Мемлекет басшысы 2022 жылғы 15 шілдеде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды дамыту, ақпараттық қауіпсіздік және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Ағымдағы жылдың 25 шілдесінен бастап өзгерістер күшіне енді, алайда, заңға тәуелді актілермен реттелетін құқықтық қатынастар құқықтық актілер туралы Заңға сәйкес екі ай ішінде өзгерістер енгізуді талап етеді.Биылғы жылғы 28 шілдеде «Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді, азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер енгізуді, қалпына келтіруді, жоюды ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы «Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы №112 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» № 630 бұйрыққа қол қойылды. Бұл бұйрықтағы өзгерістер осы жылдың 15 тамызынан бастап күшіне енді. Мәселен, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне мынадай өзгерістер енгізілген.
Егер ата-анасы некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеуге қарамастан бөлек тұрса не балаға қатысты әкесі және бала өзімен бірге тұратын ата-анасы анықталса, оған өзінің тегін бергісі немесе ұлттық дәстүрлерді ескере отырып, әкесі жағынан да, анасы жағынан да баланың әкесінің немесе атасының аты бойынша тегін өзгерткісі келсе, тіркеуші орган некені бұзуды мемлекеттік тіркеуге баланың мүдделерін ескере отырып және басқа ата-ананың нотариат ресімдеген пікірін ескере отырып, баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасына өзгерістер енгізеді.
Ата-ананың тұратын жерін анықтау мүмкін болмаған жағдайда, ол ата-ана құқықтарынан айырылған не шектелген, әрекетке қабілетсіз деп танылған кезде, сондай-ақ ата-анасы баланы күтіп-бағудан және тәрбиелеуден дәлелді себептерсіз жалтарған жағдайларда оның пікірін ескеру міндетті емес.
Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы куәлік беру алып тасталды, себебі туу, некені қию немесе бұзу туралы тиісті акт жазбаларында атын, әкесінің атын, тегін өзгертуге байланысты өзгертуге жататын мәліметтер атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы қорытынды негізінде енгізіледі.Тіркеуші органдар атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды растау үшін туу, некені қию немесе бұзу туралы тиісті куәлік береді.Ұлты қазақ адамдардың есімі әкесінің аты міндетті түрде бірінші орында тұрған тегін ауыстырған кезде, содан кейін аты, ал әкесінің аты қалауы бойынша жазылады (мысалы,Санжар Талғат Санжарұлы).
Неке қию туралы өтініш беру мерзімі қысқартылды, енді осыған тілек білдірушілер тіркеуші органға өтініш берген күннен бастап күнтізбелік он бес күн өткен соң (бір ай мерзімнен бұрын) жүргізіледі. Неке қию туралы өтініш неке мемлекеттік тіркелгенге дейін күнтізбелік он бес күн бұрын тіркеуші органға, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемесіне беріледі. Некені мемлекеттік тіркеуді тіркеуші орган, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемесі он бесінші күнтізбелік күнге жүргізеді, ол неке қию туралы бірлескен өтініш берілгеннен кейінгі келесі жұмыс күнінен бастап есептеледі. Егер мерзімнің аяқталуы жұмыс істемейтін күнге тура келсе, онда одан кейінгі жұмыс күні мерзімнің аяқталған күні болып есептеледі.
Қайтыс болу туралы куәлікті және Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасында көзделген өзге де жағдайларды қоспағанда, қайтыс болған адамдарға қатысты азаматтық хал актілерін тіркеуге, қалпына келтіруге, қайтыс болған адамның дербес деректеріне өзгерістер, түзетулер мен толықтырулар енгізуге, сондай-ақ, азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы қайталама куәліктер беруге тыйым салынады.
Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәліктер мен анықтамалар өздеріне қатысты акт жазбасы жасалған адамдарға азаматтық хал актілері мемлекеттік тіркелгеннен кейін электрондық нысанда немесе олардың қалауы бойынша қағаз жеткізгіште беріледі.
Электрондық нысанда берілген азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәлік, анықтама құжатты берген тіркеуші орган басшысының электрондық цифрлы қолтаңбасы арқылы куәландырылады. Қағаз жеткізгіште берілген азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәлік, анықтама тіркеуші орган басшысының қолымен, құжатты берген тіркеуші органның елтаңбалы мөрімен бекітіледі. Мемлекеттік аппарат игілігі үшін жұмыс істейтін азаматтарымыздың пікірі ескеріле отырып, өзгерістер енгізілді.
Фатима МАХМЕТЖАНОВА,
Ақмола облыстық әділет департаменті тіркеу қызметі саласындағы әдістемелік қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің бас маманы.