алдында тұрмыз.

Тілші: – Қала тұрғындары үшін автобустардың керек екені сөзсіз. Сондай, сіздерге қандай көмек керек?

Ә.Шәрімова: – Мен бірқатар республикалық министрлік, агенттіктердің жаңа заңнамалар қабылдау жөніндегі комиссияларына сарапшы ретінде қатынасамын, жұмыс топтарында бармын. Тәжірибеммен бөлісіп, шын мәнісінде, өмірде жағдайдың қалай екенін жеткізуге тырысамын. Менің көтеріп жүрген бір мәселем- автобуспен кісі тасымалдауды әлеуметтік бизнеске жатқызу керек. Сонда, салық кодексі бойынша жеңілдіктер болады. Бұл-бір. Екіншіден, қала бюджетінен субсидия берілуі керек. Әйтпесе, бізге жолақы мөлшерін көтеруге рұқсат етілмейді. Ал, субсидия сияқты көмек тағы берілмейді. Сөйтіп, біздің ісіміз алға баспай отыр. Жол қатынасы халыққа керек болғандықтан, оған көмек-қолдау болуы керек деп түсінемін. Міне, мен барлық алқалы жиындарда, облыс, республика деңгейінде осындай мәселелерді көтеріп жүрмін. Түбі, біздің саламызға дұрыс көзқарас орнайды, көмек болады, деп ойлаймын.

Тілші: –Әсия Өміртасқызы, мерекелік сұхбатымызды көңілдірек аяқтасақ…Кәсіпорында еңбегі сіңген, өзгелерге үлгі етуге тұрарлық еңбек озаттары бар шығар. Олардың қатарына кімдерді жатқызар едіңіз?

Ә.Шәрімова: –Әрине, бар. Мәселен, жүргізушілерден Қайыргелді Ахтанов, Виталий Винченко, Шағман Байманов, Григорий Крот, кондукторлардан Зинагүл Қайырбекова, Светлана Лазерова, Бибігүл Мүлкібаева, Алена Телицина, жөндеушілерден Леонид Сегеда, Нұрлан Ақынов, Геннадий Яшкин сияқтыларды атар едім. Олардан да басқа өз істеріне шын берілген, еңбекқор, жауапкершілікті терең сезінетін адамдар көп. Еңбек озаттарын кейінгі жастарға үлгі етеміз.

Тілші: – Әсия Өміртасқызы, ендеше кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Барлық мәселелеріңіз оң шешіліп, істеріңіз алға баса берсін! Сұхбат бергеніңіз үшін үлкен рахмет!

                        Серік САПАРҰЛЫ,

                        «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар