Тұрғындарға медициналық қызмет көрсетудің кең жүйесі бар

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов бастапқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту және ауылдық елді мекендерде медициналық көмек көрсетуді жақсарту туралы кеңінен қамтып, айтып берді.

Қазіргі таңда облыс тұрғындарына 562 денсаулық сақтау нысаны медициналық көмек көрсетеді. Оның ішінде стационарлық көмек көрсететін 23 ұйым, амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін 531 денсаулық сақтау нысаны және 377 медициналық пункт, 47 ФАП, 100 дәрігерлік амбулатория, 6 емхана, 1 МСАК орталығы мен басқа да 8 денсаулық сақтау ұйымы жұмыс істейді. Облыстың медициналық ұйымдарына 784 мың адам, оның ішінде ауылдық жерлерде 332 мың адам бекітілген. Бүгінгі таңда облыстың денсаулық сақтау жүйесінде 6 984 медицина қызметкері еңбек етеді, оның ішінде 1483 дәрігер және 5501 орта медицина қызметкері бар.

– Медициналық кадрлардың тапшылығын азайтуға бағытталған жұмыстар саланы дамытудың іргелі бағыты болып табылады. Осылайша соңғы екі жылда дәрігерлер тапшылығын 382-ден 244 адамға дейін қысқартуға қол жеткіздік, –  деген хабарламашы  еңбек ететін 159 дәрігердің 55-і ауылдық жердегі ақ халаттылар екенін жеткізді. Облыстық бюджет есебінен ауылға келген 35 жас дәрігерге 1 миллион теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленсе, 101 дәрігер тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Оған қоса, 143 медицина қызметкері тұрғын үй сатып алуға 589,3 миллион теңге несие алған. «Дипломмен – ауылға!» жобасы аясында 259 медицина қызметкеріне 100 АЕК көлемінде 74,0 миллион теңге сомасында көтермеақы берілген.

Медициналық кадрлардың тапшылығын азайту мақсатында жыл сайын резидентураға 35 грант, «Жалпы медицина» мамандығы бойынша оқытуға 50 грант, жергілікті бюджеттен орта буын медицина қызметкерлеріне 190 грант, республикалық бюджеттен 20 грант бөлінеді. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасынан 50 грант және аудан әкімінен бір грант бөлінді. Сондай-ақ, облыс орталығында медицина қызметкерлеріне 40 пәтерлік үй салынды.Егіндікөл ауданында 8 орындық жатақханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Атбасар ауданында да бос тұрған ғимараттың бірі 30 орындық жатақханаға қайта жобаланды. Жақсы ауданында 8 пәтерлі тұрғын үй салынды.

Облыстың денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсарту мақсатында 2020-2021 жылдар аралығында облыста жалпы сомасы 2,7 миллиард теңгеге 16 күрделі жөндеу жұмыстары, оның ішінде аудандық деңгейдегі 10 нысанға 2,0 миллиард теңгенің (Аршалы, Егіндікөл, Жақсы, Астрахан, Сандықтау аудандық ауруханалары, Атбасар көпсалалы ауданаралық ауруханасы, Зеренді, Бұланды аудандық ауруханалары) жөндеу жұмыстары жүргізілді. Күрделі жөндеу жұмыстарының нәтижесінде медициналық мекемелердің ғимараттарының тозу деңгейі 6 пайызға төмендеген. Жалпы, ауылдық медициналық ұйымдарға 332 мың адам бекітілгенін, бұл облыстағы бекітілген тұрғындардың 42,3 пайызын құрайтынын ескерсек, облыстағы ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтауға ерекше көңіл бөлінуде.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2022 жылғы 30 маусымдағы ҚР ДСМ№59 бұйрығына сәйкес ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсетуді жақсарту мақсатында ауданда көпсалалы орталық аудандық деңгейдегі ауруханалар анықталған. Бұл ауруханаларда инсульт орталығы немесе тері арқылы коронарлық араласу орталығы, перинаталдық орталық немесе перзентхана, травматология, хирургия және медициналық оңалту бөлімшелері болуы керек.Осылайша қазіргі уақытта екі ауданаралық аурухананы жаңарту мәселесі пысықталуда. Бұлар – жақын маңдағы 2 ауданға, яғни, Бұланды, Біржан сал аудандарының 116 мыңнан астам тұрғынына қызмет көрсететін «Авиценна-Бурабай» серіктестігі, сондай-ақ,өзіне жақын орналасқан Сандықтау, Жақсы, Есіл, Жарқайың,аудандарының 120 мыңнан астам тұрғынына қызмет көрсететін Атбасар аудандық ауруханасы.Облыста амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін 531 денсаулық сақтау ұйымы бар, оның ішінде: 377 медициналық пункт, 47 фельдшерлік-акушерлік пункт, 100 дәрігерлік амбулатория), 6 емхана, 2 АМСК орталығы.

Халықты амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін 2021 жылы 6,8 миллиард теңгеге 885 дәрі-дәрмек түрі жеткізілген. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 21 пайызға артық. Жалпы өткен жылы 170 мың науқас дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген,  бұл 2020 жылмен салыстырғанда 7 пайызға артық. Нәтижесінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша өтініштер мен шағымдар саны 1,5 есеге жуық азайған. Ал, ағымдағы жылы 8 миллиард теңге көлемінде тегін дәрі-дәрмек жөнелту жоспарлануда. Облыста 26 дәріхана пункті, сонымен қатар, ауылдық деңгейде тегін дәрі-дәрмек беретін 100 пункт бар. Егер қандай да бір себептермен дәрі-дәрмек жоқ болса, пациент қажетті дәрі-дәрмекті басқа дәріханадан тегін рецепт арқылы ала алады. Дәрілік заттарды жөнелту логист – «STOPHARM» серіктестігі арқылы ағымдағы жылдың 23 қаңтарынан бастап жүзеге асырылуда. Осы жылдың 7 айында 5,8 миллиард теңгенің тегін дәрі-дәрмегі жөнелтіліп, 126 мың науқас дәрімен қамтамасыз етілген.

Коронавирустық инфекциямен күресу шаралары бойынша ағымдағы жылы облыстың алғашқы медициналық санитарлық көмек  қызметі деңгейінде COVID-ке қарсы күрес (халықты COVID-ке қарсы вакцинациялау, сүзгі кабинеттері мен жылжымалы бригадалардың жұмысы, инфекция ошақтарындағы жұмыс, жеңіл түрі бар науқастарды амбулаторлық емдеу) аясындағы іс-шаралар әлі де жалғасуда. Жыл басында облыста тыныс алу белгілері бар науқастарға қызмет көрсету үшін 147 мобильді бригада жұмыс істесе, қазіргі таңда 65 мобильді бригада жұмыс істейді, ал 82 бригада резервте тұр. Пандемия басталғаннан бері облысқа шет мемлекеттердің ірі компанияларынан дәрі-дәрмек түріндегі гуманитарлық көмек келіп түсуде. Онда 790 мың дана қолғаптар, экрандар, маскалар, костюмдер, бахилалар, респираторлар бар.

Қазіргі таңда облыстағы медициналық ұйымдарда 1,5 миллионнан астам жеке қорғаныс құралдары бар, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есеге артық. Жалпы, облыс бірнеше айға жететін жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген.

 Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 292 Total Views,  4 Views Today

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар