Əбілқайыр ханның Бопай сұлуы ұрпақ жадында

Қазақ елінің тарихында өзінің есімдерін алтын əріппен жазып кеткен батыр əйелдер баршылық. Олай болса, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Рəбиға Сыздықтың Бопай сұлу туралы мақаласы осыған айқын дәлел. Сонымен, қазақ қыздарының бірегейі өз ерліктерімен, ақылдылығымен тарихта атын қалдырған Бопай сұлу. Бəтиманың өмір сүрген уақыты шамамен 1690-1780 жылдар. Ханның бəйбішесі, ел анасы, байырғы дала өркениетінің дəстүрімен, көрегенділікпен елдің қамын ойлайтын ұрпақтарын тəрбиелеген Бопай сұлудың қазақ қоғамында өзіндік алар орны ерекше еді.

Бопай сұлу– кешегі қазақ қыздарының көшбасшысы болса, бүгінгі қазақ қыздарының үлгі тұтары. Оның өмірі мен тегі, күйеуі Әбілқайыр ханға көмекші-кеңесші ретінде ел басқару ісіне атсалысып, талай маңызды мәселелерге ойы мен парасатын, билігі мен беделін араластырған, хан қайтыс болған соң да ел басқаруда айтулы шешімдерге, мәмілелерге қол жеткізе алған ықпалды тарапқа айналған қайраткерлігі өз алдына бір төбе.

Бопай сұлу Кіші жүздің ханы Әбілқайыр ханның жары мен құты болған. Ол Әбiлқайыр ханның екінші əйелі бола тұра, өзінің табиғатынан ерекше салиқалы, басалды қасиеттерінің арқасында аса жоғары «сұлтанша» лауазымына ие болған. Бопай сұлудың шығу тегі туралы екі түрлі дерек бар. Бір деректерде Бопай сұлу Кiшi жүздегi белгiлi батыр адай Мырзатайдың бір туған бауыры делінсе, екінші бір деректерде Кіші жүздің беделді қазақ сұлтандарының бірінің қызы, атақты Дербісəлі сұлтанның қарындасы болған деп айтылады.

Әбiлхайырдың Бопай сұлуға үйленуi жəне екеуiнiң арасындағы шынайы махаббат пен ынтықтық туралы ел iшiнде көптеген аңыз əңгiмелер таралған. Көп нұсқасы бар, сол аңыздардың бiрiндегi Әбiлқайыр мен Бопай сұлудың ғашықтық сезімдері қазақтың лиро-эпос жырларындағы кейіпкерлердің сезімдерінен кем емес. Сол ғашықтар хикаясы туралы əдемi аңыз халық арасына кеңінен таралған. «Бір күні Кiшi жүздегi əйгiлi батыр Жəнiбек пен Әбiлқайыр жолда келе жатып кеш түсе бiр ауылға кез болады. Бұл бiр батырдың ауылы екен. Ауыл иесi аса бай, жасы үлкен кiсi болса керек.

Оның бойжетiп отырған қызы Бопай сұлуды көргенде Әбiлқайыр ақыл-есі кете ғашық болады. Жəнiбек батыр жас төренің бұл мінезіне таңқалады. Келесi күнi жолға аттанған Әбiлқайыр күтпеген өнер шығарып сол ауылда қалатынын айтады. Жəнiбек батырға өз жөнiмен кетуге тура келедi. «Қайтсем де Бопай сұлуды алмай тынбаймын» – деген Әбiлқайыр оған ермей қалып қояды. Қыз ауылына қайтып келген Әбiлқайыр өзiнiң төре тұқымынан екенiн жасырып Бопайдың əкесiнiң малын бағуға жалданады.

Ұзын бойлы, батыр тұлғалы, жiгiттiң сұңқары Әбiлқайыр батыр жылқышы болып жүрсе де, аз уақыт iшiнде ауыл адамдары арасында сенімге ие бола бастайды. Көп ұзамай сырын ашқан жас батырды Бопай сұлу да жан тəнiмен ұнатып сүйіп қалады. Осылай екі жастың арасындағы сезім ұлғая түсіп, Әбілқайыр Бопай сұлудың əкесiнен рұқсат сұрауға бел буады.

Мұндай жағдайды күтпеген қыздың əкесi қызының бағасын білгендіктен, өзіне кедей жігітті тең көрмейді. Ендігі кезекте ол қызын Әбілқайырға берместің амалын іздестіріп, «Қызымның қалың малына ала аяқты 90 күрең ат жəне 60 боз ат əкелесiң, əйтпесе қызымды бермеймiн» – деп шарт қояды. Аталған шарт жас батырға ауыр тиеді. Дегенмен, көзсіз ғашық болған Әбілқайыр қыз əкесінің шартын орындауға жолға аттанады.

Бопай сұлудың əкесі «Жалғыз атты кедей жiгiт бұл шартымды орындай алмас» – деп үмiттенеді. «Тiрi жүрсем Бопай сұлуды алмай тынбаймын» – деп серт берген Әбiлқайыр əлгi айтқан жылқыны ағайындарынан, ел-жұрттан сұрайды, алайда, ешқандай нəтиже шықпайды. Шарқ ұрған жас батырдың осындай аянышты күйiн естіген Жəнiбек батыр жетiп келедi. Қу кедейлiк қолын кесiп отырған жас төренi аяған, əрi келешегiне сенген Жəнiбек батыр Әбiлқайырға керектi 150 айғырды өз жылқысынан шығарып, санап бередi. Оған қоса ол өзi барып Бопай сұлудың əкесiне қазақтың əдет-ғұрпы бойынша құда түседі. Сөйтiп, əйгiлi қазақ батыры Жəнiбек екi ғашықтың басын қосып, үлкен азаматтық іс жасайды». Әрине, ежелден келе жатқан қазақтың дəстүрі бойынша Бопай сұлудың атастырылып қойылғаны белгілі. Оның үстiне байдың қызы болғандықтан, сəйкесінше мықты адамға айттырылған.

Әбiлқайыр мен Бопай сұлудың арасындағы ғашықтық сезім дəстүрді бұзуға мəжбүрледі. Қалай болғанда да Әбiлқайыр сынды жас батырдың Бопай секілді əйгiлi сұлуға үйленуi оның шын мəнiнде өмiрдегi бақыты едi. 1711 жылы олардың тұңғыш баласы Нұралы дүниеге келді. Бопай төре ұрпағының шаңырағына құтты келін болды. Ол келiн болып түскелi Қажы сұлтан шаңырағының құт-берекесі арта түсті. Әбілқайырдың тасы өрге домалады. Көп ұзамай Әбiлқайырды Кіші жүздің игi жақсылары ақ киiзге көтерiп хан сайлады.

Бопай сұлудың өз басы да қазақ əйелiне тəн кiшiпейiлдiлiк, ақылдылық, ұстамдылық, парасаттылық жəне басқа сол секілді қасиеттерiмен Әбiлқайыр шаңырағында жақсы келiн, əрi жақсы бəйбiше атанады. Әйел болса да ердiң ақылы мен батырлығын өз бойына сыйдырған абзал жан едi. Бопай сұлудың аса беделдi болғаны соншалық Әбiлқайырдың көптеген саяси iстерiн ақылмен шешуге көмектескен. Батыр атанған Әбілқайырдың қилы мінездеріне тоқтау айтып, сабырлылыққа шақырып, сабасына түсiрiп, қиын мəселелердi бабымен шешуге көмектескен.

Бопай Әбілқайырдың ел басқару ісінде кеңесшісі, арқа сүйер тірегі болған. Елдің ішкі жəне сыртқы саясаты мəселелері шешілетін құрылтайларда Бопай өзі құқық білгірлері билер мен шешендік өнер иелерімен қатар сөз сөйлеп ел басқару ісіне қатысқан.

«Бопай сұлу өзінің ақылымен құрметке ие болған, сондықтан да кей кездері орданы басқару ісіне үлкен əсер еткен. Әдетте əйелді барлық қоғамдық жұмысқа араластырмайтын қарым-қатынастың болғанына қарамастан, Бопай сұлудың өзінің жеке мөрі болған», – деп Қазақстан тарихы бойынша ірі маман А.И.Левшин жазып өткен.

Сондықтан, ел iшiнде қадірі артқан Бопай анаға халқы мəртебелі, парасатты «Бара бəйбiше» атағын сыйлаған. «Бара бəйбiше» ұғымының Батыс Қазақстанда бiрнеше мазмұнды мағынасы бар. Негiзiнен – өз ақылымен, даналығымен елге қадiрлi болған ел iшiндегi аса беделдi аналарымызға айтылған. Сонымен қатар, Бопай сұлу есімі «Ардақты бəйбiше», «Ардақты ана» болып ел есiнде мəңгi қалды. Әбілқайыр жары Бопайдың кеңесін тыңдап, оның пікірін бағалаған. Әсіресе, Еділ қалмақтары мен башқұрттармен қарым-қатынастың өршіген шағында Әбілқайырдың сол кездегі Ресейге жақындасуын қолдаған Бопай болған.

1731 жылы А.И.Тевкелев бастаған Анна Иоанновнаның елшілігі келген кезде, бірінші болып өз мөрін басқан еді. Сонымен қатар, өз үлгісі негізінде өзгелерді де осы шартқа көндіре алған. Әбілқайыр өлгеннен кейін ұлы Нұралының хан болып сайлануы, Бопайдың Ресей империясымен дипломатиялық қарым-қатынасының негізінде іске асқан. Бопай ақыл-кемеңгерлігімен қатар, таңқаларлық ерекше əдемі болған. Бұл туралы көптеген аңыз-əңгімелер ғана куəлік етпейді. 1736 жылы Кіші жүз даласына ағылшын саяхатшысы жəне суретшісі Джон Кэстль келген. Кэстльдің суреттеріндегі оның бейнесіне қарай отырып, Бопайдың бес баласы бар, қырықтан асқан əйел екеніне сену қиын. Сонымен қатар, дала сұлуының соншалықты нəзік келбетінің арғы жағында асқан ақыл мен қатал мінездің болғанына сене алмайсыз.

ХVIIІ ғасырдың ортасында, яғни, 1748 жылы Әбiлқайыр о дүниелік болғаннан соңғы дəуiрдегi тарихи құжаттарда Бопайдың аты көп кездеседi. Оның Орынбор басшыларына жəне Петербургке жазған хаттары сақталған. Бопай сұлу 1780 жылы 31 мамырда қайтыс болған. Алайда, ел ақындары мен дана қарттары аузынан Бопай есiмi түскен жоқ. Белгiлi адай ақыны Абыл жыраудың (1777-1864) Баймағамбет сұлтанға айтқандарының iшiнде мынандай толғаулар бар: Апамнан (Бопайдан) туған əкең Айшуақ хан, Табаның таймай тұр-ау мiнген тақтан. Дəлiрген тажал сынды дəрежеңдi, – деп жүрсiң Құдай қорып, Қыдыр баққан…

Әбiлқайыр ханның Бопайдан басқа да əйелдерi болған. Бопайдан кейiн əр түрлi жағдайда екi əйел алған екен. Алайда, барлық құжаттарда Бопай сұлудың ғана аты аталады. Оның осынша құрметке ие болуы тек Әбiлқайыр ханның əйелi ғана емес, өзiнiң жеке басының ақылдылығы мен беделiне байланысты болды. Әбiлқайыр хан мен Бопай сұлудың алты перзентi дүниеге келдi. Солардың бесеуі ұл, бiреуi қыз бала болған. Ұл балалары Нұралы (1710/11-1790), Ералы (1720-1794), Қожахмет (1722-1749), Айшуақ (1723/24-1810), Әдiл (1730-1750). Қыз баласы Зылиқа 1745 жылы дүниеге келген. Әбiлхайыр балаларының iшiнде Қожахмет пен Әдiл жастай қайтыс болған.

«Алып – анадан туады» демекші, Бопай сұлудың тəрбиесімен өніп-өскен үш ұлы да хан болып, еліне елеулі қызмет атқарған. Нұралы (1748-1786), Ералы (1791-1794), Айшуақ (1797-1805) Кiшi жүздің хандары болды. Аңызға айналған Бопайдың тұлғасының даңқы қазақ еліне таралған. Бопайдың аты мақтаныш пен өнегенің рəмізіне айналған. Бопайдың мавзолейіне тəу ету мақсатында қадірлеп, қастерлеп халық рухына сыйынған. Ел iшiнде қыздарға Бопай деп ат берушілер көбейген. Соның ішінде өз дəуірінің мақтанышына айналған Кенесарының қарындасы Бопай Қасымқызын да атап өтуге əбден болады. Бопай сынды ақылына көркі сай кемеңгер əйел-ана тұлғалары қазақ тарихында көнеден бері баршылық. Мұндай тұлғалардың қоғамдық-саяси қызметтері мен тарихтағы орнын анықтап, тиісінше баға беріп, ұрпақтарға сабақтастық желісінде салиқалы дəстүрлерін жеткізу – бүгінгі күннің еншісінде.

 Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

 204 Total Views,  2 Views Today

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Өзге де жаңалықтар