Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Еркін аға жақсылығы жадымда... - АРҚА АЖАРЫ

Еркін аға жақсылығы жадымда…

Өткен ғасырдың 1977 жылы бұрынғы Торғай облысының орталығы Арқалық қаласына әкемнің інісі Сәрсенбектің қолдауымен қоныс аудардым. Бірден қалалық спорт бөліміне нұсқаушы болып қабылдандым. Негізгі міндетім өнеркәсіп ошақтарындағы жұмысшылар арасында бұқаралық спорттың дамуын қадағалап, әртүрлі деңгейдегі жарыстар ұйымдастыру еді. Сол жылдары шағын шаһарда жетпіс мыңнан астам тұрғын болатын. «Строитель» стадионы мен үш мектеп және Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогикалық институттың спортзалы жұртшылыққа қызмет етті. Жасыратыны жоқ, сайын дала төскейіндегі өндірісті Арқалық қаласында спортпен айналасып, салауатты өмір салтын қалыптастырушылар қатары сирек еді.

Жекелеген спорт түрлері бойынша боксшылар әжептәуір табысқа кенеліп жүрді. Бұл – Қостанайдың тумасы, КСРО спорт шебері Серік Демесінұлы Бошаевтың тынымсыз еңбегінің мәуелі жемісі екендігі даусыз. Ол екеуіміз бір бірімізді сырттай білгенімізбен, жақын таныстығымыз Арқалықта жалғасты. Секеңмен біраз уақыт бірлесіп жұмыс істедік. Мен білікті бапкердің көмекшісі ретінде ең кіші топтағы балаларды жаттықтырдым. Серік Демесінұлы Целиноград қаласындағы әріптесі, марқұм Қаныбек Байболовпен жақын араласты. Айына бір мәрте Ақмолаға барып, жолдастық кездесу өткізіп тұрдық.  Сол кезде өңіріміздің бүгінгі басшысы Ермек Маржықпаев боксты енді ғана үйреніп, бапкерінің үкіліген үмітіне айналған жасөспірім болатын. Кейін Ермек Маржықпаев жастар арасында ел чемпионы атанғанын Серік Бошаев қуана айтып жүрді.

1978 жылдың қаңтар айында Торғай облыстық партия комитетіне бірінші хатшы болып Еркін Әуелбеков тағайындалған сәттен бастап спортқа да көңіл бөлінді. Бокстан облыстың аға бапкері Серік Бошаев Еркін Нұржанұлының қабылдауына жазылып, 30 жұп бокс қолғабымен, өзге де жабдықтар сатып алуға қаржы бөлдіріп, бөркімізді аспанға ата қуанып едік.

Арқалық қалалық спорт бөлімінде негізгі қызметіммен қоса, бокс бапкерінің көмекшісі жұмыстарын жалғастыра жүріп, облыстық «Торғай  таңы» газеті мен радиоға мақалалар жазып, штаттан тыс тілші атандым. Қазақтың бүгінгі танымал ақындарының бірі Нағашыбай Мұқатов облыстық радиода жастар редакциясын басқарды. Онымен тығыз қарым-қатынаста болғандықтан шығар, Нағашыбай ағам өз қарамағына қызметке шақырды.

Бұл 1979 жылдың тамызы еді. Сөйтіп, спорт саласынан журналистикаға топ ете түстім. Осы кезеңнен бастап қасиетті Торғай топырағының қарымды қаламгерлері Ереке Ахатов, Қисамиддин Сыздықов, Жақсылық Жүнісов, Болат Әлденов, Әбжан Әбілтаев, Жұматай Сабыржанов және басқаларынан тәлімді тәрбие алдым. Осы абзал ағалар Торғай облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбеков аудандарды аралаған кезде сапарға бірге шығып, блокноттарын тың деректерге толтырып қайтатын. Жазудан қолдары сәл босаған сәтте облыс басшысының іскерлік қасиеттерін қуана әңгімелейтін.

Мен де Амангелді, Торғай, Жаңадала аудандарын аралаған кезде жергілікті тұрғындардың бірінші хатшы Еркін Әуелбеков жайлы жылы лебіздерін естіп, туған Көкшетауымның төл перзентіне мақтанушы едім. 1979 жылы радиоада қызмет істеп жүрген кезімде жас отбасы ретінде облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбековтің тікелей тапсырмасымен Арқалықта жаңадан бой көтерген бес қабатты үйден үш бөлмелі пәтер берді.

Оның кілтін ұжымның алдында өңір басшысының көмекшісі Тобыл Исаевтың табыс еткені күні бүгінге дейін көз алдымда. Арада көп уақыт өтпей марқұм Мәтен Бижанов жетекшілік ететін «Торғай таңы» газетіне ауыстым. Бағыма қарай бөлім меңгерушім журналистиканың майын ішіп, жілігін шаққан Болат Әлденовтың қарамағыында жұмыс істедім. Ол мен үшін үйрену, қалыптасу уақыты болды. Сол кезеңде облыстық газеттің материалдық-техникалық базасы мықтап нығайды. Әр қызметкер жеке пәтерге қол жеткізді. Баспахана жұмысы да жанданып, «Торғай таңы» газетінің таралымы көбейді. Осынау игілікті істерге бірінші хатшы Еркін Әуелбеков ұйтқы болғанын сол жылдары қызмет атқарған жандардың ұмытпасы айқын.

Еркін  Әуелбеков облыстық партия комитетінің органы «Торғай таңы»  және «Тургайская новь» газеттеріне тең дәрежеде қарап, олардың әр нөмірін үзбей оқып отыратын. Соның бір айқын айғағы, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысының орыс тіліндегі «Тургайская новь» газетінің «Впереди новые рубежи» деп аталатын бас мақаласы «Перди новые рубежи» болып қате басылғанын аңғарып, тез арада түзетуге тапсырма бергені жергілікті журналисттер арасында сенсция туғызды. Демек, Еркін Нұржанұлының саяси сауаттылығы осы мысалдан-ақ көрініп тұр емес пе!?

Марқұм ағам Кенжебектің қолында тұратын ұлы әжем Жамиға Темірғалиқызы 1937-1940 жылдары бұрыңғы Көкшетау облысы Айыртау ауданындағы Казгородок орта мектебінде Еркіннің әкесі Нұржанның қарамағында қызмет еткенін жиі есіне алатын. Мені көрген сайын Еркіннің үйіне апар батамды беріп, бетінен сүйемін деп қолқа салатын. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, 1980 жылдың қараша айының бір күні қарияны Еркін Әуелбековтің үйіне апардым. Кеңес уақытының заңы бойынша облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы арнайы күзетпен қамтамасыз етілетін. Үйге кірберістегі будканың коңырауын басқан әжем іштегі милицияға

–Әуелбековке келдім есік аш, – деді. Аң-таң болған сақшы:

–Сіз Әуелбековке кім боласыз? – деді

–Ақ жаулығы желбіреген әжем мен Жамиға, Еркіннің әкесі Нұржанның  қарамағында Казгородок мектебінде бірге істеген адамммын деп алға ұмтылды. Осы тұста арғы жақтан шыққан орта бойлы аққұба әдемі әйел:

–Кірсін жіберіңіз, – деді миллицонерге

Ол Еркін Әуелбековтың жары Күлше Оспанқызы болатын.

Төрге озып, аз кем әңгімелескен соң Күлше Оспанқызы әжем екеуімізді шайға шақырды. Өткен-кеткенді айта отырып: –Еркін қайда? – демесі бар ма әжемнің.

–Еркін Мәскеуде Орталық Партия Комитетінің Пленумында. Шаруаңызды айта отырыңыз, – деді Күлше Оспанқызы. Сол кезде қайран әжем сөмкесінен суырып алып, ақ ешкінің тұбітінен өзі тоқыған шәліні сыйға тартты.

–Айналайын келін, «Орамал тон болмайды, жол болады» дейді қазақ. Немерем Қалымбекке үш бөлмелі пәтерді өз атынан бергізген Еркін балама деген алғысым шексіз. Бақытты болыңдар, – деп Күлше жеңгейдің маңдайынан сүйді. Осы көрініс 40 жыл уақыт өтсе де көңілден кетер емес.

Өз басым ел жанды азамат, қоғам қайраткері Еркін Әуелбековті 1998 жылдың күзінде туған топырағы Жаңасуда мектеп ашу салтанаты кезіңде алғаш рет жүзбе-жүз көрдім. Абзал ағадан сол кездегі «Информ – Көкше» телеарнасына 40 минуттай сұхбат алып, эфирден бердік. Сонда көкейінде шермендей болып қатып қалған ой-пікірлерін  бүкпесіз айтып еді-ау қайран аға! Сол бейнетаспаның көшірмесін жаны жайсаң азаматтың бірі Жеңіс Букинге табыс еттім. Сол жәдігер бүгін бар ма, жоқ па белгісіз?

Еркін Әуелбековтің Торғай жерінде басшылықта болған жылдардағы игілікті істерін шолып өткен сияқтымын.  Сол кездегі жиырманың бел ортасындағы көкөрім журналист, мен де Еркін ағаның ерең еңбегінің куәсі болып, шарапатына бөленгенімді қалайша ұмытармын.

Қасиетті Торғай талай азаматты қанаттандырып, Еркін Әуелбековті сайын даланың сұңқары санады.

Торғай Сізді көтерді төбесіне,

Шыққан сайын бесжылдық белесіне.

Амангелді, Жангелді ұрпақтары,

Қалдырды Еркін атын мәңгі есінде

Рухыңыз асқақтай түссін, Көкше көгінен самғап ұшқан Еркін аға!

Қалымбек МҰХАМЕДЖАНОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар