«AMANAT» партиясы жанындағы «Жер аманаты» республикалық комиссиясы өз жұмысын Ақмола облысында бастады. Атбасар ауданында өткен кездесуге жергілікті және Зеренді, Шортанды аудандарының тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері қатысты.
Тұрғындардың комиссиядан үміті мол. Себебі, өңірде 558 мың гектар жайылымдық және шабындық жер тапшы. Ол бір мәселе болса, екіншіден, көптеген ауылдың тұрғыны өздеріне тиген жер үлестерін орынды пайдалану үшін ірі серіктестіктерден пайларын ала алмай, дау-дамайдан арылмай жүр. Олардың бірі зеренділік Жігер Тілеужанов. Оның айтуынша, Зеренді ауданына қарасты Бірлестік ауылы тұрғындарының 4300 га жері ірі серіктестіктің иелігінде болған.
«Зеренді-Астық» ЖШС-інен шығу туралы істі бастанғанмын. Ол біздің жерді заңсыз түрде 2,3 млрд. теңгеге кепілдікке қойған. Бір тиын ауылдықтарға пайдасын көрсеткен жоқ. Не техникаларын жаңартпады. Енді біз 2018 жылдан сол серіктестіктің құрамынан шыға алмай жүрдік. 44 мың га жерін алып алған. Пайларын дұрыс бермейді. «Жер аманаты» комиссиясы құрылғаннан кейін біздің серіктестіктен шығу ісіміз алға басты. Биыл міне, комиссияның арқасында жиналыс өткізіп, жерге қатысты әкімдіктің қаулысы шықты. Бүгінде ауылдықтардың 3900 га жері қайтарылды. Әрі қарай да комиссияның қолдауымен күресетін боламыз»,-дейді зеренділік Жігер Тілеужанов.
Халықпен кездесуге қатысқан партия хатшысы, «Жер аманат» республикалық комиссиясының төрағасы Дәулет Кәрібек пайдаланылмайтын жерлерді қайтару ісінде халықтың да белсенді болуы маңызды деді. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев игерілмей жатқан жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару туралы нақты тапсырма берді. Президент айтып өткен әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету мәселесі «AMANAT» партиясының негізгі басымдықтарының бірі саналады. Әрбір ауыл тұрғынының пікірін ескеруге тырысамыз және жайылымдық жерлер әділ бөлінуі үшін барымызды саламыз», – деп атап өтті Дәулет Кәрібек.
«Жер аманаты» комиссиясының жұмыс істеуімен еліміз бойынша шамамен 350 мың га халықтың пайдалануына берілді. «Жер аманат» комиссиясының ықпал етуімен Атбасар ауданының Сочинское ауылында 10 мың га жерді жергілікті серіктестік өз еркімен халықтың пайдалануына берді. ««AMANAT» партиясының «Жер аманат» комиссиясының арқасында өңірімізде жер тапшылығы мәселесі ақырындап шешіліп келеді.
Бұл бағытта халықтың жоғын жоқтаған партияға айтар алғысымыз мол. Жер мәселесі ауылымызда өткір тұрған болатын. Ауыл халқы жылқы мен ірі қара, қой өсіріп жан бағып отыр. Мал шаруашылығын дамытқысы келетіндер де көп. Мәселен, ауылдағы 200-ге тарта аулада тек қара мал саны 1 мыңнан асады. Оған қоса 600-ге тарта жылқы мен 500-ге жуық қойды бағу мен қыстық азығын дайындау қиынға соққан. Енді міне, комиссияның осындай игі істі қолға алуымен бұл мәселе біздің ауылдықтар үшін оңтайлы шешіліп отыр. Жергілікті серіктестік 10 мың га жерді халықтың пайдалануына беріп отыр»,-дейді Сочинское ауылының жергілікті қауымдастық төрағасы Асылхан Тастеміров.
Жерді ғарыштық зондтау нәтижелері бойынша Ақмола облысында пайдаланылмай бос жатқан жалпы ауданы 2 млн. 455 мың га жайылымдық жердің бары анықталған. Оларға 2144 адам иелік етеді. Сондай-ақ, 306 жер телімін құрайтын 191,6 мың гектар аумақта пайдаланылмаған шабындық жерлер бар. Жылдар бойы жылыстап кеткен жер телімдерінің бәрін мемлекет меншігіне бірден қайтару оңай шаруа емес. Десе де, «Жер аманат» комиссиясының құрамына белсенді партияластардан бөлек Бас Прокуратураның, Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Жер комитетінің тікелей атсалысуымен пайдаланбай жатқан жерлер мемлекет меншігіне қайтарылуда.
Мәселен, тек Ақмола облысы бойынша ағымдағы жылдың басынан 58,8 мың га жер қайтарылса, бос жатқан 581,9 га жер игеріле бастады, банкте кепілдікте тұрған 336 мың га жер бойынша да жұмыстар қолға алынған.
«Ақмола облысының тұрғындары үшін жайылым жердің жетіспеушілігі өте өзекті мәселе болып отыр. Сондықтан комиссия мүшелері мұнда белсенді жұмыс істеп жатыр. Мемлекеттік органдармен және ірі меншік иелерімен бірлесіп қабылдаған шешімдердің орындалу барысына мониторинг жүргізуді жалғастырамыз», – деді комиссия мүшесі, қоғам қайраткері Ғалым Байтоқ.
«Жер аманат» республикалық комиссиясы пай иелерінің арыз-өтініштері бойынша сандықтаулықтармен дөңгелек үстел өткізіп, жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізді. Жергілікті тұрғындар өздеріне тиген жер үлестерін орынды пайдалана алмай отырғандарын алға тартуда. 300-ден аса ауыл азаматы пайларын жергілікті серіктестіктен ала алмай әлек. «Қаншама адам елде жұмыссыз отыр, қаншамасы көшіп кетіп жатыр. Себебі, мал ұстайын десе жер жоқ жоқ. Ал серіктестік иелігіндегі пайымыздан пайда шамалы. Серіктестік құрамынан шығайық десек шығармай отыр»,-дейді ашынған халық. Олардың арыз-шағымын тыңдаған комиссия мүшелері әділетсіздікпен бірге күресетіндерін айтты. Сандықтаулықтардың арыз-шағымымен Жер комитеті айналысатын болып шешілді.
Ия, өңірде пай иелерінің жері көрінген көк аттының пайдалануына беріліп, олардан астық, жем, шөп сияқты келісілген пайларын ала алмай, дау-дамайдан арылмай жүргендер көп. Бірақ «Жер аманат» республикалық комиссияның төрағасы Дәулет Кәрібек заңсыз берілген жерлерді де қарап, заңсыз шешімдер шығарған мемлекеттік қызметшілерге қатысты да тәртіптік шаралар қолға алынатынын алға тартты. «Жер дауына байланысты Президенттің жуырда Жарлығы шықты. Соған байланысты кіші бизнесті тексеруге қатысты мораторий алынып тасталды.
Бұл елдегі жер тапшылығы мәселесін реттеуге мүмкіндік береді. Ендігі уақытта жер даулары әділетті түрде зерделеніп, әрбір жер телімшесіне қатысты тексерулер жүргізіліп, заңсыз берілген жер телімдері мемлекетке қайтарылады»,-дейді «AMANAT» партиясының хатшысы Дәулет Кәрібек. «Жер аманаты» комиссиясының жұмысы жалғаса бермек.