Соғыстың от-жалынын кешкен тағдырлы ақын

Жұмағали Саяұлы Саин (1912-1961) – көрікті Көкшеден шыққан қазақтың көрнекті ақыны, екінші дүниежүзілік соғыста ерлігімен көзге түскен партизан қаламгер. Еңбек Қызыл Ту ордені және медальдармен марапатталған. Алматы, Көкшетау қалаларының көшелеріне, бұрынғы Арықбалық ауданындағы орта мектептердің біріне есімі берілген.

Жұмағали Саин 1912 жылы бұрынғы Көкшетау облысының Арықбалық ауданында (бұрынғыша: Ақмола  губерниясы, Көкшетау  уезі, Жыланды болысында «Баян» көлінің жағасында) Сая Тілеубердіұлының отбасында дүниеге келген. Әкесі Сая Тілеубердіұлы кедей болғанымен, өзін қадірлей білетін, ауыл үстемдеріне бас ие қоймайтын тәкаппарлау адам екен. Оның өлеңге, әнге, домбыраға құмарлығы басым болған.

Жұмағали Саин төрт жасқа келгенде анасы Бәдігүл, беске келгенде әкесі Сая қайтыс болған соң, жас бала әкесінің інісі Сыздықтың қолында тәрбиеленеді. Бұдан кейін біраз жыл бойы ақын үшін жоқшылық пен жетімдіктің, мұқтаждық зардабын бірдей тартып, әркімнің қабағына қарап жаутаңдайтын өмір басталады. Сөйтіп, жастайынан жетім қалған оның тәрбиесі 1923 жылы Көкшетау қаласындағы панасыз балалар үйінде жалғасады.

Сонда жүріп жетіжылдық мектепті бітірген соң, 1928-1931 жылдары Көкшетау ауданында ауылдық мектепте мұғалім болып қызмет істейді. Бірнеше жыл сол ауылда сауатсыздықты жою ісіне араласқан. Кейінірек жазған «Ойласам бала кезімді» атты өлеңінде ақын сол бір бала кезін еске алған. 1930 жыл Мәскеудегі «Цветметзолото» институтында, 1930-1932 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына түсіп, бірер жылдай оқиды да, денсаулығына байланысты аудандық оқу бөлімінің, меңгерушісі болып Қарсақпайға кетеді. Содан ол 1934 жылы ғана Алматыға оралады. Бұдан кейінгі өмірін газет-журнал редакцияларында, көркем әдебиет баспасында, жазушылар Одағында өткізеді.

Көкшетау коммунасында ақынның алғашқы шәкірттік өлеңдері жазылады. Олардың кейбірі Петропавлдағы «Бостандық туы» газетінде басылады. КазПИ-де оқыған, Қарсақпайда істеген жылдарында оның қаламынан көптеген өлең-жырлар туады. Отызыншы жылдардың бас кезінен бастап оның өлеңдері республикалық баспасөзде жарық көре бастайды. 1936 жылы ақынның «Бақыт жыры», 1938 жылы «Алтын таң» атты кітаптары шығады.

Бұл жылдардағы Жұмағалидың ақындық мектебі халық поэзиясы мен қазақ ақындары Сәкеннің, Бейімбеттің, Ілиястың, Сәбиттің үлгілері болды. Кейінірек ол орыс тілін игеріп, орыстың және дүние жүзілік поэзияның көрнекті өкілдерімен танысады. Тақырыбы жағынан жас ақын отызыншы жылдар ішіндегі біздің қоғамдық өміріміздің жаңалықтарын жырлауға ұмтылады. Совет халықтарының жаңа өмірі, колхоздағы еңбек адамдары, Ұлы Октябрь мен революция көсемі Лениндік партия туралы ой-пікірлер, табиғат суреттері оның алғашқы өлеңдерінің идеялық өзегі болып кіреді.

«Жетім серті», «Екі түн» өлеңдерінде Жұмағали өз кейіпкерлерінің ескі және жаңа өмірін суреттеу арқылы социалистік шындықтың сырын ашуға ұмтылады. Өлеңінде жетім бала өмірде көрген ауыртпалығын әңгімелеп отырып, бар алғысын жетімдік торынан құтқарған ұлы Ленин партиясына арнайды. «Бақыт құшағында», «Айбала» өлеңдерінде Жұмағали колхоздың бүгінгі бақытты өмірі мен еңбек адамдарын көрсетуге талаптанады. Ақын өлеңдерінің лирикалық жырларынан заманына ризалық, шаттық, қуаныш сезімі байқалады. Табиғат суреттеріне арналған өлеңдерінде де («Құлпыра берші, кең дала», «Май сипаттары») ақын ондағы өзгерісті көруге тырысады.

Ақынның алғашқы кітаптары ақынның іздену, өсу жолының жемістері болатын. Ондағы өлеңдердің көркемдігі әр қилы. Көп сөзділік, ескі толғау үлгісінде шешендікке, тілмарлыққа салыну, көргенін сырттай тамашалап қызықтау, құбылыстың ішкі мазмұнына терең бара алмау сияқты жетіспеушіліктер отызыншы жылдар ішіндегі ақын жырларында жиі кездеседі. Ол «Досыма хат» (1939), «Күләнда» (1940) тәрізді поэмалар жазды. Бұлар оның эпикалық поэзиядағы алғашқы талабы болуымен бірге, ақындық ізденісінде жаңа кезең туғанын әйгіледі.
1944 жылы оның «Жорық жырлары» атты» жаңа жинағы жарық көрді. Оған ақынның Ұлы Отан соғысының майданында, жорық үстінде туған өлеңдері кірген еді. Майдан өмірі, соғыс шындығы ЖұмағалиСаяұлының  өзін де, ақындығын да тез есейтті. Бастан кешкен өмірдің қиындықтары мен соны поэзия тілінде көркем бейнелеу екі жақты, бірақ бірімен-бірі тығыз байланысты мектеп еді. Ақын осы мектептің екеуін де табысты етті.

Ауыртпалығы да, қаупі де мол майдан өмірі Жұмағалидың сезімін ұштады, творчестволық жаңа мүмкіндіктердің көзін ашты. Автордың идеялық, рухани өсуі арқылы оның поэзиясы да жаңа биікке көтерілді. Алматыдағы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің әдебиет және өнер бөлімін басқарған. Қазақстан Жазушылар Одағында жас жазушылар секциясының меңгерушісі, көркем әдебиет баспасында директор болып қызмет істеген. 1941-1944 жылдар арасында Ұлы Отан соғысына қатысып, Украинада партизандар отрядын басқарған. Отан қорғау жолында көрсеткен жауынгерлік ерліктері үшін медальдармен марапатталған. 1942 жылы бір ұрыста Жұмағали Саинның кеудесіне оқ тиіп, өкпесін зақымдаған. Ақын өз шығармаларында партизандық өмірді, соғыс күндерін, ерлікті арқау етті. Өлеңдері Орталық баспада және Украина журналдарында да жарияланған, жеке кітап болып басылған.

Соғыс жылдары 1941 жылдан 1944 жылдың күзіне дейін Ұлы Отан соғысына қатысқан ол майданда 102-ші атқыштар дивизиясының 410 полк ротасында политрук болып істейді. Бұл әскери дивизия Украинада ұрыстар жүргізеді. Политрук Ж.Саин жан аямастық патриоттықпен талай қанды ұрыстарға қатысады. Кезекті бір үлкен ұрыста ол қызмет еткен дивизия қоршауда қалады. Қатары біртіндеп селдіреген жауынгерлер партизандық күреске кіріседі. Ж.Саин басшылық еткен партизан отряды да көптеп ұрыс жүргізіп, гитлершіл жауға қырғын болып тиеді.

Сондай үлкен ұрыстардың бірінде 1942 жылдың аяғында Ж.Саин кеудесіне өткен оқтың жарқыншағы өкпесіне өтіп, ауыр жараланады. Қоршаудағы партизандар Саинды Украинаның Луганск облысы, Кременск ауданы, Пшеничный хуторында тұратын Донбастың қарт шахтёрі, патриот Михаил Масловтың үйіне орналыстырады. Фашистер окупациясында отырған Михаил Маслов Жұмағалиға әкедей, қызы Ефросиния дәрігердей, туған қарындасындай болып, тік тұрып күтіп, өлімнен арашалап алады. Тіміскілеген жау біліп қалса бәрін атып, болмаса азаппен қорлап өлтіретіні сөзсіз.

Сондай жағдайда Масловтардың, Саинға жасаған болыстығы, аяушылығы, жылға жуық асырап, сақтап, ауыр жаралы күйінде күтіп істеген қызметі тек совет жағдайында болатын адамгершілік, достық, ізгілік, асқақ мейірімділік, бірнеше буын дарынды қаламгерлеріміз рухтана жыр етерлік қасиеттер. Жорықтағы өмірді, партизандар өмірін, олардың теңдесі жоқ патриоттық қимылдарын Жұмағали Саин өзінің дарынды өлеңдерімен еселей, бірнеше дүркін жыр етті. Алайда, бұл тақырып қаламгерлеріміз талай рет оралып, партизандар қимылын, Масловалардың адамгершілік, ерлік, патриоттық қасиеттерін, Ж.Саинның өзінің тамаша ерлік, партизандық, ақындық, адамгершілік сипаттарын ұшқыр шабытпен жыр етуді керек етеді.

1944 жылдың күзінде майданнан оралған Жұмағали туралы Сәбит Мұқанов былай дейді: «Поезбен келе жатыр» деген хабарын алғаннан кейін, әйелі Екатерина Михайловна екеуміз қарсы алдық. Жүдеп біткен Жұмағалидың аяғын зорға басарлық қана халі бар екен. Пәтеріне сүйемелдеп әкеп, тыныс тапқаннан кейін білсек, былайда туберкулезі бар өкпесіне жаудың оғы қадалып, сылып алуға келместік қалыңына бекіген екен (сол оқтар қабырына денесімен бірге кетті). (Қазақ әдебиеті, 16 қараша, 1962).

Келе-келе Саин ауыр жараның зардабынан біраз арылып, жазушылық күші қайта қалпына келеді. Бірақ, басы бүтін айығып кете алмай, операция жасағанда үш қабырғасын алып тастаған кеудесі бір жағына жантық болып бітеді. Қабағы қатыңқы, өңі қуқыл, алайда, ауырып жүрмін, денсаулығым нашарлады дегенді ешқашан айтпаған. Одан кейінгі жылдары тынымсыз күресте өткен. Жұмағали Саин тіршілік үшін күрескен ақын, жазушылық дарынын жарыққа шығару үшін, жан толғантқан көп жайларды сөз өрнегіне түсіріп жұртшылыққа ұсыну үшін күрескен. Бұл бағытта да Саинның Корчагинге ұқсас сипаттары көп болған.

Ж.Саин 1944-1947 жылдары Қазақстан филармониясында және халық өнері үйінде директор, 1950-1956 жылдары «Жаңа өмір», «Жұлдыз» журналдарының редакторының орынбасары, 1960-1961 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің жауапты редакторы болды.

Ақын майданға аттанған алғашқы қадамынан бастап өз алдына патриоттық асқақ міндет қояды. Отан қорғау жолында қандай қауіпке болса да баруға дайындығын білдіреді. Оның әскери творчествосының елеулі бір ерекшелігі сол қазақ поэзиясына тың тақырып – партизандар өмірін жырлауды алып келуі. Әскерде ол партизандар қатарында соғысты, отрядтың саяси жетекшісі болды. Ақын өлеңдерінен біз партизан деген адамдардың ерекше сипатын, дербес қасиеттерін танимыз. Отанын, үйі мен жанұясын жау қолында қалдырып, өздері дұшпан тылында күрес жүргізіп жүрген жандардың ашулы, кекті, сұсты бейнелерін Жұмағали Саин сомдап жасайды.

«Қар құшып, мұз жайлай» жүрген адамдарға еш нәрсенің қорқынышты емес екені, қаңтардағы боран да, «теңселген қара орман» да оған бой тасалар орын болатынын айтады. «Жаралы партизан жырларының» шығу тарихы былай өрбейді. 1942 жылы бір ұрыста ақынның көкірегінен оқ тиіп, қатты жараланады. Партизандар отрядтың саяси жетекшісі Жұмағалиды аман алып қалуға бар күшітерін жұмсайды. Үш ай бойы өздерімен бірге сақтап, ең қиын ұрыстарда да алып шығып жүреді. Бірақ, оның денсаулығы кеми береді, ендігі жерде отрядпен бірге жүрудің мүмкіндігі болмайды. Сол жолы ауыр жаралы ақын күрес майданынан алыс қалып, оның үстіне ауру қинап, көп сезім күйлерін бастан кешіреді. Міне, ақынның «Жаралы партизан жырлары» атты өлеңдерінің циклі осындай күйдегі солдат сезімінің тебіренісін бейнелейді. «Жаралы партизан жырларының» кейіпкері–кескілескен ұрыста жаралы болып, достарынан бөлініп қалған партизан. Ол ауыр жарасына карамай, достарын іздейді, қайта сапқа тұратын мезгілді күтеді, күрес пен майданды сағынады.

Соғыстан кейін де Жұмағали ақын әскери тақырыпқа оралып, өзі басынан кешкен өмір шындығына бір қатар шығармалар арнады. «Есімде Айдар өзені» атты әдемі лирика мен «Алтай» атты поэма жазған. «Есімде Айдар өзені» – қазақтың әскери поэзиясының үздік үлгілерінің бірі. Онда Айдар өзені бойындағы қатты ұрыс пен неше түрлі сезім арпалысын басынан кешірген солдаттың жан дүниесі түгел көрінеді. Совет жауынгерлерінің жеңімпаздық қуаты, жауға қарсы күресте жараланғандар мен қаза тапқандар бейнесі, халықтар достығының көрінісі, жеңіске сенім, өз Отанының тәуелсіздігін қорғаған солдаттың ыза намысы – бәрі де өлеңнің рухынан танылады.

«Айдар» жағасы қанша күрес суретіне толы екені, онда өткен көп айлардың бос кетпегені, солдат ойлары осы қысқа шумақта айқын танылады. Ұрыстағы солдат не туралы ойламады, ел-жұртын сағыну, жорық алдындағы күдікті ойлар мен жеңіс кезіндегі ерлік сезім, әр түрлі қуаныш пен сәтсіздіктер, өлім мен өмір туралы ойлар – барлығын да солдат «Айдар» бойында басынан өткізді, сонда қалдырды.
«Айдар» бойында ұрыста өлген екі дос – бірі орыс, бірі қазақ.
Отанының тәуелсіздігі жолындағы күресте ынтымағы жарасқан халықтар туыстығын ақын айғайсыз, қарапайым шындық арқылы ашады. Бұл айтылғандар Майданнан емделіп қайтқанмен, жоғарыда айтылғандай, ақын Жұмағали бір жола сауығып кете алған жоқ еді. Оның өкпесіне кірген оқ өзімен бірге сақталды. Сол күйінде еңбекқор ақын өзін жарымжан санамай, әдеби, қоғамдық қызметтер атқарды. Көптеген өлеңдер мен «Алтай», «Азамат» атты поэмалар, «Жол үстінде» атты повесть жазды. М.Лермонтовтың «Біздің заманымыздың геройы» атты романы мен бірсыпыра ақындық шығармаларды аударды. Бұл жылдары ақынның «Айғақ» (1948), «Жылдар» (1954), «Самал» (1957) т.б. жинақтары, таңдамалы шығармалары бірнеше рет басылып шыққан. Соғыстан кейінгі ақын өлеңдері негізінен, бейбіт еңбекті, колхозды ауылдың жаңа адамдарын, тың игерушілерді, ұлы халықтар достығы мен бейбітшілік жолындағы күресті, туған елдің табиғатын жырлауға арналды. Ақын өмірдің өзекті мәселелерінің бәріне де үн қосып отырған.

Міне, жетімдік пен соғыс жылдарындағы қан майданды көрген Жұмағали ақынның өмірі осылай өрбіп,  1961 жылы 28 мамырда 49 жасында жарамен зақымданған жүрегі мәңгілікке тоқтады. Бірақ, оның өнегелі өмір жолы, халқының болашағымен жаңғырып отырады.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар