Вокзал – қала қақпасы

Ақмола облысының орталығы көрікті де еңселі теміржол вокзалынан басталады десек ешбір артықтығы жоқ. Кез-келген жолаушы бір қарағаннан-ақ сүйсініп қалатын бұл вокзал 1981 жылы салынып, пайдалануға берілді. Ол тәуелсіз еліміз бойынша бірінші класты вокзал болып саналады. Вокзалдың салтанатты ашылуына сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, СОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың қатысуының өзі көп жайды аңғартса керек. Бұл вокзал 1949 жылы тұрғызылған бұрынғы ескі вокзалдың орнына салынды. Оның құрылысына Көкшетау облысын басқарып, кейін Торғай облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне ауыстырылған халқымыздың даңқты перзенті Еркін Нұржанұлы Әуелбеков ерекше ықпал етті. Күні бүгінге дейін жолаушыларға сапалы да жедел қызмет көрсетіп келе жатқан вокзал тәулігіне орта есеппен 800 жолаушыға қызмет көрсете алады. Оның жалпы аумағы 9007,2 шаршы метрді алып жатыр. Вокзал осы қуаттылығымен әрі ауқымдылығымен Қазақстандағы ең ірі вокзалдардың бірінен саналады. Ғимаратқа 2007 жылы күрделі жөндеу жүргізілді.

Темір жол вокзалы екі жолаушылар платформасымен жабдықталған. Жолаушыларды өткізіп, жөнелтетін жолдардың саны үшеу. Вокзал жұмысының басты бағыты – жолаушылар тасымалына сұраныс пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету және сервистік қызмет көрсету болып табылады. Біздің вокзал арқылы тәулігіне пойыздардың 13 жұбы, сонымен бірге қала маңына жүретін пойыздардың төрт жұбы өтеді. Бүгінгі таңда Ресейге қатынайтын пойыздардың үш жұбы да қайта жүре бастады. Осының бәрін есептегенде, тәулігіне 19  жұп пойызды қабылдап, жөнелтіп отырамыз. Ал, мұның бәрі вокзалымыз арқылы тәулігіне орташа есеппен төрт мың адам өтеді деген сөз.

Нақты төрт бағыт бойынша жұмыс істейміз. Олар Нұр-Сұлтан, Петропавл, Пресногорьковка, Қызылту бағыттары. Жоғарыда айтқанымыздай, осы жуырда Ресей бағыты бойынша Қазан, Самара, Омбы маршруттары ашылды.

Вокзалда жолаушылардың жайлы қозғалысын қамтамасыз етуге барлық жағдайлар бар. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да тиісті қамқорлықпен қараймыз. Вокзал ішінде мүгедектер арбаларына дейін бар. Оның біреуі баспалдақпен екінші қабатқа көтерілуге арналған. Мұнда жолаушылар, соның ішінде мүгедектігі бар адамдар шаштараздың қызметін пайдалана алады. Сондай-ақ, балаларымен жолға шыққан жолаушылардың ана мен бала бөлмесіне орналасуларына болады.

Сол сияқты, вокзалда мүгедектер арбаларымен жылжитын жолаушылар үшін пандустер де орнатылған. Вокзалға кірер  тұста көздері нашар көретін жолаушылар өздеріне қажетті бөлмелер мен қызмет түрлерін айыра алатын мнемосұлба бар. Вокзалдың іші осы санаттағы адамдардың жүріп-тұруына ыңғайлы болуы үшін және олардың сервистік қызметтерге дұрыс қолдары жетуі үшін тактильдік плиталармен жабдықталғанын да айтқан жөн. Бірінші кассада нашар еститін адамдар индукциондық панельдің қызметін пайдалана алады.

Вокзал бастығының кезекшілікте жүрген көмекшілері қажет жағдайда мұндай адамдардың вагонға мінуіне және вокзал ішінде қозғалуына көмек-қолдау көрсетіп отырады. Пойызды алаңсыз тосу мақсатында шағын мобильді топтарға күту бөлмесі және санитарлық торабы қарастырылған. Барлық кіретін-шығатын тұстарда, пандус пен санитарлық торапта, күту бөлмесінде вокзал персоналын шақыру үшін шақыру тетіктері бар.

Жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында вокзалға кіретін және шығатын тұстарда рентгенді телевизиялық қондырғы, жолаушылардың өздері мен жүктерін тексеруден өткізетін құрал-жабдық орнатылған. Желілік полиция қызметкерлері вокзалдың бүкіл аумағында тәулік бойы мониторинг және бейнебақылау жүргізеді. Мұнымен бірге, күні-түні жұмыс істейтін медициналық пунктте жолаушылар алғашқы дәрігерлік көмекке де жүгіне алады. Бірінші қабатта жолаушыларға күнделікті қажетті азық-түлік тауарларын сататын минимаркет және галантерея өнімдерімен сауда жасайтын бутик қызмет көрсетеді. Онда облыс орталығы мен өлкеміздің сұлу көріністері бейнеленген, ұлттық дәстүріміз көрініс тапқан сый-кәделер де бар. Өз пойыздарын тосқан жолаушылар қалаған жағдайда бірінші қабаттағы қоғамдық тамақтандыру орнынан тамақ та іше алады. Темір жол саласының  тарихын біліп, пойызды тосу уақытын мазмұнды өткізгісі келгендер үшін вокзалдың астыңғы қабатында музей жұмыс істейді.

Бүгінгі таңда Көкшетау темір жол вокзалында 27 адам еңбек етеді, ал, Көкшетау учаскесінде еңбек етушілер саны 17 адам. Біз, вокзал қызметкерлері әр іс-қимылымыздан жоғары жауапкершілік пен тәртіп сезіліп тұруы үшін жұмыс ырғағы да соған сай болуы тиіс екенін жақсы сезінеміз. Қаламыз бен облысымыздың айнасы болып табылатын темір жол вокзалы қашанда өз жолаушыларына мінсіз қызмет көрсетуі керек. Алыс-жақыннан келіп жатқан әр жолаушы, үлкен-кіші біздің жұмысымызға қарап, өлкеміз туралы да ой түйіп кетеді. Сондықтан, жыл сайын мүмкіндігінше қызметкерлермен жасалатын ұжымдық келісім-шартты жетілдіріп, әр адамның өз орнында ынта-жігермен еңбек етуіне күш салумен келеміз. Еңбекақы төлеу жүйесінде белгілі бір кезеңдегі жұмыс қорытындылары үшін және мемлекеттік, кәсіби мерекелерге орай сыйақы төлеу қарастырылған. Көлік қызметкерлері күні жайдары жаз айында атап өтілетіндіктен, бұл күні табиғат аясына да шығып тұру дәстүріміз бар. Мұның бәрі ұжым мүшелерін ортақ іске жұмылдырып, өз жұмысымызда алға қойылған міндеттерді ойдағыдай  орындауымызға белгілі бір игі ықпалын тигізіп келе жатқандығы да анық.

Осы алдағы жексенбіде кезекті Көлік қызметкерлері күні аталып өтпекші. Бұл санатқа ел экономикасының негізгі күретамыры болып табылатын темір жол саласы да кіретіні белгілі. Сондықтан, болат жол бойында жүрген барлық әріптестерімді, соның ішінде өзім бес жылдан бері жетекшілік ететін Көкшетау темір жол вокзалының қызметкерлерінің осы кәсіби мерекемізбеншын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға зор денсаулық, отбасында бақыт, еңбекте табыс тілеймін.  Күні-түні вокзалымыздан еліміздің әр қиырына және шет елге аттанып жатқан жолаушылардың әрдайым жолдары ашық, сапарлары сәтті болса екен деймін.

Роза АРЫСТАНҚЫЗЫ,

Көкшетау станциясы темір жол вокзалының бастығы,

Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар