Көкшетау қалалық үлгілі қазақ кітапханасы ұлы ақынымызАбай Құнанбайұлының туғанына 177 жыл толуына арналған«Бір өлеңі бір елдің мұрасындай» атты марафон ұйымдастырды. Мәнерлеп оқу марафонын М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғаныс Академиясының 4 курс студенттері бастады.
Қала жастары мен кітапханашылар әр түрлі жастағы кітапхананың оқырмандары марафонды жалғастырып, Абайдың азаматтық көңіл-күй, философиялық ой, ғашықтық, оқу-білім, тәрбие тақырыптарындағы өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқыды. Сондай-ақ, Абай Құнанбайұлына арналған арнаужырлар да тыңдалды.
5 тамыз күні басталған марафон 10 тамызда сағат 12.00-де аяқталды. Марафонға белсенді қатысқандар ұйымдастырушылардың Алғыс хаттарымен марапатталды. Өлең оқу марафонында жүлделі бірінші орынды №2 лицейдің 5 «ә» сынып оқушысы Бекболат Шахназар Ұлағатұлы иеленді.
Марафонды өткізудегі мақсатымыз – ұлы ақынның ақындық мұрасын өскелең ұрпақ жүрегіне мәнерлеп оқу арқылы ұялату, поэзияны сүюге, бағалай білуге баулу. Әрі оқырмандарымыздың рухани танымын кеңейту болып табылады.
Ботагөз ТӨЛЕПБЕРДІ,
Көкшетау қалалық үлгілі қазақ кітапханасының қызметкері.