Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкшетау қашан қазақша сөйлейді?.. - АРҚА АЖАРЫ

Көкшетау қашан қазақша сөйлейді?..

немесе ана тіліміз аударма тілі болып қала бермек пе?!

Көкшетау қаласындағы тұрғындардың басым көпшілігі неге қазақша сөйлемейді деген сауал туындаған сәтте, алдымен осы өңірде тұратын халықтың арасында өзге ұлт өкілдерінің саны қанша деген ой тұрады. Ақмола облыстық статистика департаментінің берген деректеріне сүйенетін болсақ, 2022 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша, Ақмола облысында 733 мың 900 адам тіркелген болса, оның 387 мың 690-ы қазақ, 234 мың 336-сы орыс ұлтының өкілдері екен.  Ал, облыс орталығы Көкшетау қаласында 165 134 мың адам тұрса, оның 97992-сі қазақ, 46859-ы орыстар.Біз салыстырмалы түрде тек қана орыс ұлтын алып отырмыз. Әрнені салыстыра жүріп саралайсың ғой.

Біздің өңірдегі қазақтардың басым көпшілігі қазақша сөйлемейтіні, я болмаса, сөйлей білмейтіні өтірік емес. Қанша жерден мойындағың келмесе де шындығы осы. Бір ғажабы – мемлекеттік тілді дамыту мәселесі бойынша атқарылатын шаруасы шаш-етектен өңірде тілдерді дамыту басқармасықысқартылып, өзге басқарманың құрамына бөлім болып енгізілуі қисынға келмейтін шаруа. Мұны біз  алдымен қазақ тіліне жасалған қиянат деп ұғамыз. Басқаша ұйғару мүмкін емес.

Енді сараптай беріңіз,біз жоғарыда шаш-етектен деп айтқан мәселелерді жіпке тізгендей айтып берейік. Бір ғана мысал, өзге елді мекендерді айтпағанда, Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласындағы 24 мектептің  таза қазақ тілінде білім беретіні төртеу болса, қалғаны аралас мектеп. Аралас мектепте тіл меңгеру деңгейі қаншалықты екендігін  айтпасақ та белгілі.  Төрт мектептің бірі – осыдан төрт жыл бұрын яғни, 2018 жылы ашылған  ІТ (айти) мектеп-лицейі. Бұл білім ордасы ашылғанда «Тәуелсіздіктің жемісі!» деп ұрандадық. Себебі, бұл мектеп тәуелсіздікке аттай 27 жыл толғанда ашылған алғашқы жаңа қазақ мектебі болатын. (!) Иә, көбіне көбік сөзді көлденең тарту, көзбайлау, ежелден қазаққа ғана тән қасиет. Әйтпеген күнде өз елінде отырып, отыз жылға жуық уақыт ішінде бар-жоғы бір ғана қазақ мектебінің ашылғанына шүкір етіп, қуана алатын әлемде бір халық болса, ол өзіміз, қазақ халқы ғана шығар. Басқа халық мұндайға төзер ме екен?!.

Тағы бір дерек, өткен оқу жылында облыс мектептерінде білім алған 86 175 қазақ баласының 23532-сі орыс сыныбында оқыған. Яғни, 23532 бала өзінің ана тілін білмей, өсіп келеді деген сөз. Ал, облыста159 мектеп қазақ тілінде білім береді. Ал, орыс тілінде білім беретін 178 мектеп бар екен. Тағы 220-сы аралас мектеп. Ақмола облысындағы 32 колледждің 2-еуі ғана қазақ тілінде білім беретін оқу орны.Осындай деректерден кейін Көкшетаудағы тіл ахуалын өзіңіз-ақ бағамдай берсеңіз болады. Иә, рас, тәлім-тәрбие дегеніңіз,  әрине, алдымен ұшқан ұядан. Бірақ, өздері орысша оқып, ана тілін еркін меңгермеген ата-анаға балаңыз неге орысша сөйлейді деп сұраудың өзі қисынсыз.

Тағы бір жанға бататыны, өзге өңірлерде қайдам, біздегісала басшыларының басым көпшілігі орысша ойлайтын, орысша сөйлейтін шенеуніктер. Соңғы жылдары журналист қауымның қатысуымен түрлі тақырыптардағы брифингтерді өткізу үрдісі белең алған. Өзге ұлт өкілдері де қазақша сөйлесе артық емес, әрине. Бәрінен де, ұлты қазақ, тілі орыс шенеуніктердің өз тілін білмейтіндігі жақсы көрсеткіш емес. Араларында қазақша сауалды  мүлдем түсінбейтіндері де бар. Мұндай үрдіс аудан әкімдері арасында көптеп кездеседі. Түсінбей тұрса да, міз бақпастан тақырыптан ауытқып, орысша жауап беретіндеріне таң қаласың. Өзінің ана тілін сыйлауы керектігін айтпағанда өзі қызмет етіп, өмір сүретін мемлекетті сыйламауы мемлекеттік қызметшінің абыройына нұқсан келтіреді емес пе?! Мемлекеттік қызметші мемлекеттік тілді неліктен меңгермеген деген заңды сұрақ туындайды.Мемлекеттің тілін меңгермеген адамды мемлекеттік қызметке қабылдау қаншалықты дұрыс? Ең сорақысы, сол шенеуніктің кейбірі ашықтан-ашық «Маған қояр сауалдарыңыз болса, сұрақты тек қана орыс тілінде қойыңыздар» деп талап ететіндерін қайтерсіз? Қаның қайнайды, жүрегіңе тұз сепкендей күйде боласың.

Бір ғана мысал, алпауыт Америкада не болмаса, Англияда оқу орнына түсу үшін алдымен ағылшын тілін меңгергеніңді дәлелдеу мақсатында арнайы тест тапсырасың. Қолында білім деңгейіңді растайтын арнайы сертификат болмайынша, ешбір жоғары оқу орны құжатыңды қабылдамайды.  Яғни, шетелде білім алғысы келетін адам міндетті түрде сол елдің тілін білуі керек. Ал, бізде қызмет істеп те мемлекеттік тілді меңгермей, мемлекеттік қызмет атқаруға болады. Бұған дәлел, аудан әкімдерін айтпағанда  қазақша сөйлей алмайтын министрлер де бар.

Тағы бір көзбайлайтын дерек бар. Мемлекеттік тілдегі құжат айналымы 90 пайызға жетті дейді тіл мамандары. Жарымжан аудармаға қарап, бұл дерекке нану қиын. Күні кеше әлеуметтік желіні шулатқан «үйленбеген қошқардың етінен жасалған самса»сияқты жазбаға ұқсас іркес-тіркес, мағынасыз сөйлемдер біздің Көкшетауда да жарнамаға арқау болып тұр. Жалпы ауыз толтырып айтар ілкімді іс жасалмаса, алға ілгерілей алмайтынымыз анық қой. Қалай дегенмен де, әлі де болса, мемлекеттік тілде іс жүргізу мәселесі көбіне тек қағаз жүзінде, яғни, формальды түрде ғана орындалатыны өтірік емес. Мәселен, егемендік алғанымызға отыз жылдың жүзі болса да, салтанатты шаралардың барлығы дерлік ресми тілде өтіп жатады. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне таратылатын ақпараттың басым бөлігі орысша. Осындайда, ана тіліміз аударма тілі болып бара жатқандығын мойындауымыз керек.

Жоғарыда атап өткеніміздей, біздің өңірдегі тілдерді дамыту басқармасы жабылып, қазір басқа басқарманың құрамына бөлім болып енгізілген. Жалпы, осы тілдерді дамыту басқармасы емес, қазақ тілін дамыту,  я болмаса  мемлекеттік тілді дамыту басқармасы болып өзгертілуі керек. Жалпақшешейліктен арылмайынша, ісіміз алға баспайды.  Бір қуантарлығы, біздегі тіл бөлімінің мамандары басқарма жабылып қалды екен деп қол қусырып қарап отырған жоқ. Әсіресе, біздің Ақмола облысында ономастика саласы бойынша атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың арқасында кешегі Кеңес дәуіріндегі орысша атаулардың біразы қазақшаланғандығын айта кетсек орынды. Ресми деректерге сүйенетін болсақ,  2016 жылы  239 көше, 2017 жылы 299 көше  және 7 елді мекен қазақша атауға ие болса, 2018 жылы 23 елді мекен мен 696 көшенің атауы осылай жаңартылған. Бір атап өтерлігі, оның 69-ы облыс орталығы Көкшетау қаласына тиесілі екен. Ал, соңғы жылдары тағы да 6 елдімекен мен 81 көшенің атауы қазақшаланып отыр.

Иә, көшелер мен елді мекендердің атауы қазақшаланғаны дұрыс қой. Ендігі орайда, білім ошақтарында көбірек қазақ сыныптары ашылса ғой деген бір арман бар. Қазақ мектептері де керек деп қашанғы армандай береміз. Басшылар өздері біліп сол мектептерді көбейтуі керек емес пе?! Жастар қазақша сөйлемесе, балаларымыз қазақша оқымаса, мемлекеттік қызметшілер қазақ тілін білмесе, «білейік» деп ұмтылмаса, қазақ тілінің болашағы бар деп айта  аламыз ба?!.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар