Балалар құқығын қорғауда ұмтылыс бар

«Болашақ» сарайының мәжіліс залында облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға қолдау көрсету мақсатында жұмыс істеп жатқан Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық уәкілді тағайындау туралы диалог алаңының отырысы болып өтті.

 Алқалы жиынға төрайымдық еткен облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2022 жыл Қазақстандағы Балалар жылы болып бекітіліп, ел Үкіметінің қаулысымен бірқатар іс-шаралар жоспары жүзеге асырылып жатқанын айтып өтті. Осыған орай, Ақмола облысында балаларды қолдаудың 7 бағыты бойынша іс-шаралар жоспары жүзеге асырылуда. Балалар жылын өткізу бойынша облыстық штаб, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен спикерлер пулы жүйелі жұмыс жасауда. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында облыстың аудандары мен қалаларында 480 мыңнан астам бала қамтылған түрлі форматтағы 1700-ге жуық ауқымды іс-шара ұйымдастырылған.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 10 ақпандағы №192 Жарлығымен қоғамдық негізде жұмыс істейтін Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылды. Сондай-ақ, отбасы-демографиялық саясат, кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссия, балалар омбудсменінің міндеттері әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия сияқты мемлекеттік және қоғамдық мекемелермен бірлесіп балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің кепілдіктерін қамтамасыз ету, сондай-ақ, олардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру болып табылатыны белгіленді.

Бүгін де балаларымыз үшін көп нәрсе жасалуда. Мәселен, оларға жайлы жағдайда оқуға ғана емес, сонымен қатар, балаларды спортқа және салауатты өмір салтына баулуға, шығармашылықпен дамуына, әлеуметтік бейімделу қызметін ұйымдастыруға мүмкіндік беретін нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Балалар жылының республикалық жоспарын жүзеге асырудың бір тармағы – Қазақстанның барлық аймақтарында бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің тағайындалуы. Бұл – осы салада тәжірибесі бар адамдар атқаратын мемлекеттік қызмет. Біздің өңірде де облыс әкімінің 11 тамыздағы №63 өкімімен Әсем Әнуарбекқызы Асайнова «Шанс» кәмелетке толмағандарды әлеуметтік-психологиялық құқықтық қолдау орталығының басшысы болып тағайындалды.

– Балаларымыздың құқықтарын қорғау саласында маған сенім артқан облыс әкіміне және баршаңызға алғысымды білдіремін. Шынында да, осы салада бес жыл жұмыс істей отырып, мемлекеттік органдар мен азаматтық сектордың бірлескен жұмысын жүргізу қажеттігін атап өткім келеді, – деген Әсем Әнуарбекқызы, 2017 жылдан бастап «Шанс» кәмелетке толмағандарды әлеуметтік-психологиялық құқықтық қолдау орталығының директоры болды. Бұл орталық өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға қолдау көрсету мақсатында жұмыс істейді. Балалар ең осал әлеуметтік топтардың бірі болып табылады. Қандай да бір себептермен заңмен байланыста болған балаларға қатысты жағдай одан да күрделі. Осы санаттағы балаларды қалыпты өмірге қайтару, оларды оқуға, шығармашылық немесе спорттық өмірге тарту мақсатында аталмыш орталық күнделікті жұмыстар жүргізіп келеді. Ал, 2020 жылдан бастап Әсем Асайнова Адам құқықтары жөніндегі уәкілдердің үйлестіру кеңесінің Азаптаулардың алдын алудың ұлттық алдын алу тетігінің мүшесі. Бұл тұрғыда Сириядағы қазақстандықтарды қайтару бойынша «Жусан» арнайы операциясы аясында балалармен жұмыс істеген тәжірибесі  бар. Сондай-ақ, орталық басшысы өткен жылдан бастап «АМАНАТ» партиясы Ақмола облыстық филиалы жанындағы отбасы және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі қоғамдық кеңестің де мүшесі. Ал, биылдан бастап Ақмола облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл болып жұмыс істейді. Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында әріптестерімен, өңіріміздің үкіметтік емес ұйымдарымен бірлесе отырып, қазірдің өзінде көптеген жұмыстарды атқарып жүрген Әсем Әнуарбекқызы өз баяндамасының соңында, барлық үкіметтік емес ұйымдарға, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт саласындағы сарапшыларға, азаматтарымызға, кәсіпкерлерге балалардың құқықтарын қорғау жұмысында көмектесіп жатқандары үшін үлкен алғысын білдіріп, алға қойған  мақсаттарының жүзеге асып, балалардың өмірін жақсартуда олардың құқықтарын қамтамасыз ету арқылы елімізді өркендете алатындарына сенім білдірді.

Жалпы, бала құқықтары жөніндегі және мемлекеттік органдар, ҮЕҰ, БАҚ өкілдері қатысқан іс-шараның мақсаты да облыс бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің жұмыс бағыттарын көрсету болатын.

Иә, әрбір отбасы үшін ең бастысы – балалардың амандығы. Әрбір мемлекет үшін басты байлық – халық, бала құқығы қаншалықты қорғалса, олардың дамуына, денсаулығы мен қауіпсіздігіне қаншалықты күш-жігер, мүмкіндік, мақсатты қаржы жұмсалса ғана еліміздің тұғыры биік болады. Сондықтан, проблемаларды айтып қана қоймай, оларды кезең-кезеңімен шешу міндеті тұр. Бұл әр салада нақты мамандарды қажет ететін үлкен жұмыс екені даусыз.

Балалардың әл-ауқатының маңызды көрсеткіштерінің бірі – олардың денсаулығы. Ол балалар жылының жоспарында «Дені сау бала» бағыты ретінде берілген.  Бұл тұрғыда сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Елена Иванова балалар денсаулығын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Сондай-ақ, денсаулығында мүмкіндігі шектеулі балалар мемлекеттің жіті назарында. Оларды әлеуметтендіру және оңалту үшін арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету стандарттары енгізілуде. Бұл жұмыс туралы Ақмола облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Алтын Акбарова баяндады. Балаларды әлеуметтік қолдауды мемлекеттік органдар ғана жүзеге асырмайды. Жұмыстың көп бөлігі үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық секторға тиесілі. Осындай жұмыстардың маңызды бағыттарының бірі – жетім балалардың мәселелерін шешу. Осы жұмыс аясында қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға қолдау көрсету орталықтары болып қайта құрылып жатқан балалар үйлерін ауқымды трансформациялау жүргізілуде. Балалар үйлеріндегі жетім балалар санының айтарлықтай азайғаны байқалады. Бұл жұмыстың нәтижесі туралы көп балалы ана, «Демеу сенім» қоғамдық қорының жетекшісі Құралай Жұмабекова мәлімдеді.

Қазіргі таңда ата-аналар қауымымен көп жұмыс атқарылуда. Мектептерде 348 отбасылық қарым-қатынас үйірмесі жұмыс істейді. Ата-ананың санасын ояту, психологиялық-педагогикалық білімі мен біліктілігін арттыру жолында балаларды тәрбиелеу туралы «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақмола облыстық филиалының жетекшісі Айгүл Нұрмағанбетова хабарлама жасады.

– Ерекше білім алуды қажет ететін балалардың құқықтары бұзылмауы керек. Облыста осындай 11395 бала бар. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау мақсатында облыста 28 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді. Олар, 4 ПМПК, 19 түзету кабинеті, 5 арнайы мектеп-интернат. Осы санаттағы балалармен жұмыс істеуден бөлек, биыл құны 63,3 миллион теңге болатын 6 инклюзивті қолдау кабинетін ашу жоспарлануда. 21 маусымнан бері мұндай кабинет Жақсы ауданындағы Жаңа Қима орта мектебінің базасында жұмыс істеп келеді. 1 қыркүйектен бастап бөлімшелер Біржан сал мен Жарқайың аудандарындағы балаларға көмек көрсетеді. Сондай-ақ, ерекше білім алуды қажет ететін 65 балаға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсететін Қосшы қаласындағы №20 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті жұмыс істей бастайды. Ал, 2023 жылға арналған «Инклюзивті білім беруді қолдау бойынша ресурстық кабинеттер желісін кеңейту» іс-шаралар жоспарына сәйкес инклюзивті білім беруді қолдауға 304,5 миллион теңгеге тағы 29 кабинет ашу жоспарлануда. Бұл бағытта азаматтық сектор тарапынан да ауқымды жұмыстар атқарылуда, – дейді «Спешал олимпикс» қоғамдық бірлестігінің басшысы Дәурен Шәріпов өз жұмысы туралы баяндаған хабарламасында.

Алқалы жиынға қатысушылар, балалар құқықтары жөніндегі уәкілге жемісті және үйлесімді жұмыс, сондай-ақ, балалар құқығын қорғау жобаларын жүзеге асыруда мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы өзара түсіністік тілей отырып, бірқатар сұрақтарына жауап алды.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 180 Total Views,  2 Views Today

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар