Ақмола облыстық ауруханасында отоларингология және бет-жақ сүйек хирургиясы қызметінің ашылғанына 60 жыл толуына орай ғылыми-практикалық конференция болып өтті.Салтанатты жиында Көкшетау қаласының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, Денсаулық сақтау саласының үздігі, танымал дәрігер Болат Жанәділов құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді. Конференция жұмысына Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан қалаларынан, Ресейдің Омбы қаласынан медицина саласының майталмандары қатысып, баяндамалар жасалды. Салтанатты жиынды Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының директоры,Көкшетау қалалық мәслихатының депутатыНұрлан Жаров жүргізіп отырды.
Алғашқылардың бірі болып баяндама жасаған медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Төлеубай Батыровөз сөзінде отоларингология және бет-жақ сүйек хирургиясы қызметінің жаңашылдықтары мен заманауи консультативтік-реабилитациялық көмектің түрлері туралы тарқатып айтып берді. Ол осы ғылымға сүбелі үлес қосқан жандардың да еңбегін ерекше атап өтіп, осы салада аянбай тер төккен дәрігерлерді құрметпен еске алды. Жиын барысында облыстық ауруханасының отоларингология және бет-жақ сүйек хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Владимир Митчинов сөз сөйлеп, құрылғанына 60 жыл болған бөлімшенің тарихы мен бүгінгі таңда атқарып жатқан ауқымды іс-шаралары туралы айта келіп, жиналғандарға жылы лебізін білдірді.
1962 жылы 30 кереует орны бар бөлімше болып ашылып, дәрігер Федор Тышко меңгерушісі болып тағайындалған екен. Бөлімшеде үш дәрігер еңбек етіпті. Олар құлақ, мұрын қуысына, құлақ сыртындағы кемісіктерге қалпына келтіру оталарын жасаған. 1975 жылы ЛОР бөлімшесі бес қабатты кешенге көшіліріп, 60 кереует орынға (20 балалар, 40 ересектер үшін) дейін ұлғайтылған екен. Бөлімше қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, сол жылдары остеопластикалық оталар қолданысқа енгізілген. Жиында бөлімше жұмысына Р.Моос, К.Мұқышев, К.Мұстафин, Ф.Линник,А.Восколович есімді дәрігерлердің сіңірген еңбектері өлшеусіз екендігі ерекше айтылды.
Конференцияға сонау Омбы қаласынан арнайы келіп, әріптестері алдында өз тәжірибесімен бөліскен ғалымның бірі – Мусиенко Александр Иванович. Александр Мусиенконың есіміне Көкше жұртшылығы қанық. Ол кезінде облыстық аурухананың аталмыш бөлімшесінде қажырлы еңбек етіп, талай жанның дертіне шипа тапқан дегдар дәрігер.
– Мен Омбы қаласындағы мемлекеттік медицина иститутын тәмамдаған соң, Көкшетау қаласында осы аурухананың бет-жақ сүйек хирургиясына жұмысқа орналастым. 1998-2004 жылдар аралығына осы бөлімшенің меңгерушісі болып қызмет атқардым. Кейін Омбы институтының арнайы шақыруымен Омбы қаласына қоныс аудардым. Омбы қаласына көшкеніме 19 жыл болыпты. Бірақ, өзімнің алғашқы еңбек жолымды бастаған өңір мен үшін қашан да ыстық. Бүгінгі конференция жұмысына арнайы келіп, өзімнің тәжірибемді ортаға салып, ота жасау ісіндегі жаңашылдықтармен бөліскім келді, –деді ғалым өз сөзінде.
Жиын барысында ғалымдар кезек-кезек сөз алып, жас дәрігерлерге үлгі болар көптеген тың ізденістермен бөлісті. Алпыс жыл бойы халыққа қызмет етіп келе жатқан аурухана бөлімшесі әлі талай жанның дертіне шипа берері сөзсіз. Ол үшін мұнда қажеттінің бәрі бар!
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.