Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Бурабай және Біржан сал аудандарында болып, жаңадан төселіп және күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан жолдардың сапасымен, жаңа бизнес нысандары, егін, көкөніс өсіру жұмыстарымен танысып, тапсырмалар берді.
Щучинск қаласының ішіндегі жолдарды жөндеу барысы туралы Бурабай ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Биданов баяндады. Мұнда Жамбыл,Қазақстан, Интернациональная сияқты негізгі көшелер мен оларға келіп қосылатын көшелерді жөндеу, қайта жаңарту қолға алынған. 8 көше толық аяқталса, 2 көшеде жұмыс аяқталуға жақын. Аталған көшелердің жөнделуі көлік кептелісін жойып, тұрғындарға үлкен жеңілдік әкелмек.Құны 1 063,8 миллион теңгелік бұл жұмыстарды «Kaztelematica» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған.
Жұртшылық көптеп келетін курортты аймақтағы Бурабай кентінің де Көркем, Степная, Киснерев,Обозная көшелері, қысқа болғанымен, тұрғындар мен демалушылар жиі жүретін жол бөлектері жөндеуден өткізілуде. Бурабай кентіндегі осы қат-қабат жұмыстармен айналысып жатқан «Kaztelematica» 655 миллион, «Сапа Жол Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 98,7 миллион, «Жетісу Жол Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 126,5 миллион теңге қаражатты игеруге тиіс.
Сондай-ақ, ауданда 62,8 шақырым Щучинск-Николаевка тас жолы мен Текекөл көлі маңайындағы айналма жолды жөндеу де қолға алынған. Мұндай шаралар ауданда туризмді одан әрі дамытуға игі әсер етпекші.
Ермек Маржықпаев Щучинск қаласының көше жолдарын жөндеуге қоса, жаяу жүргіншілер жолдарын да қалпынакелтіріп, көшелерді жарықтандыруды, олардың қиылыстарындағы жол-көлік белгілерін қайта тексеріп, ретке келтіруді, аулаларға спорт және балалардың ойын алаңдарын жоспарлауды, тұрғындар сынға алған, яғни, бұған дейін сапасыз орындалған шаруаларды шұғыл түрде қалпына келтіруді тапсырды.
Өңір басшысы Бурабай курортты аумағында орналасқан, осыдан бірер ай бұрын, 2022 жылдың маусым айында ғана іске қосылған «Лес» демалыс үйімен танысты. Жаңа да өзгеше жобаны «Wellness& Resort» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ернұр Ермұхамбетов таныстырды. Жоба құны 600 миллион теңге. Тамылжыған табиғат аясында, әрі қарапайым, әрі қолайлы жасалған, ерекше дизайн қолданылған, балалардың атқа мініп, үй қояндарын тамақтандыруына, суға түсіп, сырғанауына дейін қарастырылған демалыс үйі әлі-ақ үлкен танымалдылыққа ие болатындай. Әсіресе, у-шуға толы қала тірлігі қажытқан, оңашалық пен қарапайым тіршілікті, табиғатты аңсаған жандарға ұнары кәміл.
Одан кейін Ермек Маржықпаев Біржан сал ауданының «Жөкей Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егін алқабына барып, картопты арнайы «жаңбырша бүркіп суару» технологиясымен суару жұмысымен танысты. Бұл жердегі бір ерекшелік, шаруашылық суды арнайы жер асты суларын пайдалану жолымен жасалған су қоймасынан алып отыр.
Жобаны жүзеге асыру үшін 2021 жылы 1,8 миллиард теңге инвестиция тартылған. 9 жұмыс орны ашылған. Барлығы 1098,1 гектар жерлері бар болса, оның 720 гектары шабындық, 378 гектары жайылым. Бағымда ірі қара, қой, жылқы бар. Шағын көкөніс сақтау орны жабдықталған.
Шағын шаруашылықты жетілдіріп, әсіресе, картоп өндіріп, оны сатуды дұрыс жолға қоюды тапсырған өңір басшысы бұл іске қолдау көрсетудің заңды жолдары қарастырылатынын айтты.
Өңір басшысы жұмыс сапары кезінде Үлгі ауылында су желісін қайта жөндеумен айналысып жатқан «Дәнекер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де жұмысын көріп, істі күзгі жаңбыр мен салқынға қалдырмай аяқтауды жүктеді. Аудан басшылары бұған дейінгі мердігердің салғырттық танытқанын, сондықтан, олармен келіссөздің бұзылғанын, сол себепті жұмыстың сәл кешеуілдеп қалғанын айтты. «Көкшетау жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысып жатқан 42 шақырымдық облыстық дәрежедегі Щучинск-Степняк-Уәлиханов тас жолын жөндеу де ойдағыдай жүргізілуде. Қажетті материал, техника мен адам күші жеткілікті. Облыс әкімі құрылысшыларға бұл жолмен көбінесе, ауыр жүк машиналарының жүретінін ескертіп, соған төтеп беретін технологияны қатаң сақтауды, сапа мәселесіне баса көңіл бөліп, қолға алған жұмысты дер кезінде аяқтауды тапсырды.
Серік Сапарұлы,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Айбек Данияров.