Менің Туым, менің Елтаңбам, менің Әнұраным!

Мемлекеттік рәміздер

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға қатысып, құттықтау сөз сөйледі және бір топ ақмолалықтарды Алғыс хаттармен марапаттады.

Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран – тәуелсіздігіміздің тұмары, болашағымыздың темірқазығы. Біз ерлік пен елдіктің символы саналатын Туымызды әрқашан биік ұстаған елміз. Сол Көк байрағымыз әлемнің ең беделді мінберінде, дүбірлі спорт ареналарының төрінде желбірегені белгілі. Салтанатты шараның да сондай әлемдік деңгейдегі спорттық шараларды ұйымдастыру мақсатында салынған еңселі «Көкше Арена» спорт сарайында өткізілуінің өзіндік бір мәні бар деп ойлаймын.

Азаматтық қорғау академиясының курсанттары ені 10, ұзындығы 20 метрді құрайтын Мемлекеттік Туды арена ішінде жайып, осы патриоттық акциямен салтанатты шараның сәнін келтіре түсті. Арена периметрі бойынша Мемлекеттік Туларды желбірете ұстаған жастар сап түзеп, «Томирис» патриоттық клубының барабаншы қыздары мерекелік кешті асқақ үнмен ашты.

Мемлекеттік Әнұранымыз шырқалып, Туымыз құрметтелген  мерекелік шарада облыс әкімі барша ақмолалықтарды осы айтулы мереке – Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, қасиетті нышандарымызды қадірлеу мен қастерлеудің мән-маңызына тоқталды.

–Бұл күн бірлік пен тәуелсіздік символына айналған қасиетті рәміздерімізді құрметтейтін, елдік пен егемендікті ұлықтайтын күн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Қазақстанның туы биікте желбіреп тұрған сәтте біздің жүрегіміз еліміз үшін, Тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткізген жетістіктеріміз үшін мақтаныш сезіміне бөленеді!», – деп атап өткен болатын. Бұл сөздер әрбір қазақстандықтың бойында туған елі мен мемлекеттік рәміздеріне деген құрмет сезімін оятатын терең мағынаға ие. Сондықтан да, біз берекелі бірлік пен ырысты ынтымақ арқасында жаңа Конституцияны қабылдап, ауқымды өзгерістерді жүзеге асырып келеміз. Еліміз «Адалдық пен Әділдік», «Адал еңбек пен Адал табыс», «Заң мен Тәртіп» үстемдік ететін дәуірге қадам басып отыр. Қоғамдағы бұл құндылықтар қазіргі бетбұрыстың берік тірегіне әрі қозғаушы күшіне айналды. Ел болашағы әр адамның ұлт тағдыры жолындағы жоғары жауапкершілігіне тікелей байланысты. Осы жолда еңбекқорлық пен патриотизм бәріміздің басты серіктесіміз болуы қажет, – дей келе, Марат Ахметжанов спортшыларымыздың жетістіктеріне ерекше тоқталды және көктемгі егіс науқанының сәтті аяқталғаны туралы хабардар етті.

Биыл аймақ спортшылары Азия чемпионаттары мен Әлем кубоктарында көптеген жоғары марапаттарға ие болғаны белгілі. Сол сияқты шығармашылық ұжымдар мен әртістеріміз де халықаралық аренада өнер көрсетіп, мәдени мұрамызды кеңінен насихаттауда. Аймақ оқушылары да түрлі олимпиадалар мен ғылыми жобаларда 192 медаль иеленіп, көк байрағымызды биік тұғырларда желбіретіп жүр.

Салтанатты шараның келесі бөлігінде еліміздің дамуы мен өңіріміздің көркеюіне елеулі үлес қосып жүрген бір топ азаматтар мемлекеттік наградалармен және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Олардың қатарында білім беру саласына сіңірген айрықша еңбегі үшін «Құрмет» орденіне ие болған Көкшетау қаласының №4 арнайы мектеп-интернатының бастауыш сынып мұғалімі Көгершін Айтымова, Бурабай ауданы Оқжетпес ауылының жалпы білім беретін мектебінің биология және химия пәні мұғалімі Гүлнәр Сейітова секілді мұғалімдер барын атап өтуге болады. Сондай-ақ, бірқатар ақмолалықтар «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды. Қазақ елінің намысын шет елдердегі спорттық додаларда абыроймен қорғап, көк байрағымызды биікте желбіретіп жүрген спортшыларымыз да бұл күні елеусіз қалмады. Қарғып секіруден Азия чемпионатының қола жүлдегері Мария Щипачева мен оның жеке жаттықтырушысы Алмагүл Әділоваға облыс әкімінің Алғыс хаты мен ақшалай сертификаттар тапсырылды.

Бұдан әрі Ақмола облысының Волонтерлар фронт-офисінің жетекшісі Дидар Хамзин және Көкшетау қаласындағы №11 мектебінің оқушысы, «Тіл – тәуелсіздік символы» республикалық қазақ тілі олимпиадасының және «Абай оқулары» қалалық байқауының жеңімпазы Екатерина Фот сөз сөйлеп, жиналған қауымға игі тілектерін жеткізді.

Салтанатты шара ұлтымыздың бойтұмарындай болып кеткен Ескендір Хасанғалиевтің атынан «Атамекен» әнін шырқаумен аяқталды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Суретті түсірген Н.БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар