– Жоғары оқу орындарындағы баға саясаты туралы түсініктеме берген ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Ержан Әмірбекұлы ата-аналарды сабыр сақтауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ата-аналардан сабыр сақтауды сұраймын. Бүгінде оларда мүмкіндік бар. Егер ата-аналарға арнайы көмек керек болса, университеттің оқу ақысын төлей алмай, қаржылық жағынан қиындыққа тап болса, сол жоғары оқу орнының басшылығына өтініш жазып, тиісті көмек алуға мүмкіндігі бар», — деді департамент басшысының орынбасары.
Сондай-ақ, елдегі жоғары оқу ақысының бағасына министрлік тарапынан мониторинг жасалатынын атап өтті.
«Біздің мониторингке сүйенсек, мемлекеттік нысандағы университеттердің, соның ішінде ұлттық универсиеттердің негізгі бөлігінде баға саясаты өзгерген жоқ. Жекелеген оқу орындары ғана бар. Мысалы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін алайық. Онда былтыр оқудың ақысы 1 млн теңге болды. Қазір көптеген мамандық бойынша, оқудың бағасы 1 млн теңге деңгейінде қалып отыр. Жекелеген бағыттар бойынша 1 млн 50 мың теңге, 1 млн 100 мың теңге аралығында, яғни бағаның дифферанцациясы болуы мүмкін.
Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде былтыр оқудың бағасы 1 млн 50 мың теңге болды. Қазіргі баға 1 млн 100 мың теңге деңгейінде болып отыр.
Жалпы Қазақстанда 120 жоғары оқу орны бар. Оның 103-і азаматтық бағыттағы университет, қалғандары арнайы жоғары оқуорындары. Бүгінде елімізде 600 мыңдай студент бар», — деді Ержан Әмірбекұлы.