Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Арман қалаған үйлер әсем көркімен көз тартады - АРҚА АЖАРЫ

Арман қалаған үйлер әсем көркімен көз тартады

Қамшының сабындай қысқа ғұмырда адамның өмірден өз орнын таба қоюы дегеніңіз оп-оңай шаруа еместей көрінеді. Ал, кейбір, қарапайым қызметі, қолының ебі, ойының қисыны бар, сол арқылы отбасын асырап, айналасына сыйлы болып жүрген жігіттерді көргенде риза боласың. Сондай азаматтардың бірі – Арман Тоқсанбаев. Ол құрылыста тас қалаушылар бригадасының бригадирі. Көкшетаудағы талай зәулім биік үйлердің кірпішін дәл осы Арман немесе оның бригадасы қалаған.

Облыс орталығында онымен жолыға қалып, сұрай қалсаңыз, ерекше бір толғаныс үстінде «Әне, анау үйді, міне, мынау үйді біз тұрғызғанбыз» дер еді. Табиғатынан біртоға жігіттің ішкі сарайын өздері бітірген іске деген мақтаныш сезімі де билері кәдік. Алайда, сөзге жоқ, еңбекпен есейіп, мақсат-мүддесін іспен дәлелдеп үйренген жанның сол зәулім үйлердің іргетасы алғашқы қаланған тастан бастап, анау сегіз-тоғыз қабат үйлердің ең биігіне жеткенге дейін қанша тер төгілгені жадында сайрап тұр ғой.

Әрине, «ә» дегеннен өзгеге үлгі, басқаға ақылшы бригадир бола қалған жоқ. Өзі талай жылдар бойы тас қалаушы болды. Сол шеберлігін мұқият шыңдады.

Арман Көкшетаудың іргесіндегі Кенесары ауылында 1971 жылы дүниеге келген. Мектептен соң Шағалалы техникумында оқыған. Одан Отан алдындағы борышын өтеу үшін  әскер қатарына алынған. Ауылдың бітпейтін қара жұмысын қопара істеп, спортқа да жақын болған ол әскер қатарына барғанында командирлерінің көзіне бірден шалынды. Сол кездегі одақтас республикалардың  бірі Беларуссияға түскен болатын.  Шымыр да ширақ, іскер, алғыр жігітті Слуцк қаласындағы кіші командирлер дайындайтын оқу-жаттығу жиынына жіберді. Оны ойдағыдай бітірген соң сержант шенінде әскери қызметін жалғастырды.

Әркімнің өміріне әртүрлі жағдай, әртүрлі оқиғалар әсер етеді, із қалдырады. Арманның кейінгі мінез-құлқына, өмірлік ұстанымы мен көзқарасына осы әскер қатарында болған екі жылы ерекше із қалдырғандай. Ол әлі күнге спортты жақсы көреді, таңертең алыс қашықтыққа жүгіріп, жаттығулар жасап, бойын сергітіп, ширақ жүргенді ұнатады. Әр нәрсенің әскердегі сияқты орнында тұрғанын, әр істің уақытымен орындалғанын, құрылыс нысанының таза болғанын қалайды. Сүйікті жары Ақнұр екеуі төрт бала сүйген. Қазір екеуі немеренің де кекілін сипауға жетіп, ата-әже атанып отыр.

Қолынан құрылысқа, күнделікті тұрмысқа қатысты барлық жұмыс келетін оған көрші-көлемі ерте-кеш демей  хабарласып, көмек сұрап жатады. Арман тек тас қалаудың шебері ғана емес, кафель жапсыру, электр жүйесін тарту, сантехникалық, жиһаз жөндеу, тағы басқа толып жатқан жұмыстардың қыбын келтіріп, атқара береді. Соны білетін таныс-біліс, ағайын есігін қағады да тұрады. Табиғатынан елгезек жігіт күні бойы құрылыста ауыр жұмыс жасап, шаршап-шалдығып келсе де  ешкімге «жоқ» дей алмайды. Мұқтаж болып тұрған адамға қол ұшын бергеннен тартынған емес. Бала-шағасы аман, қатар-құрбысының алдында абыройлы болып жүргені сол жұрттан алған алғысының жемісі де шығар, бәлкім. Үлкен ұлдары Елдар мен Бахтияр да «әке көрген оқ жонар» демекші, құрылыс жұмыстарына бүге-шүгесіне жетік. Жалғыз қызы Томирисін биыл ұзатты. Кенжесі Байрам әлі мектеп жасында.

Міне, кәсіби мерекесі қарсаңында сөзден іске бейім жігіттің  біз әңгімеге тартып, қағазға түсірген баяны осындай. Арман Тоқсанбаев қазір «Жақыпов» жеке кәсіпкерлік ұжымында тас қалаушылар бригадасының бригадирі ретінде өз жұмысын тиянақты атқарып жүр. Қарауындағы 15 тас қалаушы мен 3 көмекші-қолғабысшы ол туралы тек қана жақсы лебіз айтады.

Еңбекпен ер жетіп, бақытын еңбектен тапқан құрыш білекті құрылысшы өзі игерген мамандықтың қыр-сырын жастарға үйретуден жалыққан емес. Ол еңбектің қадір-қасиетін бір кісідей білетін азамат!

                                 Серік САПАРҰЛЫ,

                                 «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретте: тас қалаушылар бригадирі Арман Тоқсанбаев.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар