Жауапкершілік пен жанашырлық мол жерде, жетістік те көп

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс бабындағы сапармен Сандықтау және Атбасар аудандарының алдыңғы қатардағы шаруашылықтарында болып, аудандардың әкімдері мен ауыл  шаруашылықтары құрылымдарының басшылары қатысқан агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелеріне арналған кеңесте сөз сөйлеп, озат тәжірибені басқа өңірлердің де игілігіне айналдыру міндеттерін пысықтады.

Сандықтау ауданының «Максимовское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егістік алқабымен осы шаруашылық жетекшісі Александр Закусилов таныстырды.  Жалпы, «Максимовское», «Свободное» атты екі серіктестіктен құралған бұл біріккен екі шаруашылық  ауылда тұрып, өнім өндіріп, оның игілігін көрудің оң үлгісін көрсетіп келеді. 300-ге тарта жергілікті тұрғын тұрақты жұмыс жасап, напақасын тауып отырған соң, тек өнімді жинап, өткізу ғана емес, тұрмыс-тіршіліктің де қамы толық қарастырылған.

Сондықтан, егістік алқаптан қандай мөлшерде, қандай өнім алу жайы әбден өлшеп-пішілген. Жұмысшылары айына ең кемі 200 мың теңгеден табыс табатын шаруашылықта шаруа  ынтасы мен ықыласы анық көрініп тұр. Дән егіп, оның барлық күтімі мен технологиясы  уақытымен атқарылған соң егін бітік көтерілген. Енді бір аптада оруға кіріспекші. Ылғи сапалы, табиғат қолайсыздығына төтеп бере алатын дән сіңіріліп, басқа жұмыстар жөнімен жүргізілген соң, маусым айында жауын жаумағанда аса уайым болмаған. Міне, тамыз айында қажетті ылғал түсті. Егін масағы толып, көтеріліп те үлгерді.Майлы дақылдар мен көпжылдық шөптері де ойдағыдай өнім бермек. Егістік алқап басында шаруашылық жетекшісі егін жайынан толық ақпарат беріп, қар тоқтату, ылғал сақтату, жер күтімі жөнінен тәжірибелерін баян етті.

Одан әрі өңір басшысы мен кеңеске қатысушыларға ауыл малын жаюға арналған жайылым жер таныстырылды. Шынын айтқанда, өңірдің көптеген аудандарында ауылдар дәл осы жайылымдық жердің тапшылығынан қиындық көруде. Бұл жағдай серіктестіктердің ауыл іргесіне дейін жерді жыртып тастауынан болып отыр.

Максимовка селосы да дәл іргесіне дейін жыртылған. Бірақ, мұнда мәселе басқаша шешілген. Шаруашылық ауыл іргесіне жер жыртып, оны қоршап та қойған. Оған көпжылдық шөптер егілген. Ол шөп бір жазда бірнеше мәрте орылады. Міне, осы жерге ауыл малы жайылады. Бірі орылып жатқан кезде осы жердің келесі бөлегі пайдаланылады. Әрі, мал қоршау ішінде. Оның үстіне ауылдың бірнеше тұсына бейнебақылау орнатылған.

Сол себепті мал ұрлығы жоқ. Серіктестіктің тұрғындар үшін мал жаятын орын дайындап беруі – басқа аудандар басшылары мен шаруашылықтар жетекшілеріне үлгі етілді. 300 жұмысшыдан басқа бұл ауылда тап осынша зейнеткер, 300-ге  тарта бала бар. Ауыл көшелеріне асфальт төселген. Жаңадан қолайлы екі пәтерлі 10 үй салынып, онда 20 отбасы тұрып жатыр.

Жаңа үй иеленушілер арасында 5 пәтер мектеп мұғалімдері, медицина қызметкерлері сияқты әлеуметтік сала қызметкерлері бар болса, 5 үй үздік еңбек еткендерге берілген. Жағалай тал отырғызылып, көше бойын гүлдер жайнаған ауылдың тағы бір мақтанышы – балалардың жабық қысқы мұз айдыны. Мұнда қысты күндері даладағы аяздан 3-5 градусқа жылырақ болатын көрінеді. Киініп-шешінетін, жуынатын жерлері дайын. Жаттықтырушы да бар. Бұл спорт кешенінің сыртқы ауласында  да спорттық алаңдар жабдықталып, далада гимнастикамен айналысуға, футбол, баскетбол ойындарын ойнауға жағдай жасалған.

Жаңадан пайдалануға берілген ауыл моншасы сағатына 20-24 адам қабылдай алады. Балалар үшін бағасы 300, ересектерге600 теңгеден. Ал, басқа ауылдардан келушілер 1000 теңге төлеп кіре алады. Монша ішінде шаштараз, дәмхана жұмыс жасайды.

Жаңа салынған асхана қазір егіс алқабындағы бригадаларға тамақ дайындап, оны жеткізіп берумен айналысуда. Шаруашылық алда осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіріп, ас-ауқатты консервілеумен де айналыспақ. Асхананың сыйымдылығы мол мұздатқышбөлмесі, ет бөлшектеу, ет бұрауға арналған бөлмелері мен тамақ пісіруге арналған қондырғылары, ыдыс-аяқ жуу орындары, бәрі де талапқа сай.

Ауылдың салынғанына 70 жыл болған мәдениет үйі қайта жөнделіп, пайдалануға қолайлы жағдайға жетізілген. Келісті көрермендер залына қоса кітапханасы, вокал, би топтары жұмыс істейді. Ол үйірмелерді жүргізу үшін мамандар тартылған.

Учаскелік полиция кеңсесі де керегіне қарай толық жабдықталыпты. Бейнекамералы бақылау қондырғыларымен, компьютерлермен жабдықталған. Жарығының, отын-суының шығынын серіктестік өз мойнына алған. Бұл туралы учаскелік инспектор, полиция капитаны Әсет Құрманғожин баяндап берді.          Қонақ үй типтес жатақхана тұрғындарына қажетті барлық жағдай жасалыпты.

Атбасар ауданында кеңеске қатысушылар барған келесі нысан «Әріп Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болды. Аталмыш серіктестік биыл 5,5 мың гектар жерге  бидай, 800 гектарға чечевица, 400 гектар жерге зығыр еккен. Алқапқа 4 түрлі тұқым сіңіріпті. Олар Қарабалық шаруашылығынан «Августина», «Любава-25», Ресейден «Саратовская-73», Челябинскіден «Силач» деген тұқым түрлері. Бұл серіктестіктің де әлеуметтік жауапкершілік бағытында ауыз толтырып айтар, көрсетер жұмыстары жетерлік екен. Бірақ, бүгінгі жиында салынып, аяқтала келген   дән қабылдау кешенімен таныстыру жоспарланған. Нысанмен серіктестік жетекшісі ҒалымжанӘріпов таныстырды. Кешенге түгелімен Даниядан сатып алынған «Cimbria»  маркалы қондырғылар орнатылған. Дәнді қабылдау, жинау, тазалау, тағы басқа процестер арнайы технологиялар арқылы шығынсыз, тез әрі сапалы жүргізілетін болады.

BAXA SOHNE жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Аманжол Әріпов кеңеске қатысушыларды жаңадан салынған сұлы ұлпасыншығаратын фабрикамен таныстырды. Соңғы заманауи талаптар деңгейінде бой көтерген фабрика іске қосылуға толық дайын.

25374 гектар алқаптан тәуір егін жинағалы отырған «Шуйское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ауыл шаруашылығы техникаларымен шаруашылықтың бас инженері Виктор Крымов таныстырды. Күзгі егін орағына 20 комбайн қатыспақшы. Осы техника науқанды 20 күн ішінде аяқтайды деп күтілуде.

Облыс әкімі бастаған кеңеске қатысушылар бұдан әрі осы «Шуйское 21» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тауарлы-сүт фермасын аралап көрді. 2021 жылы пайдалануға берілген ферманың құны 650 миллион теңге. Малдың жай-күйі, істің барысы туралы шаруашылықтың бас зоотехнигі Мұрат Смағұлов айтып берді.

Сондай-ақ, Шуйское орта мектебінің жаңа оқу жылға дайындық барысы да назардан тыс қалмады. Шаруашылық үнемі қолдау көрсетіп, жөндеуден өткізіп, қолайлы жағдай туғызып келе жатқан мектепте қазір 320 бала оқиды. Бір айта кетерлік жайт, басқа ауылдардағыдай бұл мектепте бала саны жылдан-жылға азайып емес, керісінше, көбейіп келеді. Мұнда оқушыларғакиімдер, музыкалық құрал-жабдықтар алынған. Мұның бәрі «Шуйское 21» жауапкершілігі шектеулі серіктестік арқасында. Мектептің 25 үздік оқушысы бар. Олардың бірқатары облыстық, республикалық пән олимпиадаларының жеңімпаздары.

Шаруашылық күшімен өткен жылдың желтоқсан айында денешынықтыру-сауықтыру орталығы бой көтеріп, оның іші бүгінгі заман талабына сай спорт жабдықтары орнатылған. Міне, осы екі ауданның озат шаруашылықтарынан көздері көрген игі істерді кеңеске қатысқан басшылар өздерінде де қаперге алса, нұр үстіне нұр. Бұл кеңестің мақсаты да сол – жақсы тәжірибені көпшілікке жария ету екені айқын.

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар