– Бүгін Көкшетауда турникке тартылудан Tartyl Fest республикалық спорт фестивалі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Көкшетау ҚР Президенті жанындағы «Дара» таланттарды қолдау қорының ұйымдастыруымен өтіп жатқан аталмыш фестивалді қабылдап отырған 14-ші қала. Спорт шарасы Тәуелсіздік алаңында өтеді. Ұйымдастыру комитетінің мәліметінше, сағат 11:00 мен 14:00 аралығында қатысушыларды тіркеу, салмақтарын өлшеу және реттік нөмір беру рәсімі болады. Ал, сағат 17:00-де фестивальдің ашылу салтанаты болады.
Шараның арнайы қонағы ретінде отандық эстрада әншісі Ғаділбек Жаңай шақырылған. Әншінің қатысуымен сағат 21:00-де концерт басталады.
«Спорттық шараға санаты бойынша кез келген ақмолалықтың қатысуға мүмкіндігі бар. Мұндай жарыстың жастардың бұқаралық спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануына ықпалы зор», — дейді Ақмола облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Махаббат Большина.
Еске сала кетсек, фестиваль еліміздің 20 қаласында 10 шілде мен 6 қыркүйек аралығында өтпекші. Tartyl Fest-ке қатысушылар 9 санат – салмақ және жас ерекшеліктері бойынша жарысады. Оларды ресми түрде қазылар алқасы бағалайды.
Қатысушылардың санаттары:
18 жасқа дейін (жасөспірімдер):
1) салмағы — 55 кг дейін;
2) салмағы — 55-тен 70 кг-ға дейін;
3) салмағы — 70 кг және одан жоғары;
18 жастан 30 жасқа дейін (жастар):
4) салмағы — 65 кг дейін;
5) салмағы — 65-тен 80 кг-ға дейін;
6) салмағы — 80 кг және одан жоғары;
30 жас және одан жоғары (ересектер):
7) салмағы — 80 кг дейін;
8) салмағы — 80-нен 90 кг-ға дейін;
9) салмағы — 90 кг және одан жоғары.
Әр қаладан 27 жеңімпаз таңдалып алынады. Бірінші орынға – 200 мың теңге, екінші орынға – 100 мың теңге, ал үшінші орынға – 50 мың теңге сыйлыққа тігілген. Сондай-ақ, жеңімпаздар Нұр-Сұлтан қаласында өтетін ақтық сынға жолдама алады. Гранд-финалдың жүлде қоры – 54 млн теңге.
Айта кетсек, бұдан бұрын Петропавл тұрғыны Tartyl Fest фестивалінде сүйіктісіне сөз салған еді.