Есімі ешқашан ұмытылмайды

Өткен сенбі күні облыс орталығындағы Жеңіс көшесінің бойындағы үйге қазақ ән өнерінің жарық жұлдызы Қажыбай Жахинге арналған мемориалдық тақта орнатылды.

Ежелден ән-жырдың алтын бесігі атанған Көкше өңірі ғана емес, тұтас Алаш баласы Арқаның дәстүрлі ән өнерінің жарқын өкілі Қажыбай Жахиннің табиғат сыйлаған тамаша талантын, қайталанбас қарым-қабілетін жақсы біледі десек, артық айтқандық емес. Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Біржан сал әндерімен бірге ілкіден тамыр тартқан халық әндерін нәшіне келтіріп орындайтын ол Көкшенің Айбозы атанған еді.

Алдымен өнер иесінің өмір соқпағына көз жүгіртіп өтелік. Ол 1966 жылы бұрынғы Көкшетау облысына қарасты Уәлиханов ауданының Береке ауылында көп балалы отбасында дүниеге келді. Есін білгеннен-ақ сөз ұстаған, ұлттық өнерді ұлағат тұтқан әке мен ананың жанында жүріп, кәусар  өнердің тұма бұлағынан сусындады. Орта мектепті аяқтаған соң кәсіби әнші болуды мұрат тұтты. Сол асыл арман жетектеп, қолтығынан періштедей демеп, жебеп, Алматыға аттандырды.

1987 жылы Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада және цирк колледжіне құжаттарын тапсырып, Қазақстанның халық әртісі, профессор Қайрат Байбосыновтың сыныбына қабылданды. Тұла бойындағы тұма бұлақтай буырқанған талантының ұшталып, өнерінің кеңінен өріс ашқан жері де осы. Сол кездегі ән өнерінің жарық жұлдызы Жәнібек Кәрменовтың де дәрісін тыңдап, тәрбиесінде болды. Бір кезде Арқаны әнмен қырған әнші-композитор Біржан салдың «Айбоз» атты әнін нәшіне келтіре орындайтын Қажыбай сол шәкірт кезінің өзінде Айбоз атанып кетті.

Ұзын-ырғасы 300-ге жуық әнді тамылжытып орындайтын. Қажыбай ән салғанда әнсүйер қауым ғана емес, Бурабайдың биігі де, Айыртаудың асқақ шыңы да қорғасындай балқып, құлақ салып тұратындай еді. Сан  талай өнер додасында жұлдызы жарқырады. Қажыбайдың әніне сүйсінген тәмам ел тілекшісі болды. Қасиетті Көкшенің намысын қорғап, өнер бәйгесіне түсті. Міне, осындай табиғи таланты мен есіл еңбегі, нағыз сал-серіге лайық бітім-болмысы, азаматтық ажары еш ұмытылмақ емес.

Енді міне, 2007-2020 жылдар аралығында тұрған үйге әншінің ажарлы бейнесін ел есіне салып, кейінгі ұрпаққа өнеге болатын иманды шаруаны ұйымдастырудың сәті түсті. Бұл іске көкшетаулық белгілі Абай Рахматулин, Дәулен Нұралин, Қайыркен Хасенов, Көшек Сәменов, Мұрат Құлатаев тәрізді азаматтар ұйытқы болды. Алдымен белгілі ақын Қуаныш Оспанов әншінің бар болмысын, жарқын да жасампаз талантын сұлу сөзбен сыйпаттап, жыр оқыды. Өлең сөздің патшасы өршіл ұлдың асқақ бейнесін тыңдаған жұрттың көз алдына әкеліп, халқымен қайта қауыштырғандай әсер етті.  Сот саласының ардагері Дәулен Нұралин, ел ағасы Мұрат қажы Ыдырысов, Қажыбайдың туған ағасы Ерсайын Жахин әсерлі естелік айтса, көкшетаулық дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасенов ағасының репертуарындағы бірнеше әндерді шырқап берді.

Салтанатты рәсім соңынан ас беріліп, құран бағышталды.

Нұрбек НҰРАЛИН.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар